Жаңалықтар

Қарт оқырманның қызығы — «Ақтөбе»

Зейнеткерлік жасқа шыққан бойда-ақ, өзін үлкендердің қатарына қосып, қарттыққа бірден мойынсұнып кететіндер көп. Ал сексеннің сеңгірінен асқан Ниеталы Мырзатай ақсақал әлі тың, сөзі ширақ, көз жанары қайтпаған. Оның бұлай сергек жүруінің басты себебі — салауатты өмір салтын үнемі ұстанғанынан. Күніне екі рет таза ауамен серуендеп қайтады.

Бес уақыт намазын қаза қылған емес. Зайыбы Балзия екеуі 4 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүтін бір іргелі әулеттің тұтқасын тәрбиесімен ұстап отыр.

Шалқар қаласында туып-өскен Ниеталы көп жыл өмірін ұстаздық қызметке арнады. 4 мектептің директоры болып, білім саласындағы үздіксіз еңбегі үшін «КСРО оқу ісінің үздігі» атағы берілген.

1956 жылы Ақтөбе пединститутына түсіп, 1961 жылы сол кездегі Гурьев пединститутын бітірген ол алғашқы еңбек жолын Шалқар қаласындағы №496 теміржол мектебінде мұғалім боп бастап, кейін сол мектепті 10 жыл басқарды.

Ортасын теміржол бөліп жатқан қаланың арғы бетіндегі жалғыз мектеп осы болды. Бастапқыда мыңға тарта оқушы болған еді. Кейін екі мыңға жетті. Ол заманда қазіргідей арнайы жобамен мектеп салынбаған. Екі қабатты болғанымен сынып бөлмелері жетіспейді. Бір қызығы, теміржолшылардың балаларына арналған мектеп аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармаларына бағынбайтын. Теміржол мектебі Мәскеудегі Жоғарғы жол қатынастары министрлігіне қарайтын. Барлық қаражат сол жақтан бөлінеді. Сол кезеңде Шалқарда дәл біздікіндей орыс мектебі болды. Сондағы бастауыш сыныпта сабақ беретін мұғалім Антонина Кузминцева Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты еді. Сол кісінің атынан министрлікке хат жазып, 6 сынып бөлмесін қосқанымыз есімде. Содан бергі өміріміз елмен бірге өтті ғой, — деп еске алды қария.

Оның айтуынша Шалқарға теміржол 1902 жылы келген. Өзі физика-математика пәнінің мұғалімі болғандықтан теміржол саласы оған жақсы таныс. Зайыбы Балзия Мұратова — ардагер ұстаз. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі» және «Қаз ССР-і оқу министрлігінің үздік қызметкері». «Мұғалім боп жүріп оның атағы менікінен үлкен» деп әзілдеген Ниеталы зайыбымен екеуі кенже баласы Ғанидың қолында тұрады. Осы кезге дейін шаңырағы бүтін, бауыры аман әулеттің бар берекесі —  балалары. 11 немере, екі шөберенің қызығын көріп отырған  Ниеталы ақсақал өзі қажылыққа барып келген. Жыл сайын ораза ұстайды.

Шалқарда қара шаңырақта үшінші ұлым Ғалымжан қалды. Зейнетке шыққаннан кейін Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Өйткені осы жақта жүріп кіші балам үйленді. Келін орысқолдау. Жас отбасыға қолдау керек. Алдымен тәрбие, салт-дәстүрді қалыптастыруымыз тиіс. Балалар сыртта жүріп, жат боп кетпесін, ағайын-туыстарымен жиі аралассын, қастарында отырып, басшылық жасайық деген оймен солардың қолында тұрамыз. Құдайға шүкір, әлі де бесік тербетеміз. Той-садақаларға барып тұрамыз. Өзге бала, немерелерім, жиендерім осында келіп, бір-бірімен шұрқырасып жатады. Соларды көріп, дұрыс

 қадам жасағанымызды түсіндік, — дейді ол.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін қарап жатпаған Ниеталы «Намаз оқып үйренейік» деген кітап құрастырып шығарды. Одан кейін «Есейдік бірге елменен» атты кітабына өмір жолында кездескен оқиғалар мен дос-жарандар туралы естеліктерін топтастырды.  «Беке-Аралбай шежіресі» деген кітабы кейінгі ұрпақтың ата- бабасын танып-біліп жүру мақсатында шығарылған.

Ниеталының бес баласы Мәскеудің жоғары оқу орнын бітірген. Қазір барлығы да мамандықтары бойынша қызметтерін атқарып жүр. Биыл 82 жасқа келген қария немерелерін тәрбиелеп қана қоймай, сабақтарына көмектеседі екен. Қашықтан оқу кезінде ата-әжесінің біліміне жүгінген балалары математика мен физика пәндерінен дәріс алып тұрады.

«Бірақ — дейді ардагер ұстаз, — біздің заманның оқу программасымен қазіргі оқулықты салыстыруға келмейді. Оқулықтардың көбі орысшадан аударылған. Байқағанымдай, тікелей аударма жасаған. Бастауыш, баяндауыш, анықтауыш, толықтауыштар қазақшаға аударғанда орындары ауысып түскен. Сондықтан бала түгілі өзіміз де түсінбей қаламыз».

Мектепте жүргенде «Пионерді» оқып, кейін елімізден шығатын барлық басылымды шолып шығуды әдетке айналдырған ақсақал бүгінге дейін кітап жастанып, газет-журналдардың әрбір санын қалт жібермей оқиды екен. «Ақтөбе» газетінің 50 жылдан бергі тұрақты оқырманы.

Салиқалы кісіге айналған оның санасы әлі жаңғырып тұр. Есте сақтау қабілеті сол күйінде. Кешегі карантин кезінде жаман ауру бұл әулетті айналып өтіпті. Тек екінші ұлы ғана ауырып, жазылып шыққан. Бүгінгі күні балалары мен немерелеріне бағыт- бағдар беріп, қазақтың бар тәлім-тәрбиесін немерелеріне сіңіріп отырған Ниеталының ниеті де сол.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button