Жаңалықтар

Тұтынушылар бұрышы ашылды

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарында тұтынушылар бұрышы ашылды.  

«Табыс» базарының әкімшісі Манас Көшербаевтың айтуынша, алдағы уақытта тұтынушылардың тауардың бағасы мен сапасына, сатушылардың қызметіне көңілі толмаса, құқығы бұзылса, базар әкімшілігіне немесе облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласып шағымдана алады.

Аталған тұтынушылар бұрышына арыз-шағым кітапшасы, тұтынушылар құқығы туралы ақпараттар және арыз-шағым телефондары жазылған буклеттер орналастырылған.

— Биыл Ақтөбе қаласында алғаш рет «Энергия» сауда үйінде тұтынушылар бұрышы ашылған болатын. Қазіргі таңда мұндай бұрыш қаламызда «Табыс» базарынан бөлек «Гелиос» жанар-жағармай құю станцияларында да ашылып жатыр. Тұтынушылар осы бұрыштар арқылы тауар және қызмет сапасына көңілі толмаған жағдайда біздің департаментке шағымдана алады.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері облыс бойынша тұтынушылардан біздің департаментке 367 арыз келіп түсті, — дейді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмамұрат Алдашев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының биылғы тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізу туралы жарлығына сәйкес, кез келген сауда үйінде тұтынушылар бұрышы немесе ақпараттық стенд болуы міндетті. Егер болмаған жағдайда облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті өкілетті орган ретінде сауда орындарына 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлете алады.

 

                                            Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button