Басты жаңалықтар

Облыс әкімі өз таңдауын жасады

Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе» қонақүй кешеніндегі №5-ші сайлау учаскесінде онлайн түрінде өз таңдауын жасады. Ол Nur Otan праймеризіне қатысып жатқан үміткерлердің барлығына дауыс берді.
Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған партияішілік сайлау әдісінің қоғамдағы алар орны ерекше екендігін айтып өткен Оңдасын Оразалин үміткерлердің барлығына сәттілік тіледі.

— Бүгін дауыс берудің соңғы күні. Мен осы науқанға қатысқан барлық партия мүшелеріне өз ризашылығымды білдіргім келеді. Облыста 30 мыңнан астам партия мүшесі болса, қазіргі таңда маған берген мәлімет бойынша солардың 20 мыңнан астамы саяси таңдауларын жасап дауыс берген.
Праймериз — биылғы жылдың елеулі оқиғаларының бірі. Бұл әдістің ерекшелігі біз праймериз арқылы елдегі мәселелерге үлкен жанашырлықпен қарайтын өз ортамызда жүрген азаматтарды іріктеп алдық. Праймериз — партия мүшелеріне ғана емес қоғамға өзгеріс жасауға ниетті әрбір азаматқа мүмкіншілік берді. Бүгін партияның облыстық филиалының төрағасы ретінде тізімдегі азаматтардың барлығына түгел қолдау көрсеттім, — деді Оңдасын Оразалин дауыс беріп болған соң журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, 1-4 қазан аралығында Nur Otan праймеризінің дауыс беру кезеңі өтуде.
Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловтың айтуынша, екі күннің ішінде облысымыздағы 20 мыңнан астам партия мүшесі өз таңдауын жасаған. Оның ішінде Мәртөк, Қарғалы, Шалқар, Мұғалжар аудандары белсенділік танытты. Бұл онлайн жүйені қолданудың тиімділігін тағы бір дәлелдей түсті.
Жалпы бұл саяси науқанға Ақтөбе облысы тыңғылықты дайындалды. 30,7 мыңнан астам партия мүшесіне авторизация жүргізілді. Облыстың қала, аудандарында 118 дауыс беру орны белгіленді. Оның 76-сы онлайн форматта, интернеті жоқ 42 участок дәстүрлі қағаз бюллетенмен дауыс беруге арналған. Бұл орындардағы 285 дауыс беру кабинасына 205 компьютер орнатылып, ғаламтормен қамтамасыз етілген.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button