Рухани жаңғыру

Рухани құндылықтар — жарқын болашақ кепілі

Алдағы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қоғам құндылығы» арнайы жобасы жүзеге асырыла бастайды. Төрт бағытта іске асырылатын жобаның аясында халқымыздың салт-дәстүрлерін, отбасы құндылықтарын, ұлттық қолөнерді, сондай-ақ еңбек құндылықтарын кеңінен насихаттау көзделіп отыр.

Бұл жөнінде кеше облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі облыстық комиссияның отырысында айтылды. Жиынға комиссия мүшелерімен қатар, бірқатар облыстық басқармалар басшылары және бейнебайланыс арқылы аудандардың әкімдері қатысты.

Бағдарламаны іске асыру мақсатында биылғы жылы атқарылған жұмыстар туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов баяндады.

Бір ғана «Туған жер» арнайы жобасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Ойыл ауданында — 78, Мәртөк ауданында 48 жоба іске асқан. Ал облыс бойынша іске асырылған жобаның саны — 368, бұл істердің бәрі де жергілікті демеушілердің қолдауымен жасалған және жалпы есептегенде 946 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған.  Мұның ішінде Ақтөбе қаласында Есет батыр және Едіге би ескерткіштерінің ашылуы, Тәуке хан атындағы спорт алаңының ашылуы сынды жобалар бар.

Сонымен бірге облыс аумағындағы 97 тарихи және мәдени ескерткішке QR-код орнатылды.

Айбек Көпенов бағдарламаны іске асыруда ұраншылдық пен науқаншылдық басым екендігін сынға алды:

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен мақсатын әлі де толық түсінбей жүргендер бар. Бұл жерде науқаншылдыққа ұрынбай, түпкі нәтижені, оның   ұлттық сананы кемелдендіруге бағытталғанын есте ұстау керек, — деді ол.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өнер және тарихи-мәдени мұра бөлімінің басшысы Жанар Мақсотова өңіріміздегі тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу және қорғау бағытында жасалып жатқан, сонымен қатар жоспарланған жұмыстар жөнінде айтты. Жоспарланған істердің қатарында осы айдың соңында Ақтөбеде Абай ескерткіші ашылмақ.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет өзінің сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстардың кеңінен насихатталуы тиіс екенін атап өтті.

— Бағдарламаны жүзеге асыру барысында биылғы жылға жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі орындалды. Соның ішінде бағдарламаның үлкен бір бағыты — «Туған жер» арнайы жобасы аясында жасалып жатқан жұмыстар кеңінен насихатталуы тиіс. Өйткені бұл жұмыстар туған жерді, яғни елімізді, өңірімізді көркейтуге бағытталып отыр, бұлар — азаматтарымыздың Отанға, тәуелсіз елімізге деген сүйіспеншілігін паш ететін істер. Сондықтан бұл жұмыстар көпшілікке, әсіресе жас ұрпаққа үлгі етілуі керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиын соңында «Жаңғырған сана — жаңа серпін» атты жинақтың тұсаукесері өтті. Жинаққа қоғам қайраткерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы, сондай-ақ оны іске асыруға қатысты ой-пікірлері, т.б. материалдар енген.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button