Пікір

Қарапайым қауіпсіздік тәртібін сақтайық!

Жақыныңа жанашыр бол

Раиса БАЙЛИЕВА, самбодан және әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері: 

— Қазір тұрғындар көктемдегі жағдайды ұмытып кетті. Бәрі алаңсыз жүр. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтап жүргендер аз. Автобуста бетперде кимейді, қоғамдық орындарда арақашықтықты сақтамайды. Егер осылай салғырт қарайтын болсақ, жағдайдың жақсы болмайтынын түсінуіміз керек. Қазір әлемде жағдай ушығып тұр. Көрші Ресейдегі ахуалды күнделікті хабардан көріп отырмыз. Ресейліктер карантин талаптарын енгізіп жатыр. Біз соларға қарап барынша сақтануымыз керек. Әр адам өзіне жаны ашыса, өзгелерді де індеттен сақтайды. Еліміздің Денсаулық сақтау министрі кезең-кезеңімен шектеу талаптарын енгізуді айтуда.  Тіпті қатаң карантин талабы енгізілсе де ешқандай қарсылық болмауы керек. Себебі ең бастысы — адам шығынын болдырмау. Ал қиын жағдай болмас үшін әр адам  санитарлық талапты сақтап жүргені жөн. Осыны бір-бірімізден талап етуіміз керек.

Мен медициналық бетпердені жұмыста шешпеймін. Қоғамдық орында міндетті түрде қашықтықты сақтаймын. Себебі өзіміз үлгі болуымыз керек. Қазір біз жас спортшыларға коронавирус туралы күн сайын ескертіп отырамыз. Жаттығудың барлығы далада өтіп жатыр. Жабық ғимаратта өткізілсе де арақашықтық сақталып, 15 баладан артық болмайды. Көпшілігі жаттығу жұмыстарын онлайн өткізуде. Себебі барлығы қауіпсіздік үшін. Ауруды қалай жұқтырып алғанын адам байқамайды. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларына салғырт қарамаса екен. Әсіресе автобуста медициналық бетперде киіп жүрсе екен деймін. Қарапайым қауіпсіздік тәртібін сақтайық!

Басқа жаңалықтар

Back to top button