Құқық

Дүкендер тексерілді

Өткен жұма күні облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті облыстық прокуратурамен бірге жасөспірімдердің алкоголь ішімдіктері мен темекі өнімдерін пайдалану фактілерін анықтау барысында қала дүкендерін аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Дүкендер мен сауда нүктелерінде кәмелеттік жасқа толмағандарға арақ-шарап және темекі өнімдері сатылмауы керек. Сонымен қатар әр дүкеннің маңдайшасында  «18 жасқа толмағандарға арақ-шарап және темекі өнімдерін сатуға тыйым салынады» деген уәкілетті орган бекіткен ескертуі тұруы тиіс. Алайда тексеру барысында мамандар көп дүкендерде бұл талаптың орындалмайтынын анықтады.

Ереже бойынша мектеп оқушыларына арақ, темекі өнімдері сатылмауы керек. Бірақ кейбір сатушылар бұл талапты  орындамайды. Тексеру жұмыстарының алғашқы күндерінде біз қаламыздағы №2, 6, 22, 31, 42, 45  және 52 орта мектептері маңында 100 метр жақындықта орналасқан дүкендер мен сауда нүктелерін араладық. Он дүкеннің екеуінде ғана жасөспірімдерге темекі сатуға тыйым салынатыны туралы ескерту қағазы ілінген.

Бұдан былай талапқа сай келмейтін дүкендер мен сауда нүктелеріне шара қолданылады. Біз тиісті органдарға хат жазамыз, олар заңға сәйкес шешім қабылдайды. Жалпы, алкоголь және темекі өнімдерін кәмелеттік жасқа толмағандарға сатқан жеке кәсіпкерлерге әкімшілік құқық бұзғаны үшін ҚР Кодексінің 113, 114-баптары бойынша айыппұл салынады, – дейді облыстық балалардың құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы Бағдат Орынбаева.

Одан кейінгі  тексеру жұмысы  теміржол вокзалы маңындағы дүкендерде жүргізілді. «Каспийдің толқындары» және «Шизбурген» деп аталатын азық-түлік сататын дүкендер арнайы тексерілді. Бұл дүкендерде де уәкілетті орган бекіткен ереже ілінбеген әрі оқушыларға темекі сатылатыны байқалды. Ал дүкен сатушылары құқық қорғау қызметкерлеріне жауап беруден қашты.

–  Қала дүкендерін тексеруді жиі ұйымдастырудағы басты мақсат – сатушыларға заңды түсіндіру және талапты дұрыс орындау қажеттігін ескерту. Бірақ сатушылар ережеге аса назар аудармайды. Бұл дұрыс емес. Әр тоқсан сайын тексеру жұмыстарын жүргізгенде, біз ереженің толық  орындалмай отырғанына куә боламыз. Мәселен, былтыр қаланың әр ауданынан 60 дүкен тексерілді. Оның 37-сінде оқушыларға темекі сатылса, 11 дүкен мектепке 100 метр жақындықта орналасқандығы анықталды, – дейді жетекші маман Айбек Көпенов.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button