Басты жаңалықтарЭкономика

Жылу-электр орталығы: 6,4 миллиард теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дәрібаевтың қатысуымен Ақтөбе қаласында табиғи монополияларды реттеу нысандары ішінде жылу энергиясын өндіру саласындағы «Ақтөбе жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамында баспасөз туры өтті. Сондай-ақ шараға аталған комитеттің аймақтық бөлімшесі мен Ақтөбе жылу-электр орталығының басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

2017-2022 жылдарға арналған «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметінің инвестициялық бағдарламасы шеңберінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті бекіткен инвестициялық бағдарламалардың  жалпы сомасы — 6,4 миллиард теңге. Биыл аталған кәсіпорында инвестбағдарламаны орындауға 1,5 миллиард теңге бекітілген. Баспасөз туры кезінде кәсіпорын басшылығы осы бағытта атқарылып жатқан шаруалардың жай-күйімен таныстырды.  Комитет төрағасына және баспасөз турына қатысушыларға таныстырылған алғашқы нысан — телемеханика және компьютер құралдары арқылы жылу-электр жабдықтары жүйесі барлық элементтер жұмысын бақылап, орталықтандырылған автоматты басқаруды жүзеге асыратын басқару қалқаны.

Мұндағы қуаты 57 МВт кәделеуші қазандық пен газтурбиналық қондырғыны салу жобасын аяқтау мерзімі — 2022 жыл. Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы кәсіпорын

электр қуатын 57 МВт-қа көбейту, жыл бойы негізгі режимде қолдану, ескірген қазандық жабдықтарын істен шығарып, тиімді бу-газ цикліне көшу арқылы жылу-электр орталығы үнемділігін әрі  электр қуаты мен жылуды өндірудің сенімділігін арттырып, кәсіпорынның экологиялық мінездемесін жақсартуға, жаңа қондырғыда технологиялық процесті басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу мен прогрессивті технологияның арқасында  қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алады. Орталық мамандарының айтуынша, кәдеге жарату қазандығын іске қосқаннан кейін 1943 жылы енгізілген орташа қысымды қазандық агрегаттарын кезең-кезеңмен ауыстыру жоспарлануда.

Шараға қатысушылар станцияның өз қажеттіліктері үшін кернеуі 3,15 кВ-тан 6,3 кВ-тық кернеуге ауыстыру жобасымен де танысты. Бұл жобаны жүзеге асырудағы мақсат — моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген жабдықтарды ауыстыру, өз қажеттіліктеріне электр энергиясының ысырабын азайту, электр қозғалтқыштарының қуатын өз мұқтаждықтарының механизмдеріне сәйкес келтіру. Сонымен қатар майлы ажыратқыштарды вакуумға, майлы трансформаторларды құрғаққа ауыстыру арқылы экологиялық шығарындыларды азайту.

Бұл — ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық іс-шараларын іске асыру үшін жиналатын қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тұтынушыға жеткізу. Қыркүйек-қазан айларында республика бойынша жүзден астам баспасөз туры жоспарланған. Осылайша  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы субъектілерінің жұмысын жариялайтын боламыз.  Заңнамада субъектілердің шығындарын талдау арқылы олардың қызметін қатаң және нақты бақылап, талдайтынымыз қарастырылған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 240-тан астам субъектіге талдау жүргізілді. Бүгінгі күні  алдын ала қорытынды жасайтын болсақ, 12,5 миллиард теңге шегінде міндеттемелердің орындалмағанын көрсетеді, яғни  бұл қаражат өтемдік тариф арқылы тұтынушыға қайтарылуға жатады.

Бұл орайда мен  жылумен жабдықтау қызметі шеңберінде тұтынушыға қаражатты қайтару бойынша жұмыс жүргізілгенін атап өткім келеді. Әрбір жылыту маусымы аяқталғаннан кейін талданады, көрсетілген нақты температура деңгейі анықталады. Егер Ақтөбе облысы бойынша жеке айтатын болсақ, қайтару шамамен 50 миллион теңгені, ал республика бойынша 737 миллион теңгені құрайды. Қазір біз Ақтөбедегі жылу-электр орталығындағы инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысып тұрмыз. Ақтөбе облысында осындай 45 субъект жұмыс жасайды, олардың өздеріне алған міндеттемелерді орындауына талдау жасалған. Соның 17.00-сінде мұндай жұмыстардың орындалмағаны анықталды. Осыған байланысты тұтынушыларға барлығы 227 миллион теңге өтемақы төлеуге тиесілі, — деді комитет төрағасы Асан Дәрібаев.

Оның айтуынша, «Ақтөбе жылу-электр орталығы» кәсіпорнының  инвестициялық бағдарламасын орындау жұмыстары 2017 жылдан бастап 2022 жылға дейін, яғни  бес жылға есептелген. Жалпы сомасы — 6,4 миллиард теңге. 2019 жылдың қорытындысы бойынша аталған кәсіпорында бұл міндеттемелер орындалған.

Сондай-ақ баспасөз турына қатысушылар кәсіпорында «Өнімділігі сағатына 120 текше метр ультрафильтрация қондырғысын орнату» жобасымен де танысты. Бұл жобаның мақсаты — қондырғыны монтаждау арқылы жиынтық өнімділікті сағатына 120 текше метрге жеткізіп, ультрафильтрация цехының тиімділігін арттыру және өнеркәсіптік ағындардың су тұтынуы мен төгінділерін азайтады. Сонымен қатар баспасөз турына қатысушыларға кәсіпорында  бұдан өзге де инвестициялық бағдарламалардың орындалу барысы таныстырылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button