Денсаулық

ТМККК: сақтандырылмаған азаматтар тегін көмек ала алады

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы сақтандырылмаған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, яғни ТМККК пакеті бойынша тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Бұл туралы  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Болат Төкежанов мәлімдеді.

— Егер адам сақтандырылмаған болса да, ол мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмекті алуға құқылы. Бұндай көмектен ешбір медициналық ұйым  бас тартпауы керек. Біз азаматтардың қорға жазған шағымдарын мұқият қараймыз,— деді  Б.Төкежанов.

ТМККК медициналық-санитарлық алғашқы көмек, шұғыл стационарлық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрін қамтиды. Мәселен,  жалпы тәжірибе  дәрігері, учаскелік терапевт, педиатр пациентті  МӘМС жүйесінде сақтандырылған немесе сақтандырылмағанына қарамастан қабылдайды.

— Егер сізде созылмалы ауру болса, сіз әлеуметтік мәні бар аурулар және динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар бойынша есепте тұрсаңыз, онда бейінді маманның қабылдауы ТМККК пакеті бойынша да жүзеге асырылады. Қазір қорға Qoldau 24/7 қосымшасы және әлеуметтік желілер арқылы кепілдендірілген көмекті  көрсетуден бас тартқан емханалар туралы шағымдар түсіп жатыр. Емдеу мекемелері  ТМККК пакетіне кіретін көмекті көрсетуден бас тартпауы тиіс. Бұған жол берілмейді, — деді қор басшысы.

Ал сақтандырылған азаматтарға медициналық көмек кеңейтілген тізбе бойынша көрсетіледі. Пациенттердің жекелеген санаттарына стоматологиялық көмек, халықтың нысаналы топтарын профилактикалық тексеру, сондай-ақ бекітілген тізбе бойынша шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетіледі. Инфаркт, инсульт және  түрлі операциялардан кейін оңалту шараларын алу қолжетімді болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button