АуылБасты жаңалықтар

Құт қонған Құмсай

Мұғалжар тауының етегінде, Ор, Терісбұтақ, Шилі өзендерін бойлай Құмсай деген ауыл орналасқан. Ауыл деген аты болмаса, мұнда тіршілікке қажет әлеуметтік нысандардың бәрі бар. Барлық нысандар заманауи жабдықталған, жөндеуді қажет етіп тұрғаны жоқ. Ауылда орта мектеп, дәрігерлік амбулатория, ауылдық Мәдениет үйі, кітапхана, ветеринарлық пункт, байланыс, Қазпошта электр торабының бөлімшелері халыққа қызмет көрсетеді. 685 адам тұратын 163 түтіні бар ауылда 6 мемлекеттік мекеме, 3 бөлімше жұмыс жасайды.

Құмсайлықтардың дені бюджеттік мекемелерде еңбек етеді. Тіпті ауылда қожалық ашып, мал өсіріп, басқа да жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Ешкім қол қусырып, қарап отырған жоқ. Жұмыссыздық жоқтың қасы. Құмсай ауылдық округінің әкімі Асылбек Тұғыров бізге ынтымағы жарасқан құмсайлықтардың қазіргі тыныс-тіршілігі туралы баяндап берді. 

Әлеуметтік әлеует

Қазір жұрт шартарапты емін-еркін шарлаған індеттен едәуір сескеніп қалды. Алайда Құмсай округінің тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса, облыс орталығына жүгірмейді. Өйткені, Құмсайда бес жыл бұрын пайдалануға берілген дәрігерлік амбулатория бар. Серік Мұхитұлы басқарып отырған ұжым ауылдастарын жиі тексеріп, ауырып қалса, емдеу шараларын жүргізіп отырады.

Биыл аудан орталығынан жылжымалы флюорография көлігі келіп, ауылдың 250 тұрғыны өкпесін тексертіп алыпты. Сондай-ақ осы жылдың бірінші жартыжылдығында жоспар бойынша 48 адам скринингтік тексерулерден өткен. Округ әкімі Асылбек Тұғыров елдегі демографиялық жағдайға оң әсер ететін туу көрсеткішінің жоғары екенін, бұл ауылда жыл сайын 15-17 балаға дейін өмірге келетінін айтып берді. Сәйкесінше, балабақша мен мектепте бала саны толық.

«Бәйтерек» бөбекжай-бақшасында 25 бала тәрбиеленіп жатса, бұл жерде 24 адам еңбек етіп жүр.

Құмсай орта мектебінде 100 оқушы білім алады. Білім ұясында 39 педагог, 38 кіші қызметкер жұмыс жасайды. Ауыл әкімі жыл сайын жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетілетінін, биыл да бұл дәстүр жалғасын тауып, 15 балаға ақшалай көмек беріліп, сондай-ақ киім-кешек үлестірілгенін айтты.

Қожалықтың бірі — «Қайыңдыбұлақ»

Кеңес үкіметі кезінде бұрынғы Құмсай кеңшарында 3700 мүйізді ірі қара, 36 мың қой болған.

Бүгінгі құмсайлықтар да атакәсіптен қол үзбей, төрт түлікті түгел өргізіп, өнімдерімен өздерін қамтамасыз етіп отырған жайы бар.

— Округте 3391 қой-ешкі, 8526 ірі қара малы, 1132 жылқы, 2903 құс өсірілуде. Қазіргі таңда 21 шаруа қожалығы, 11 кәсіпкерлік нысаны шаруаларын дөңгелетіп отыр. Округ аумағындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі — 44 593 гектар, елді мекендердің аумағы — 25 416 гектар, — дейді Асылбек Тұғыров.

Құмсайдағы 21 қожалықтың бәрі де мал бағып, адал еңбекпен ауылшаруашылық саласының дамуына өз үлесін қосып жүр.

Туған жерінің туын жоғары ұстап жүрген осындай қожалықтардың бірі — «Қайыңдыбұлақ». Қожалық иесі Қайрат Дарқұлов «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында 125 миллион теңгеге несие рәсімдеп, асылтұқымды сиыр сатып алып, өсіруге қазіргі таңда құжаттарын реттеп, дайындап отыр.

Мал шаруашылығы қарқынды дамыған ауылдық округте мал дәрігері мен ветеринарлық санитар жұмыс жасайды. Әрине, ауырған малға арналған ветеринарлық іс-шаралар жоспар бойынша жүргізіліп отырады.

Таза мекен

Ауыл әкімі мен белсенді тұрғындар Құмсайдың әр көшесін көздерінің қарашығындай таза ұстауға тырысады.

Көгалдандыру ісіне ерекше ықыласпен көмектеседі. Аулалары қоршалған, мұнтаздай таза ауыл іші кейбір қала көшелерінен әлдеқайда әдемі көрінеді.

— Жұмыс барысында елді мекен тұрғындарына ауылды абаттандыру, көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық сақтау төңірегінде тұрақты түрде түсініктеме жүргізіп отырамыз. Жалпы осындай тазалық шараларына, сенбілікке ардагерлер, жастар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері — бәрі ұйымшылдықпен қатысады. Биыл ауыл аумағынан 200 тоннаға жуық қоқыс жиналып, белгіленген орындарға тасылды. Елді мекенді көркейтіп, көгалдандыруға, абаттандыруға жыл сайын бюджеттен қаржы бөлініп, қаралған қаржы тиімді жұмсалады, — дейді округ басшысы.

Асылбек Тұғыров биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде округке бөлінген 834 мың теңгенің ауылды абаттандыруға жұмсалатынын айтты.

Өрт сөндіру бекеті ашылды

Құмсайлықтар осы уақытқа дейін дала өртін өз күштерімен сөндіріп келді. Ауыл азаматтарының бірі техника шығарып, енді бірі қол көмегін аямады.

Биыл қаңтар айында аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында Құмсай өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекеттің ашылуына байланысты 7 адам жұмыспен қамтылды. Жұмысшылар барлық құрал-жабдықтармен, киім-кешектермен қамтылды. Сондай-ақ өрт сөндіруге қажет техника алуға сұраныс беріліпті. Ауыл азаматы Есет Оспанов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Құмсай ауылдық округінің өрт сөндіру бекетіне құны 3 миллион теңге тұратын ғимаратты сыйға тартқан.

Ауылды көркейткендер

Әр ауылда ізгілікті істің басы-қасында жүретін, жан-жағын соған ұйымдастыратын бір қайырымды, жанашыр азаматтар болады.

Округ әкімі де Құмсайдың көркейіп, гүлденуі үшін үнемі көмек беретін бір топ азаматты атады. Олар — Мейіржан Тілеубаев, Қалдау Абылаев, Мұрат Абылаев, Айбол Жалекенов және Қайрат Дарқұлов секілді жеке кәсіпкерлер.

— «Туған жерге тағзым» акциясы бойынша құмсайлық кәсіпкер Қайрат Дарқұлов «Тама-Төлжан» мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мешіттің жөндеу жұмыстарына 1 миллион теңге көлемінде қаржыны сыйға тартқан шаруа қожалығының иесі бұған қоса мектеп, балабақша, мектеп жанындағы интернатты жөндеуге 30 жылғы күл шығару жұмыстарына 2 миллион теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті. Екі жыл бұрын ауылдың белсенді азаматтарымен бірге Ор өзені бойында орналасқан ғасырлық тарихы бар Көк мешітті жөндедік, есік-терезелерін ауыстырып, дұрыстадық. Сондай-ақ жергілікті қоғамдастық кеңесінің ұйымдастыруымен және ауыл азаматтарының демеушілігімен өрт сөндіру үшін су жинауға арналған пирс салынды. Құмсай ауылы мен Шилі қыстағы арасындағы көпір жөнделді. Жыл сайын ауылымызда жеке кәсіпкер Мейіржан Тілеубаевтың бастамасымен түлектер спартакиадасы өтіп тұратын. Оған мектебіміздің әр жылғы түлектері келіп, қатысатын. Биыл пандемияға қатысты өткізе алмай қалдық. Осы секілді ауылды көркейтуге қатысты шаруаларға үнемі ауыл кәсіпкерлері демеушілік көрсетіп отырады. Газет арқылы осы азаматтарға денсаулық, отбасыларына амандық тілеймін, — дейді ауыл әкімі.

Көп тілегі — орталықтандырылған ауызсу

Құмсайда ауызсу мәселесі шешілмей тұр, анығы, су жүйесі әлі орталықтандырылмаған.

Ауыл тұрғындарының көпшілігі суды құдықтан тасып ішеді. Пысық тұрғындар өз күштерімен аулаларынан су ұңғымаларын қазып алған. Алайда, бәрінің тілегі — орталықтандырылған су жүйесіне қосылу. Бұл туралы округ әкімі Асылбек Тұғыровтан сұраған едік.

— Ауылды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету — тұрғындардың көптен бергі тілегі. Құмсай ауылына ауызсу жүйесін жүргізуге жобалық-сметалық құжат дайын. Барлығы мақұлданып, тек қаржыны күтіп отырмыз. Әлемді әбігерге салған індетке байланысты қаржы кешіктіріліп жатыр. Алдағы уақытта қажетті қаржы бөлінсе, ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылатын болады, — дейді Асылбек Тұғыров. Сондай-ақ ол зерттеу жұмыстарының нәтижесінде округ аумағында 70 жылға жететін су қоры бары анықталғанын тілге тиек етті.

Мобильді интернет желісі тартылса…

Шартарапты шарлаған пандемияның кесірінен біраз мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшкенде біраз жұрт интернет желісіне қосылуға асықты.

Құмсай ауылындағы мемлекеттік мекемелер интернет тарататын байланыс орталықтарымен келісімшартқа отырып, жұмыс істеп жатыр. Бірнеше тұрғын үй

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының талшықты-оптикалық желісіне қосылған. Алайда халықтың бәрінің үйінде компьютер болмауы мүмкін ғой. Сондықтан да тұрғындардың дені ұялы телефон арқылы пайдаланатын мобильді интернетке мұқтаж.

— Ауылға демеушілердің көмегімен Beeline байланыс желісін 2017 жылы әкелдік. Қазір осы арқылы басқа жақпен сөйлесіп отырмыз. Алайда бұл оператор кеңжолақты интернет таратуға қауқарсыз. Ауылды қолжетімді интернет желісімен қамтамасыз ету — заман талабы. Алдағы уақытта ауылға Activ байланыс операторының антеннасын тұрғызу жоспарда тұр. Бұл байланыс желісі тартылса, ауыл кең жолақты 3G жүйесіне қосылады, — дейді округ әкімі Асылбек Тұғыров.

Сондай-ақ ауыл басшысы бұл жоба жүзеге асса, сапалы интернетпен қамтамасыз етіп қана қоймай, цифрландыру көрсеткіші жоғары деңгейге көтеріліп, ақпаратқа қолжетімділіктің артатынын айтып отыр.

Р.S. 2012 жылы біздің газетте қазіргі Мұғалжар ауданына қарасты Құмсай ауылының тұрғыны Темірғали Байболов ақсақалдың: «Шәмші «Тоғыз үй» деп аталатын біздің ауылға 1948 жылдың қара күзінде келді. Оңтүстіктегі Қапланбек зооветеринарлық техникумын бітірген төрт түлек жолдамамен біздің кеңшарға жіберіліпті. Кейін үшеуі кетіп қалып, Шәмші ғана қалды. Біздің ауылдан 5 шақырым жердегі №2 Ор фермасына қатынап істейтін», — деп еске алғаны жарияланған болатын.

Осы деректі алға тартқан құмсайлықтар бес-алты жыл бұрын атақты композитордың құрметіне ас беріп, шараға қатысқан отбасы мүшелеріне сый-сияпат жасапты.

Шәмшінің ізі қалған, құт қонған Құмсайдың қазіргі кескін-келбеті — осындай.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button