Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбе «А» форматындағы сауда желілерін дамытуда жетекші орынға ие

Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша инфляция — 104,6 пайыз (ҚР — 104,9 пайыз) деңгейінде қалыптасып, облыс республика бойынша екінші  орында тіркелді.  Оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша 107 пайыз (ҚР — 107,4 пайыз) немесе республика бойынша бірінші орыннан көрінді. Ал азық-түлік емес тауарлар бойынша 103,9 пайызды,  ақылы қызметтер  бойынша 102 пайызды құрады.

Статистикалық мәліметтерде ағымдағы жылдың 13 қазанындағы баға мониторингіне сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің 14 позициясы бойынша баға республикалық орташа бағадан төмен, оның 8 позициясы республика бойынша ең төменгі бағаны көрсетеді.  Олар — бидай ұны, күріш, тауық еті, сиыр еті, сары май, картоп, басты пияз және тұз. Қалған позиция бойынша бағалар республикалық орташа бағадан жоғары. Олар — қант, жұмыртқа, қарақұмық жармасы, сүт (пастерленген) және майлылығы 2,5 пайыз айран.

Қант бағасы көтеріле ме?

Бүгінде Ақтөбе қаласының сауда желілерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме және бөлшек сауда бағаларын тұрақтандыру әрі бағаның өсуін тежеу бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Ақтөбе қалалық  кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асланбек Еңсепбаевтың айтуынша, облыс тұрғындары үшін қант Тараз қаласынан, сондай-ақ көршілес Ресей Федерациясынан сатып алынады.

Жалпы, қаланың сауда желілері қантты Ресейдің «Step sweet» зауытынан келісін 225 теңгеден көтерме бағамен сатып алады. Қазіргі күні қаламыздағы «Анвар» және «Дина» сауда желілерінде қанттың келісі 236 теңгеден сатылып жатыр. Дегенмен айта кету керек, қант өндіретін ресейлік зауыт алдағы уақытта өнімнің сатып алу бағасын өсіретіндігі туралы ақпарат бар. Яғни, бір келі қантты  255 теңгеге дейін көтеруі мүмкін. Ал   Тараз қант зауыты өкілдері қазіргі таңда қанттың сатылымда жоқтығын және келесі өндірілетін тауардың сату бағасы әзірге белгісіз екенін айтып отыр, — деді А.Еңсепбаев.

Жұмыртқа мен қарақұмық неге қымбат?

Қазір сауда нүктелерінде жоғары бағада сатылып жатқан 1 санаттағы жұмыртқаны ақтөбелік «ADM Investment» ЖШС өндіреді. Өнім жеке сауда нүктелері мен аудандарға да жіберіледі. Асланбек Еңсепбаевтың айтуынша, өнім өндірушілерді мазалайтын мәселе — «Дина» және «Анвар» сауда желілеріне жеткізілген жұмыртқаның басым бөлігі  жарылған күйінде немесе тауардың сақталу мерзімінің өтіп кетуіне байланысты кейін қайтарылатын көрінеді. Бұл —  коммерциялық ұйым үшін күллі шығын. Аймақта жұмыртқа бағасының өсуіне тағы бір себеп —  құс шаруашылығымен айналысатындар үшін  жем мен дәруменнің қымбаттауы. Сол сияқты кәсіпорын үшін коммуналдық шығындарды өтеу де өндірілетін өнімнің бағасын көтеруге мәжбүрлейді. Соған байланысты қазір қаладағы ірі сауда желілерінде тауық жұмыртқасының бағасы 336 теңгеден (ондық) сатылып жатыр.

Ал Ресейден тасымалданатын қарақұмық жармасының орташа бағасы қаладағы дүкен сөрелерінде келісі  340 теңгеден сатылуда. Алайда ақтөбеліктер арзан бағада қарақұмық іздесе, Орталық базарға баруына болады. Өйткені мамандар мұнда аталған өнімнің ең төмен бағада, яғни келісі 325 теңгеден сатылатынын айқындапты.

Бұрын қарақұмық жармасы «Зерноград» және «Вертекс Восток» сияқты отандық өндірушілерден сатып алынатын. Дегенмен қазір «Зерноград» серіктестігінде өлшемдеп сататын қарақұмық жармасының  жоқ екенін білдік. Ал  «Вертекс Восток» кәсіпорнында қарақұмық жармасы мүлдем сатылмайды. Себебі аталған кәсіпорын қоймаларды жөндеуге байланысты белгісіз мерзімге жапқан, — деді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асланбек Еңсепбаев.

Күнбағыс майының бағасы күн сайын өседі

Статиска департаментінің ақпаратына сүйенсек, қазір өңірде сүттің литрі  246 теңгеден, бір литр айран  277 теңгеден сатылады. Облыс орталығындағы сауда желілерінде сүттің литрі 210-245 теңге аралығында, ал бір литр айран  265-268 теңге мөлшерінде саудаланады. Мамандардың айтуынша, соңғы екі жылда «Айс» кәсіпорны бұл өнімдерге сату бағасын өсірмеген.

— Күнбағыс майы бағасының күн сайын өсуі байқалуда. Оның ішінде жергілікті тауар өндіруші — «Ақтөбе Фудс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіретін өнімнің бағасы өсіп отыр. Бұл мәселеге байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне хат жолданды, — деді А.Еңсепбаев.

Ақтөбе қаласындағы ірі сауда желілеріндегі күнбағыс майының бағасы

 

  «Анвар» «Дина» Сату бағасы (ҚҚС-мен)
Бөлшек баға % үстеме Бөлшек баға % үстеме
«Шедевр» 546 5 572 10 520
«Лето» 436 5 436 5 413

(0,875 л)

«Хозяюшка» 381 бұрын әкелінген   509 23

Фьючерлік шарт және қорды қалыптастырудың екі механизмі

«Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік тұрақтандыру қорының операторы саналады. Бүгінде тұрақтандыру қорын қалыптастырудың 2 механизмі қолданылады. Оның бірі — азық-түлік тауарларын маусымдық сатып алу, екіншісі — кәсіпкерлік субъектілерін жеңіл шарттармен несиелендіру. Мамандардың айтуынша, тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін бірінші механизм қолданылады.

Қорға көкөніс өнімдерін жеткізуші негізгі компания —  «СХФ Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.  Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында биыл  тағы екі көкөніс өсіруші қожалық — «Болат ЛТД» және «Еламан-2014» серіктестіктерімен  фьючерлік келісімшарт жасалды. Өнімнің ақысы аванс ретінде алдын ала төленді. Бұл әдіс екі жаққа да тиімді. Тауар өндірушілер сол қаражатқа көктемгі егіс жұмыстарын жүргізеді. Ал күзде өсірген көкөністі өткізуде еш алаңдамайды. Бұл орайда  корпорация тұрақтандыру қорын жергілікті көкөніспен толтырады. 2020-2021 жылғы маусымаралық кезеңге 100 пайыз алдын ала төлеммен, яғни 208,3 миллион теңгенің фьючерлік келісімшарты жасалды. Нақтырақ айтсақ, үш шаруа қожалығы тұрақтандыру қорына 2338 тонна — картоп, 535 тонна — пияз, 419 тонна — сәбіз және 319 тонна қырыққабат жеткізеді. Бұл көкөністер қыс айларында  «Табыс» коммуналдық және шағын базарлар мен әлеуметтік дүкендерде сатылатын болады, — деді корпорация өкілдері.

Жаңа жоба: «Алаңнан сөреге дейін»

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, аймақта азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — облыс орталығында «Лучшее решение» серіктестігі  жалпы алаңы 12 мың шаршы метр болатын көтерме-тарату орталығының құрылысын жүргізіп жатыр. Аталған орталық биыл қараша айында пайдалануға берілмек.

Облыс «А» форматындағы сауда желілерін («Анвар», «Дина») дамыту бойынша жетекші орынға ие. Осындай сауда желілерінің есебінен әлеуметтік маңыздағы азық-түліктердің сауда үстемесін 5 пайыздан аспайтын мөлшерде қолдану мүмкіндігі бар. Сондай-ақ 712 кәсіпорында 500-ден астам меморандум негізінде жұмыс жүргізіледі, — деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов.

Аймақта азық-түлік бағасын тұрақтандыру негізінде қолға алынған шаралардың бірі  — «Алаңнан сөреге дейін» жобасы. Аталған жоба  аясында Ақтөбе қаласында «Табыс Агро» сауда павильонының 6 нүктесі ашылған. Бұл орайда Мәртөк, Қобда, Қарғалы және Хромтау аудандарының тауар өндірушілері мұнда өз өнімдерін төмен бағада тікелей сатуға мүмкіндік алған. Сонымен қатар облыстың шаруа қожалықтары өнімді тікелей жеткізу үшін аймақта «Халық сауда» шағын көтерме орталығының 13 нүктесі ашылған. Бұдан өзге  апта сайын Ақтөбе қаласында және аудандарда  ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, азық-түлік нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен сатылып жүр.

Әлеуметтік сөрелер ашыла ма?

Аймақта, әсіресе облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар тауарларға  мониторинг жүргізу барысында қала базарларындағы сатушылардың қолында  тауарларға ілеспе құжаттамалардың жоқтығы анықталған. Бұл — жүк құжаттары мен сертификаттар. Асланбек Еңсепов бұл бағытта «Алтай» және «Жилгородской» базарлары әкімшіліктеріне жұмысты күшейту бойынша ұсыныс берілгенін айтады. Алайда бұл мәселелер базар басшылығы тарапынан  толық шешілмей тұр. Мұндай жағдайлар Орталық базардағы сатушыларда да жиі кездеседі.

Тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі штаб отырысында берілген хаттамалық тапсырмаға сәйкес қаланың барлық сауда объектілеріне әлеуметтік сөрелер ашу мүмкіндігін қарау туралы хат жолданған болатын. Бұл орайда  «Жилгородской» және Орталық базарлардың әкімшілігі сауда орындарының болмауына байланысты бұл ұсынысты орындай алмайтындықтарын айтты. Бүгінгі күні біз қалалық  әкімдік арқылы жасалған меморандумдардың шарттарына сәйкес күн сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргіземіз. Егер баға өзгерсе, талдау жасалады. Бөлшек сауда желілеріндегі бағаны талдауды салыстыратын болсақ, онда сауда үстемесінің пайыздық төмендеуін атап өтуге болады. Өткен жылмен салыстырғанда, картоп және көкөніске бөлшек сауда бағасының төмен болуының себебі — қала әкімдігінің күнделікті баға мониторингі мен тұрақты бақылауы негізінде қолға алынған шаралардың нәтижесі, — деді Асланбек Енсепов.

P.S. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыс тұрғындарын бағасы қолжетімді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне кіретін тауарлармен қамтамасыз ету мақсатында «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығы жобасын қолға алғаны белгілі. Бұл тауар өндіруші мен халық арасындағы алыпсатарлардың, делдалдардың санын азайту арқылы бағаны төмен ұстауға мүмкіндік береді. Жақында аталған шағын көтерме сауда орталығының дүкендер желісі корпорацияның қолдауымен Байғанин ауданында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде 20 тонна картоп, 3 тонна сәбіз, 2 тонна пияз және қырыққабат, сонымен қатар ұн, қарақұмық, қант, күріш, күнбағыс  майы, макарон және шұжықтың бірнеше түрі ұсынылған. «HALYQ SAÝDA» дүкендер желісінің директоры Оғылан Кенетаевтың айтуынша, алдағы уақытта өзге аудандарда да осындай жәрмеңкелерді ұйымдастыру жоспарда бар.

Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button