Абай — 175

«Абайды білмек парыз ойлы жасқа»

№2 Мәртөк мектеп-гимназиясында  ойшыл ақын  Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай  «Абай орталығы» салтанатты түрде ашылды. Ғимараттың екінші қабатында құрылған киіз үй – «Абай орталығы» ресми атауын алды.

Орталықтың ашылу мақсаты – қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбайұлының бай рухани мұрасын насихаттау, оқушыларды ақын шығармаларымен тереңірек таныстырып, олардың тапқыр ой, көркем сөзге деген қызығушылығын арттыру.

Салтанатты шараға абайтанушы ардагер ұстаз Нағашыбай Ердәулетов, халықаралық  «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі Абат Пангереев, аға оқытушы Басқар Әлиев, филология  ғылымдарының кандидаты Нұрдәулет Алдашев, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрағасы Қымбат Сүйінғалиева қатысты.

Мерекеге жиналғандар дөңгелек үстел басында «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» тақырыбында әңгіме өрістетті. Онда ақынның мұрасын ұғыну, Абай тағылымы арқылы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қажет рухани мұраларды пайдалану, жастардың  бойына ізгіліктің, адамгершіліктің рухани нәрлі дәнін егу, Абайға жүгіну қадамдары кеңінен сөз болды.

Аудан әкімінің орынбасары Медет Ысқақов бұл бағыттағы шаралардың алдағы уақытта да жалғаса беретінін, өйткені Абай тағылымы мәңгілік екенін айтты.

 Лайық БАЙДАУЫЛОВ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button