Басты жаңалықтар

Еркебұлан елге шақырады

Байғанинде көпшілік қауымға тек кітап пен интернет арқылы ғана таныс көрікті жерлер баршылық. Бірақ ол орындарды өзге түгіл жергілікті тұрғындардың да көпшілігі көрмеген. Бұған дейін алыс-жақын бірнеше шетелде саяхаттап, еліміздің де бірқатар өңірлерін аралап жүрген Байғанин ауданының перзенті Еркебұлан Аймұратұлы бұл олқылықтың орнын толтырғысы келеді.

Мамандығы экономист Еркебұлан туған жерін туризм аймағына айналдыруды басты мақсат етіп отыр. Бұл бағытта нақты жұмыстарды бастап та кеткен.

Туған жер өзің дегенде…

Аудан аумағында Ақтолағай, Ақбота-Сәңкібай шоқысы, Дөңгелек сор, Күлдірдің тақыры, Аққұм секілді киелі жерлер баршылық. Сондай-ақ құмға, тұзға түсіп келем деушілер болса, ауданда ондай да байлықтар табылады. Табиғат туындыларынан бөлек, адам қолымен жасалған ескерткіштер және бар. Осындай киелі мекеннің топырағына аунап өскен Еркебұлан Аймұратұлы туған жеріне туристік тур ұйымдастырып, осы бір кереметтерді көпшілікке көрсетуді көптен бері ойға алып жүргенін айтады. Еркебұланның көптен бергі ойлап жүрген арманы биыл ақиқатқа айналыпты.

— Байғанин жерінде өскеніммен күні бүгінге дейін өзім де Ақтолағайға барып көрмеген екенмін. Ақтолағай үстірті туралы 2016 жылы ғана естідім. Содан бері іздестіріп-сұрастырып жүргенмін, сәті биыл түсті. Алдымен өзім барып көріп, тарихи-аңыз әңгімелерімен таныстым. Саяхаттағанды ұнатамын. Барлық турларды ұйымдастыратын өзіміз секілді жігіттер. Өзге елде бар тұмса табиғат біздің жерде де бар. Неге соны тиімді пайдаланбасқа деген ой келді. Сөйтсем, жылдар бойы біз жасқанып, бір ізге түсіре алмай жүрген экстрималды-экотуризмге қызығушылар біздің өлкеде де аз емес екен, — дейді Еркебұлан.

Ол әр турында өз саяхатшыларына тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінетіндей әсер қалдыруды көздейді.  Тур ұйымдастырушыларының өзіндік талаптары да жоқ емес. Олар туристерден алдымен тазалықты талап етеді.

— Тур уақыты белгіленген соң туристер бір-екі күннің ішінде жиналып, дайын болуы тиіс. Саяхаттаушыларға алдын ала біз ыңғайлы киім киіп шығулары керек екендігін ескертеміз. Сонымен қатар тазалықты талап етеміз. Осы жерде түсіндіріп кетейін, бізде кей азаматтар саяхаттау мәдениетінің аздығын көрсетеді. Бір ғана мысал, табиғат аясына тынығуға барғаннан кейін қоқыстарын қалдырып кететіндер бар. Ал олардан қалатын қалдықтардың  табиғатқа кері әсер ететіні белгілі. Тур барысында біз туристерден темекі тұқылын да қалдырмауды талап етеміз. Ақтолағай — ақ параққа ұқсас теңдесіз шатқал. Бұндай жерге адам аса көп бара бермейді. Ол жердің табиғатының ластануы өзімізге сын. Және оның орнын қайта толтыра алмаймыз, — дейді ол.

Сапар туралы қарапайым халық қалай және қайдан біледі?

Кезекті тур туралы ақпарат  ең алдымен Еркебұланның инстаграмдағы @еrkosh_04_region парақшасында жарияланады. Діттеген жерге уақытында жету үшін саяхатшылар бір күн бұрын түнде жолға шығады. Ақтөбенің қарбаласынан алыстаған соң сәл аялдап, аспан әлемін тамашалайды. Үнемі аспанын түтін басқан, жасанды жарықтың арасында өмір сүретіндер үшін бұл да бір ерекшелік. Одан кейінгі аялдама Қарауылкелді ауылындағы — мөлдір бұлақ. Тұрғындар қадіріне жете алмай, тазалауының өзін мұңға айналдырған бұлақ басынан шөлін қандырып, ата-анасына бір бөтелке су алу үшін сонша жер жүріп келетіндер де бар екен. Таза ауада тыныстап, шөлін басқан соң жолаушылар  Ебейтіге қарай беттейді. Сол жерден Алатау, Құлшардың шоқысы, әрі қарай Ақтолағайға жетеді.

Сонымен, біз бағанадан бері айтып отырған Ақтолағай деген не болды?

Халықаралық маңызы бар оңтүстік Ақтолағай үстірті — геологиялық және геоморфорлогиялық объект. Республикалық  табиғи қорықтар қоры қатарына енген Ақтолағайдың сұлулығы барлық зерттеушілерді таңғалдырған. Тіпті бұл жерге АҚШ-тан, Германиядан  мамандар арнайы келіп, зерттеу жүргізген. Ол туралы түрлі аңыз бар. Облыстық «Ақтөбе» газетінің 2011 жылы шыққан бір санында Ақтолағай туралы келесідей аңыз айтылады: «Атырау және Ақтөбе облыстарының шекарасында орналасқан борлы үстірт бір кездері теңіздің түбі болған. Сондықтан да дәл осы жерлерде тасқа айналған ұлулардың, коралдардың, теңіз кірпілерінің және басқа ондаған миллион жыл бұрын тіршілік еткен теңіз фаунасы өкілдерінің көптеген қалдықтарын табуға болады. Ежелгі акулалардың, ихтиозаврлар мен динозаврлардың сүйектері мен тістері, бүгінгі күні табиғатқа беймәлім өсімдіктердің қалдықтары, тасқа айналған ағаштар — бұл сан алуан түрлерді тізбектеп өту мүмкін емес. Бұл бір уақытта осы жерде қайнаған тіршіліктің болғандығын аңғартады. Ал қазір Ақтолағай даласы — адам аяғы сирек басатын мекен. Шөлді және сортаң топырақты ұшыра соққан жел мен күннен қорғайтын көлеңкелі орын табуға болатын таңданарлық тұрпаттағы аққарлы жартастар — қызықты оқиға іздеушілерге таптырмайтын орын.

Әр таудың өзіне тән атаулары бар. Мәселен, арасындағы ең биігі — Құлшардың шоқысы. Тауға шығатын бір ғана жол бар. Жан-жағы тік жар болып келген таудың төбесінен қарағанда, айналадағы көрініс тіпті керемет. Таудың екінші біреуін халық Алатау деп атап кеткен. Енді бірінің пішіні үлкен, қатпарлы тортқа ұқсаса, екіншісі түйеге, үшіншісі Хеопс пирамидасы секілді».

— Бұл жерден әлі күнге дейін тасқа айналған теңіз ұлуларын, кірпілер мен коралдарды кездестіре аласыз. Шетелдік туристердің қызығушылығын арттырған да осы талай жылдық тарихы бар тасқа айналған жан-жануарлардың сүйектері. Аталған аймақтың қазіргі флорасы мен фаунасы да кедей емес. Емдік шөптің түр-түрі осында өседі деседі. Саяхаттаушыларға қасқырдың апаны да көрсетіледі, — дейді Еркебұлан Аймұратұлы.

Биыл жұмысын пилоттық режимде бастап жатқан Еркебұлан алдағы уақытта тек Байғанин өңіріне ғана емес, Ақтөбенің өзге де аудандарының көрікті жерлеріне тур ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Аудан орталығынан шалғай жатқан жерде түрлі жағдай болуы әбден мүмкін, сондықтан туристік бағыттарды ұйымдастырушы Еркебұлан тур кезінде барлық талаптарды барынша сақтауға шақырады. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар құрамына дәрігерлер мен табиғаттағы кереметті камераға сыйдыратын фотографтарды бірге алып шығуды көздеп отыр.

АҚТОЛАҒАЙҒА БАРА ҚАЛСАҢЫЗ…

Еркебұланнан кеңес:

  • Суды көбірек алып шығыңыз. Өйткені ең жақын деген су көзінің өзі Ақтолағайдан 50-60 шақырым жерде.
  • Көліктің астын қайта-қайта қураған шөптен тазартып, температурасын бақылап отыру керек.
  • Бұл аймақтың улы жәндіктердің көп шоғырланған жер екенін ұмытпаған жөн. Біз жылан, сарышаян, бүйе, қарақұрт секілді жәндіктердің түр-түрімен кездестік.

Сөзбен жеткізу мүмкін емес, көзбен көру керек!

Қыр басына шықпаған ауыл баласы жоқ шығар. Бірақ Ақтолағайға гидсіз саяхаттау сәл қауіптірек. Мұнда жол нұсқаушы маман сіздерді бір ізбен жүргізуге тырысады. Себебі ол жерде улы жәндіктер, жыландар болуы әбден мүмкін. Оның үстіне аяғыңызды қалт басып, құздан төмен құлап кетуіңіз де ғажап емес.

Еркебұланмен әңгімеден соң, саяхат десе ішкен асын жерге қоятын жуырда ғана Ақтолағайды көзімен көріп келген блогер Дина Бөкенбаевамен хабарластық. Таудан керемет күш-қуат алған ол өз әсерін ықыласпен бөлісті.

— Қазақ «Білгенім — бір тоғыз, білмейтінім — тоқсан тоғыз» демей ме?! Сол секілді, менің де көргенімнен, көрмеген жерлерім көп. Анау айтқандай, өзімді нөмірі бірінші саяхатшы деп айтсам, қате болар. Бірақ қолымнан келгенше бос уақытымда саяхаттағанды ұнатамын. Саяхаттаған кезде өзіме қоятын талаптарым мен ұстанымдарым бар. Мен әуелі бір елді толық зерттеп алмай жатып, келесі мемлекетке барғым келмейді. Мәселен, Египетте бірнеше рет болдым. Әр барғанымда әртүрлі қалаларына баруға тырысамын. Бірақ Египет мен үшін әлі де «ашық кітап» күйінде қалып отыр. Сондай-ақ Түркияның Стамбұл мен Каппадокия қалаларында болып, тарихымен таныстым. Ресейдің де бірнеше шаһарында болдым. Әлі де көріп, танысатын жерлері баршылық, — деген Дина кез келген адам алдымен өзі туған өлкенің көрікті жерлерімен танысып шығуы жөн деп біледі.

— Ел аралап, жер көрген жақсы. Бірақ адам алдымен өзі туған өлкенің тарихын танып, көрікті жерлерін көзімен көруі тиіс деп білемін. Мәселен, біздің Ақтөбе облысының өзінде қаншама тарих пен аңызға толы киелі орындар бар. Осы жерлерді халыққа кеңінен насихаттау мақсатында облыстық кәсіпкерлік басқармасы биыл арнайы тур ұйымдастырған болатын. Дәл сол топ Байғанин ауданындағы Ақтолағай үстіртіне баратын тұста біз отбасымызбен Бурабайға демалуға кетіп қалдық. Билетті алдын ала алып қойған едік. Бірнеше жылдан бері барғым келіп жүрген Ақтолағайға бара алмай қалғанымда іштей өкінгенім рас. Өздігімнен бара алмаймын. Енді не істеймін деп отырғанымда құрбым Еркебұлан есімді жігіттің тап осы Ақтолағайға тур ұйымдастырып жүргенін айтты. «Көктен сұрағаның жерден табылды» деген осы шығар! Қуанышымда шек болмады, — дейді блогер. Бұл оның Ақтолағайға арнайы тур бар екенін естігендегі қуанышы. Ал Ақтолағайды өз көзімен көргендегі сезімі бөлек әңгіме.

— Ондағы кереметті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Көзбен көру керек, — дейді ол.

— Әдетте, замандастарыңмен тілдесе қалсаң, «біздің елде туризм саласы дамымаған, жолдар нашар» деген әңгіме естисің. Бірақ Ақтолағай, Аққұм секілді кереметті күнде көрсең немесе оп-оңай бара қалсаң, еш қадірі болмайтын секілді. Олар, меніңше, сол жолының қиындығымен, алыстығымен құнды. Ал елдің аяғы оңай жететін, жолдары сайрап жатқан жерлердегі адам қалдырған қалдық пен қоқысты көргенде іштей жаның ашиды, — деп қорытты сөзін Дина Бөкенбаева.

Р.S. Еркебұланның жаңа бастамасы қарбалас тірліктен қажып, дархан даланың кеңдігі мен табиғат тыныштығын сезінгісі келетін қазақ баласы үшін таптырмас мүмкіндік. Қысқаша айтқанда, аңызға айналған тарихты көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігі жақындай түсті. Алысты жақындатудың жолын тапқан жас досымызға біз де сәттілік тіледік!

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button