«Ақтөбе — құтты мекен»Басты жаңалықтар

Ақтөбеде жаңа мешіт ашылды

Кеше Ақтөбе қаласына қарасты Бауырластар ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді. Бұл біздің өңірдегі алпыс сегізінші мешіт.

Мешіттің ашылу салтанатына қала әкімі Асхат Шахаров, облысымыздың бас имамы Төлеби Оспан, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұрәлиев, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары, мешіт құрылысына атсалысқан кәсіпкерлер, Ақтөбе қаласындағы мешіттердің имамдары және БАҚ өкілдері қатысты.

Алдымен Құран оқылып, ата-бабалар рухына дұға бағышталды, ел-жұртқа береке-бірлік сұрап, Аллаға тілек айтылды. Жиында алғашқы сөз мешіт құрылысын ұйымдастыруға белсене қатысқан 93 жастағы ақсақал Мүсірен Қиынбаевқа берілді. Ол осы мешіттің тұрғызылуына өз еліміз ғана емес, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерінде жүрген қазақ кәсіпкерлерінің де атсалысқанын, сондай-ақ ауыл тұрғындарының да ұйымшылдықпен қолдау білдіргенін атап өтіп, осы ынтымақ-бірлік үшін Аллаға мың да бір шүкірлігін жеткізді, кейінгі жастарға да ұлт мүддесі жолындағы бірлікті аманат ететінін айтты.

Жиында сөйлеген құттықтау сөзінде қала әкімі Асхат Шахаров та мешіт құрылысына атсалысқан ағайынға ризашылығын білдірді.

— Имандылық жолы — ата-бабалардың аманаты. Бүгін пайдалануға берілетін жаңа мешіт те сол аманатты орындауға қосылған үлес. Әсіресе, мен осы ауыл адамдарының атына заты сай бауырмалдығына, мешіт құрылысына үлкен жанашырлықпен қарағанына ерекше алғыс айтқым  келеді. Бүгінде тіліміздің мәртебесін өсіру, дінімізді, салт-дәстүрлерімізді берік ұстану жолында көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Соның бәрі де, ең алдымен, тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздікті нығайту жолында алда да аянбай еңбек етуіміз керек, — деді қала басшысы.

Облыстың бас имамы Төлеби Оспан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтауы мен жаңа мешітке байғазы ретінде жолдаған сый-сияпатын жеткізді. Сонымен бірге қызметін адал да тиянақты атқарып жүрген имамдарға Бас мүфтидің алғыс хаты тапсырылды.

«Қайырқожа мешіті» атанған жаңа мешіттің ғимараты екі қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 650 шаршы метрге жуық. Мұнда бір мезгілде 800 адам құлшылық жасай алады. Мешіт ауласында имамға арнап салынған қызметтік үй бар.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button