Абай — 175

Онлайн байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Өткен аптада қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Шын хакім — сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық әдеби онлайн байқауы қорытындыланды. Байқау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен қолға алынып, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілді.

Байқаудың мақсаты — қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбаевтың шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау, жас қаламгерлердің талантын шыңдау.

Республикалық әдеби онлайн байқауына қатысушылардың жұмыстарын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Назимат Демешова,  ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі  Нұрлыбек Қалауов, С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері Талғат Тілеулесов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Гүлімай Әбішқызы бағалады. Қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын бағалау кезінде олардың өлең мен эссе жазудағы қабілетіне, тіл тазалығына, тұшымды ойларына ерекше көңіл бөлді.

Жалпы, байқауға 25 өтінім қабылданып, оның 12-сі Ақтөбе қаласынан және аудандардан келіп түсті. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Теректі, Бәйтерек аудандарынан да қатысушылар өз өтінімдерін жолдады. Барлық өтінімдер мен шығармашылық жұмыстар қазылар алқасының жабық түрде өткен отырысында қаралып, жеңімпаздар анықталды. Негізінен, байқауға Абай Құнанбайұлының шығармашылығын сүйіп оқитын жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатысты.

Байқауға қатысушылар іріктеліп, үш номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Абай менің жүрегімде» атты Абай Құнанбайұлы туралы ең үздік шығарма, яғни өз шығармашылығынан жазған туындылар, «Туған өлке» тақырыбындағы ең үздік шығарма және «Туған ауыл» тақырыбындағы ең үздік поэтикалық шығарма.

Қорытындыласақ, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені (теледидар) Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Ұлжан Айжарыққызы жеңіп алды.

I орынды (смартфон) Ақтөбе көпсалалы «Тарлан» колледжінің оқушысы Анар Өтегенова, II орынды (цифрлы фотоаппарат) Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Подстепное орта мектебінің оқушысы Нұрдана Темір, III орынды (планшет) Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің оқушысы Аяулым Құдайберген иеленді.

Байқаудың жеңімпаздары арнайы дипломмен, ал қалған қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.

 Ақмарал  МҰҚАШЕВА,

С.Бәйішев атындағы облыстық

ғылыми-әмбебап  кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button