Пікір

Серпіліс санадан басталады

Айбек Ертеміров,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған биылғы Жолдауында бүгінгі күні еліміздің, халқымыздың алдында тұрған көптеген міндеттер, өзекті мәселелер қамтылған.

Соның ішінде қоғамда еңбек құндылықтарына деген көзқарасты өзгерту, кез келген еңбекті бағалау, абыройлы санау, еңбекті әр азаматтың, әсіресе, жастардың санасына ұлы ұғым ретінде сіңіру мәселесі өте орынды көтерілген. Бұрынғы ата-бабаларымыздың еңбек құндылықтарына деген айрықша көзқарасына біздің музейдегі көне мұралар, өткен ғасырларлардан жеткен жәдігерлер куә бола алады. Музей қорындағы көне ұсталардың, ағаш шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар, апа-әжелерімізден қалған қолөнер туындылары, күнделікті тұрмыста кең қолданылған еңбек құралдары — Ұлы даладағы әр күннің тынымсыз еңбекпен өткендігіне дәлел. Бергі кеңестік дәуірде еңбекпен абырой биігіне жеткен көптеген тұлғалар туралы деректер, олардың тұтынған заттары да музей қорында сақтаулы тұр.

Адам өз маңдай теріне, адал еңбегіне сүйеніп өмір сүруді мақсат етпеген жерде ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүруге құмарлық, боссөзділік пен даңғазалық өршиді. Президент Жолдауында: «Ысырапшылдық пен даңғазалық қо­ғам­ның да, адамның да абыройын тө­геді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бү­кіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөз­ді­лік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғам­ның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шын­ның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр», — деп орынды атап көрсетілген.

Қашанда серпіліс санадан бастау алады. Сондықтан ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыруға, қоғамның жат әдеттерден біртіндеп арылуына атсалысу — елдің, жастардың болашағына алаңдайтын әр азаматтың парызы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button