Батыр қыздың ерлігі насихатталды
Тарихи-танымдық экспедиция
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында қазақтың азаттығы жолында күрескен Сапура Мәтенқызы туралы құнды деректер жинақтап, батыр қыздың қозғалысы болған жерлермен танысу мақсатында тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылып, Қобда, Ойыл аудандарын аралады.
Экспедицияға облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының бас инспекторы Жандос Еспанбетов жетекшілік етті. Оның құрамында ақындар Мейірхан Ақдәулетұлы, Нұрлыбек Қалауов, Гүлжайнар Қалдина, өлкетанушылар, музей қызметкерлері болды. Сондай-ақ Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы Сұлупан Шынтасова да экспедицияға қатысты әрі оны ұйымдастыруға үлкен қолдау көрсетті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшылығы, Қобда, Ойыл аудандарының әкімдіктері де экспедиция мүшелеріне қолдау көрсетті.
Тарихи деректерге сүйенсек, Сапура Мәтенқызы — қазақтың ел қорғаған қайсар қыздарының бірі. Ол ХVIII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Қазақтардың Пугачев бастаған көтеріліске қосылғаны белгілі, осы көтеріліс пен одан кейінгі батыр қыздың қарсылығы кезінде қазақ сарбаздарының уақытша орда құрған жерлерінің бірі Қобда өзенінің Елекке құяр тұсында орналасқан. Бұл жерлер «Көрінбес қыз» күресіне тікелей қатысы бар Досалы, Сейдалы сұлтандардың да жайлау қоныстары ретінде белгілі.
Қобда ауданындағы Жиренқопа, Көкүй ауылдары, т.б. тарихи жерлер әлі де тереңірек зерттеуді қажет етеді. Сапура Мәтенқызының қозғалысы 1775 жылдың қыркүйегінде басталып, 1776 жылдың жазында аяқталған деген дерекке сүйенсек, биыл қозғалыстың басталғанына 245 жыл толып отыр.
Кейін ол өз ауылдарымен Қобда бойынан Қиыл өзенінің бойына қоныс аударған. Ал Ойыл ауданының аумағында Мәтентөбе деп аталатын жер бар. Бұл жер Сапураның әкесі Мәтен батырдың есімімен байланыстырылады. Мұнда ескі қабірлер орындары, тастағы ру таңбалары сақталған. Яғни мұнда да зерттеулер жүргізу керек.
Облыс орталығынан шыққан экспедиция мүшелері Қобда ауданының орталығына кіреберістегі Қобыланды батыр ескерткіші жанында аудан әкімі Болат Құловпен кездесті. Аудан басшысы экспедиция жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта батыр Сапура Мәтенқызына арналған барельеф орнатылатынын айтты. Бұдан кейін экспедиция Көкүй ауылына жол тартты. Бұл — осыдан тура 245 жыл бұрын Сапура Мәтенқызының қозғалысы болған жер. Сонымен қатар экспедиция мүшелері Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне, Ойыл ауданындағы Мәтентөбеге барып, тағзым етті. Аруақтар рухына Құран бағышталды.
Сапар барысында бірқатар деректер, суреттер жинақталды.
С.ҰЛЫҚПАНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.