Абай — 175

Малайзияда Абай орталығы ашылды

Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Ұлттық кітапханада Абай атындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды.

Іс-шара аясында Малайзиядағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің бастамасымен алғаш рет малай тіліне аударылған Абайдың «Қарасөздер» кітабының тұсауы кесілді. Орталыққа Абайдың қазақ тіліндегі өзге де кітаптары мен шығармалары, сондай-ақ домбыра сыйға тартылды.

Абай атындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығының ашылу рәсімінде Малайзия Ұлттық кітапханасының бас директоры М.Исмаил және ҚР Малайзиядағы Елшісі Б.Иманбаев орталықтың алдағы уақытта екі жақты ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени байланысты дамытудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Айта кету керек, екі елдегі шектеу шаралары аяқталғаннан кейін Абай орталығы базасында тұрақты түрде түрлі бірлескен көрмелер мен мәдени іс-шаралар өткізілмек.

ҚОС ОЙШЫЛҒА ҚҰРМЕТ

Түркістан қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай  ескерткіштер орнатылды.

Абай Құнанбайұлының тас мүсіні шаһардағы «Оқушылар сарайы» ғимаратының алдына қойылған. Ал әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші жаңа облыстық драма театры алдында бой көтерді.

Демеушілер есебінен салынған екі ескерткіштің авторы – мүсінші Гүлфия Мелдеш. Қос ойшылдың мүсіндері монументалды стильде жасалған. Қоладан құйылған қос ескерткіштің биіктігі — 4 метр, салмағы — 1,5 тонна. 3,5 метрлік тұғырға орнатылған. Ескерткіштердің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бұл ескерткіштер ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына тағзым ету мақсатында атқарылып жатқан игі істердің бірі екенін атап өтті.

Керамикалық мозаикадан Абайдың алып портреті құрастырылды

Петропавлдағы Абай және Әуезов көшелерінің қиылысында, көп қабатты үйдің қабырғасында керамикалық мозаикадан алғаш рет Абайдың алып портреті құрастырылды.

Панноның аумағы шамамен 150 шаршы метр. Жоба авторы — ҚР Суретшілер одағының мүшесі Болат Әсербеков.

— Керамикалық қыш тақташалардың әрқайсысына сурет салып, оны өңдедік. Керамикалық плитканың әрқайсысын 830 градус температурада қыздыру керек. Одан 10-15 градусқа асырып жіберсең немесе жеткізбесең, сапасы бүлінеді. Көп уақыт осы қыш тақташаларды әзірлеуге жұмсалды.

Негізі елімізде Айша бибі мазарында, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде, тағы да басқа көптеген тарихи ескерткіштерде қыш тақташалар қолданылған. Олар әлі күнге дейін өңін бермей тұр. Біз бұған дейін мұндай үлкен көлемде қыш тақташалармен жұмыс істеген жоқпыз. Бұл — алғашқы жұмысымыз, — дейді Болат Әсербеков.

  Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button