Жаңалықтар

Пәтер алу үшін қанша ақша жинау керек?

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов банк арқылы үй алған тұрғындар  және БАҚ өкілдерімен кездесті.

Соңғы жылдары аталған банк арқылы пәтерге ие болған ақтөбеліктер көп. Нұрлан Сағындықұлының айтуынша, пәтер алып, жинақ ашу бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан кейін Ақтөбе қаласы тұр. Қазіргі таңда банктің облыстық филиалында  114 мыңнан астам салымшы бар. Нұрлан Ақшанов БАҚ өкілдері мен тұрғындарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ банктен есепшот ашып, 555  600 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы жинаған тұрғын, жыл соңында 111 мың теңге мемлекеттік сыйақыға ие болатынын айтты. Бұндай қаржы әр салымшының есепшотына түседі.  Кездесуде пәтер алған ақтөбеліктер өздерінің қалай ақша жинағанын, пәтерге қалай қол жеткізгендерін әңгімеледі. Банк өкілдеріне ризашылығын білдірді. Мәселен, Хромтау қаласының тұрғыны Ырысты Қоянбаеваның баспанаға ие болғанына бір апта болыпты.

— Үй алғаныма бір апта болды. Шынымды айтсам, бәрі аяқ астынан болды.  Тәуекелге бел буып Хромтаудағы үйді саттық. Түскен ақшаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жинақ сатып алдық.  Бір аптаның ішінде барлығы дайын болды. Айнұр есімді банк маманымен хабарласып, үйді қалай сатып алатынымызды сұрадық. Ол бізге бәрін түсіндірді. Өте жауапты, жылы жүзді қыз екен. Құжаттарымызды реттеп, барлығын тез ретке келтірді. Сөйтіп, 11-шағын ауданнан 8 миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер сатып алдық. Қазір балаларыммен сонда тұрып жатырмын. Өте қуаныштымын. Бес пайыз үстемеақымен алты жыл несие төлеймін, — деді Ырысты Қоянбаева.

Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Евгений Ведункин үш жыл қаржы жинап, банк арқылы пәтер сатып алғанына бір айға жуықтапты. 12-шағын ауданнан екі бөлмелі пәтерді төрт пайыз үстемеақымен алған. Қазір ол жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Банктің баспасөз хатшысы Мақсат Заитов «Шаңырақ» бағдарламасының шартын түсіндірді. Бұл пилотты жобаға  1986-2017 жылдар аралығында әкімдікте пәтер кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Өтінішті банктің сайты арқылы беруге болады. Сондай-ақ тұрғындардың көпшілігі пәтер алудың қиындығы көп деп ойлайды. Мәселен, төлем қабілетін тексермей-ақ банк тұрғындарға несие береді. Ол үшін үш шартты орындауы керек. Бірінші —  сатып алатын пәтер құнының елу пайызын жинау, екінші — қажетті қаржыны  үш жыл жинау, үшінші — ай сайынғы жинақты уақытында салып тұру. Осы талапты орындағандар ең төменгі 3,5-5 пайыз жеңілдікпен пәтерге қол жеткізе алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button