Абай — 175

Ту тікті, мәрмәр тақта орнатты

ҚР Қарулы күштері арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері 4010 метр биіктіктегі Іле Алатауы жотасының сілемінде орналасқан Абай шыңына шығып, Ту тігіп, шың басына мәрмәр тақта орнатты.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, әскерилер маршрут бойынша қозғалысты «Тұйықсу қақпасы» базалық лагерінен бастаған. Әскери қызметшілер күрделі сейсмикалық қауіпті учаскелер мен жартастарды еңсеру барысында жауынгерлік машықтары мен шеберліктерін көрсеткен. Топ құрамында алғаш рет биіктікті бағындырған альпинистер де болған.

Әскери қызметшілер Абай шыңын бағындырғаннан кейін оған Қазақстан Республикасының Туын тіккен. Сондай-ақ шың басына Қарулы Күштер атынан ескерткіш мәрмәр тақта орнатқан. Онда: «Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тау командасы 4010 метрлік Абай шыңын бағындырды», — деп жазылған.

АМЕРИКАЛЫҚ ТОП АБАЙДЫҢ ӘНІН ОРЫНДАДЫ

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай америкалық «Humming House» тобы «Айттым сәлем, Қаламқас» әнінің әуенін орындады.

Бұл туралы Қазақстандағы АҚШ елшілігі фейсбуктегі парақшасында жазды. Онда бұл топтың Қазақстанға 2018 жылы American Music Abroad бағдарламасына келіп, сол сапарында Абайдың туған жері Семейді аралағаны және олардың қазақ әндерін бұрын да орындап жүргендігі жазылған.

Айта кету керек, 2018 жылы «Humming House» тобы «Наурыз» әнінің кавер нұсқасын әннің авторы Айдос Сағатпен бірге жазған.

ЭКСПЕДИЦИЯ СЕМЕЙГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

«Ұлы Абайдың ізімен: рухани сапар» атты экспедиция Семейге жол тартты.

Қарағанды қаласынан жолға шыққан «Ақ жол» партиясының белсенділері ұлы ақынның туған жерін аралап, оның еңбектерінің жаңа қырларын зерттемек.

Экспедиция барысында белсенділер тұрғындармен кездесіп, 4 күн ішінде мыңдаған шақырым жол жүреді. Атап айтсақ, экспедиция мүшелері Қарағанды – Қарқаралы – Қарағайлы – Қайнар — Сарыжал – Қаратал – Жидебай – Ақшоқы – Еңлік-Кебек үңгірі – Мұхтар Әуезовтің ауылы Бөрілі – Семей қаласындағы Абай мұражайы – Егіндібұлақ – Үшқара – Қарағанды.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button