Абай — 175

Абайдың 149 өлеңін жатқа біледі

Мәртөк ауданы Кеңсахара орта мектебінің 9-сынып оқушысы Әйгерім Көмекова

ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 149 өлеңін, 19 аудармасын, 2 поэмасын жатқа біледі. Дарынды оқушы жуырда республикалық «Абай оқулары» байқауында жүлделі 2-орынды иеленді.

Әйгерім Абайдың өлеңдерін 5-сыныптан бастап жаттай бастаған. Кішкентайынан өлең оқуға, өз шығармашылығынан өлең жазуға құштар жас бүгінге дейін бірнеше рет облыстық, аудандық «Абай, Шәкәрім оқулары» байқауына қатысып, жеңімпаз атанған.

Биыл «Абай оқулары» байқауының республикалық кезеңі онлайн форматта Zoom платформасы арқылы өткізілді. Аталған байқауға «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы» бағыты бойынша ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқудан қатысқан 20 оқушының арасында Әйгерім өз білімі және қабілетімен көзге түсіп, жүлделі 2-орынды иеленген.

— Бұған дейін облыс, аудан көлемінде Абай шығармашылығына байланысты байқаулар мен іс-шараларға белсенді түрде қатысып келемін. Биыл «Абай оқуларының» облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алдым. Күні-түні дайындалып, ақын шығармаларын жаттадым. Міне, еңбегім бағаланып, республика бойынша 2-орынды иелендім. Қуанышымда шек жоқ. Мені тәрбиелеген, осындай жетістікке жетуіме қолдау көрсетіп, сенім білдірген ата-анама, пән мұғалімі, жетекшім Ұлдай Тапаеваға алғысым шексіз, — дейді дарынды қыз.

Мінезі салмақты, мақсатына жетпей қоймайтын Әйгерім биыл бұл байқаудан бөлек аудан көлемінде Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған бірқатар шараларға да қатысып, белсенділік танытқан.

Жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ұлдай Тапаеваның айтуынша, Кеңсахара орта мектебінде жоғары сынып оқушылары арасында Абайдың шығармаларын мәнерлеп жатқа оқитын оқушылар аз емес. Олардың ішінде ең үздігі — Әйгерім.

Әйгерім Көмекова — отбасында 5 баланың кенжесі. Ата-анасының ерке қызы болса да оқуда озат. Болашақта жоғары білім алып, ағылшын тілінің маманы болғысы келеді.

Айта кету керек, дарынды қыз Абай өлеңдерінен бөлек, Шәкәрім Құдайбердіұлының 60 өлеңін жатқа біледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button