Абай — 175

Нұрәділ — жеңімпаз

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесіп, байқау өткізді.

25 қыркүйек-23 қазан аралығында өткен байқауға облыс көлемінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан 29 мемлекеттік қызметші қатысты. Олар байқаудың шартына сәйкес Абайдың шығармаларын әртүрлі жанрда орындады. Байқаудың қатысушылары екі кезең бойынша бағаланды: онлайн дауыс беру және сарапшылар бағасы.

Байқау барысында онлайн дауыс беру кезеңінде қатысушылардың жұмыстары 2000-ға жуық лүпіл (лайк) және 3000-нан астам қаралым жинады. Ал екінші кезеңде қатысушылардың жұмыстарын комиссия мүшелері қашықтан бағалап отырды. Атап айтсақ, байқау сарапшыларының қатарында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, мәдениет саласындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Қалауов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры режиссері, халықаралық, республикалық фестивальдердің лауреаты Мейрам Хабибуллин бар.

Байқау қорытындысы бойынша І орынды Абайдың қарасөздерінен үзінді оқып, «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындаған Байғанин аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрәділ Қолдасбаев жеңіп алды. Ал ІІ орынды «Сегіз аяқ» әнін домбырамен орындаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы Мақсат Әбекенов иеленсе, ІІІ орын Абайдың «Білімдіден шыққан сөз» әнін орындаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Мәлика Мырзаға бұйырды. Сондай-ақ байқауда белсенділік танытқан қатысушыларға дипломдар мен Алғыс хаттар, бағалы сыйлықтар табысталды. қатысушылардың өнерін департаменттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көруге болады.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button