Тұлға

Өз дәуірінің шындығын жазған…

ХХ ғасырдың басында қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасуына Бейімбет, Сәкен, Мағжан, Жүсіпбек, Ілиястармен қатар үлес қосқан жазушы, драматург, сатира шебері әрі журналист, «Кедей» газетінің (бүгінгі облыстық «Ақтөбе» газеті) алғашқы қызметкерлерінің бірі Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына биыл 125 жыл толып отыр.

Жиенғали Тілепбергенұлы 1895 жылы Темір ауданының 47-ауылында дүниеге келген. Филология ѓылымдарыныњ кандидаты, доцент, ғылымдағы жолын Жиенғалидың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге арнап келе жатқан Ѓайша Ниязованың айтуынша, бұл ауыл қазіргі Мұғалжар ауданының аумағында, Жем өзенінің әскери қалашыққа жақындап келіп иілген тұсында  тұрған.

— 1940 жылы орта мектепке арналған оқулық-хрестоматияда жазушының туған, өлген жылдары «1897-1935 жылдар» деп көрсетілген. Біз мұны жаңсақ деп есептейміз. Себебі, басқа дерек көздерінің бәрінде оның туған жылы 1895 жылы деп берілген. Барлық естелік, деректерге сүйене отырып, осы 1895 жылды Жиенғалидың туған жылы деп қабылдаймыз, — дейді зерттеуші.

Жазушының өмір жолы, тағдыры мен шығармашылығы төңірегінде Ғайша Ниязованың әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз:

Ұстаз өнегесі

Жиенғалидың әкесінің аты — Әділ, Тілепберген — ұлы атасы. Өзі жазып қалдырған деректерде ол қарапайым, момын шаруаның баласы екенін айтады. Сөйте тұрса да, «суға шыққан сүйріктей» оқымысты, білімге құштар болып өседі. Ал сол талпынысын қолдап, білімді адам болып шығуына ықпал еткен нағашысы — Абдолла Беркінов еді. Оның әкесі Беркін оқымысты, тілге де шешен, өз ортасында беделді болған кісі екен. Заманның беталысын түсініп, үлкен баласы Абдолланың «Хұсайния» мен «Ғалия» медреселерінде оқуына жағдай жасаған. Абдолла оқуын тәмамдап, елге келіп мұғалім болып жүргенде Жиенғалидың талабына сүйсініп, оны өзі оқыған Орынбордағы «Хұсайния», кейін Уфадағы «Ғалия» медреселеріне апарып түсіреді.

Ағарту саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, үлкен абыройға ие болған, кейіннен Ленин орденімен марапатталған қарт ұстаз Абдолла Беркінов өз естелігінде былай дейді: «Сексеннің сең-сең бөркін кисем де, осыдан жарты ғасырдан астам уақыттағы сол бір кездің суреттері сол қалпында көз алдымда… Ащықұдықтан «Үміт» мектебі ашылып, Хұсайын Ашығалиев екеуміз сабақ беріп жүрдік. Бірде орта шаруа Қуан екі баласын ертіп келіп мектебімізге қосты. Үлкені — Құдайберген, кішісі — Ахмет, осы «Үміт» мектебінде алғаш рет қалам ұстап, білім тарауларын ашты. Қуанның екі баласы да зеректігімен көзге түсті. Бір ерекшелігі — үлкені салмақты, ойшыл еді, ал Ахмет — күлдіргі, ұтып сөйлейтін. Құдайберген он төрт жасқа келгенше осы біздің мектепте білім алды. Одан кейін сүйікті шәкірттерімнің бірі Жиенғали Тілепбергенұлы екеуі Орынборға барып, «Хұсайния» медресесінде білімін жалғастырды».

Жиенғалидың шығармашылық өмірбаянын пайымдауға «Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы 6-санына шыққан өз мақаласы дәйек бола алады. Журнал сол жылы қазақтың белгілі ақын-жазушыларына «Кім қалай жазған?» деп, ашық хат жолдайды. Ашық хатқа Бейімбет, Ілияс, Сәкен, Сәбит, Жиенғали, т.б. жауап береді. Жиенғали өзінің жауабында жазушылыққа келу жолдарынан мол хабардар етеді. Бұл — автордың өз қолымен жазып қалдырған өмірбаяндық дерек көзі, нақты арна. Жазушы былай дейді: «Мен өзім кедейдің баласы болдым әрі момын әлсіз атаның тұқымы болдық та, ол кездегі орысша үшкелдерге қалай кірердің де мәнісін білмейтін едік. Ауылдағы молдадан оқып, шала-шарпы хат танып, байларға жалданып жүрген жерімнен, жадитшіл (жаңашыл) мұғалім болып жүрген нағашым бар еді, соның «азғыруымен» және қаржылай жәрдемімен Орынбордағы «Хұсайния» деген татардың жәдит медресесіне кірдім».

Ж.Тілепбергенұлы өзінің баспасөз бетінде жарияланған тұңғыш еңбегі — «Мектеп ашылуы» деген хабарында да Абдолла Беркіновтің атын атайды. Бұл хабар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар еңбек еткен «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 147-санында (29 тамыз) жарияланды. Осы хабарында: «Темір уезі, Темір-Орқаш болысы, үшінші ауылда Абдолла Беркінов өз үйінде ауыл балаларын бір қыс жадитше оқытып шығарады. Шәкірттерді қазақ емлесімен оқытып, оларды керекті оқу-құрал жабдықтарымен қамтамасыз етудің бар шығынын өз мойнына алады. Балалар білімін тексеру үшін мұғалім олардың әкелерін, ауыл ақсақалдарын жинап емтихан өткізеді. Жиналған адамдар балаларының оқу-жазуына өте риза болып, мұғалімнің «Бір мектеп ашып, реттеп оқытсақ бұдан да жақсы болар еді!» деген сөзін мақұл көріп, бір мектеп салмақшы болып, қаулы алып тарасады. Жазғытұры уағдалы күніне ағайындар жинап алып, қолдан келген жәрдемдерін аямай, үш бөлмелі мектеп салды және ғұшыр, пітір садақаларын да мектепке жинамақшы болды», — дейді.

Бұдан кейін Жиенғали қазір мектептің іші-сыртын түзеп, парта сияқты нәрселерді істеп, басқа да керек құралдарын әзірлеп жатқандығын, бастапқы жыл болғандықтан, оқу биыл бірінші қазаннан басталып, мамырға дейін созылатынына және оны кімдер басқарып отырғандығына тоқталады. «Мұғалімнен соң мектепті басқарушылар Жәлекен Баймағамбетов, Қали Қаратаев ақсақалдар, бұлар азырақ ескіше оқығандары бар, ашық пікірлі, жігерлілерден, бірақ байлықтары жоқ. Солай бола тұрып мектеп басқаруына кім Тәңірі жарылқасын айтпас. Әр жерден осындай Ғабдолла сияқты ақсақалдарымыз белсеніп, мектеп басқаруға кіріссе, халыққа өнеге боларлық іс болмас па?!» — деп аяқтайды хабарын Жиенғали.

Темір-Орқашта мектеп ашқан Құдайберген екеуінің ұстазы Абдолла Беркінов жарты ғасырлық ғұмырын бала оқытуға арнап, кейіннен «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі», Ленин орденінің иегері атанған.

Тырнақалды туындылары

Жиенғалидың жазушылық жолы 1916-1917 жылдары басталған. Тырнақалды туындылары шағын проза түрінде жарық көрген. 1916-1917 жылдары жазылған «Ескерткіштен бір бөлек», «Жазғы сапардан бір көрініс», «Ат-тон айып», «Бұл қалай оқу?» сияқты қысқа әңгімелері сөзімізге дәлел болады. Бұл әңгімелерден этнографиялық сипат басым көрінеді. 1915 жылдың 9 қарашасы мен 1918 жылдың 10 ақпаны аралығында Уфадағы «Ғалия» медресесінің шәкірттері «Садақ» қолжазба журналын шығарып тұрғаны белгілі. Оның шығарушылары — Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенов болды. «Садақтың» 1-санынан бастап, соңғы санына дейінгі аралықта қысқа әңгімелер, көлемді повестер, роман аталған көлемді туындылар (соның ішінде Жиенғалидың «Атсыз романы» да бар), сықақ этюдтер, жас ақындардың өлеңдері, сын пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған. Сол тұстағы «Алаш» газеті — қоғамдық дамуда прогресшіл бағыт ұстанған басылым. Осы газетке де Ташкент, Уфа, Қазан оқу орындарындағы қазақ шәкірттері жиі қатысып тұрған. Олардың ішінде «Ғалия» медресесінің шәкірттері Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенұлы, Семей семинариясының шәкірті Мұхтар Әуезов, Орынбордағы «Хұсайния» медресесінің оқушысы Бернияз Күлеев болды. Олар тырнақалды туындыларының тұсауын осы басылымда кестірген. «Алаш» газетінде Ж.Тілепбергенұлының туындылары «Жекей» атымен және «Ж.Т.» деген бүркеншік есіммен жарияланды.

Сол замандағы көп қаламгерге етене тақырыптық ерекшелік, яғни қоғамдық-әлеуметтік өмірдегі әйел теңдігі мәселесі Жиенғали шығармаларына да ортақ. Ж.Тілепбергенұлы шығармашылығында көз жаздырмайтын, ең тартымды тақырып — қазақ әйелінің тағдыры. «Алаш» газетіне шыққан «Ат-тон айып» шығармасында әйелдің мал орнына сатылатынын, сатып алғандықтан адамға баланбай, есіктегі күңнен бетер қасіретті күн кешетінін ашына суреттейді. Қорлық пен бейнеттен қашып, төркінін паналамақ болған  Сарыалтынның тағдыры ат-тон айыпқа айырбасталады.

«Фельетон» атты «Т.Ж.» псевдонимімен жарық көрген сатиралық суреттемесінде де Жиенғалидың осы тақырыпты қозғаған азаматтық үні бар. Ол малдың құлына айналып, кеудесін жарып шыққан қызын қалыңмалға сататын жағымсыз дәстүрді сынайды. Жиіркене қарап, лағынет айтқандай үкім жасайды. Ж.Тілепбергенұлы өзінің алғашқы көркем туындыларымен қазақ ішінде кездесетін осы келеңсіз дәстүрге батыл қарсылық көрсетеді.

Ал «Бұл қалай оқу?» деген әңгімесінде жазушы жаңаша жәдит оқуының қадимнен әлдеқайда артық, түсінікті екендігін, оны жастардың зор ынтамен оқып, тез хат танитындығын дәріптейді. Сондай-ақ шариғат заңымен байлап-маталған қыз балалардың да оқуға құмар екенін баяндап, жалпы білімге үндейді.

Бұл әңгімесі төңкеріске дейін жазылғанын ескерсек, Ж.Тілепбергенұлының ағартушылық көзқарасы ерте қалыптасып, жас күнінен-ақ халық мүддесін жоқтауға белін бекем буғанын аңғарамыз.

Жиенғали Тілепбергенұлы 1918 жылы «Ғалияны» тәмамдап, елге оралғанда, оны кезек күттірмес келелі істер күтіп тұрған еді. Медресе шәкірттері елге оралып, халықты ағартуға зор ынтамен кіріскені тарихи шындық. Бейімбет Майлин, Нұғымен Манаев, Жиенғали Тілепбергенұлы, Салахаддин Сарталиев, Хажым Басымов, Зейнелғабиден Иманжанов, Әбдірахман Мұстафин, Армия Ешкеев, тағы басқа «Ғалия» медресесінің шәкірттері — туған халқының рухани өміріне бел шешіп кірісіп, белсене араласқан қайраткерлер.  Ең берісі мектеп ашып, бала оқытып, кеңес күндерінде баспасөз, ағарту майданына, партия, кеңес жұмыстарына араласқандары қаншама? Медресені тәмамдаған шәкірттердің еліміздің оқу-ағарту саласына, мәдениеті мен тарихына қосқан үлесі өз заманы үшін қанатымен су сепкен қарлығаштай ерлік іс еді. Сол қарлығаштың бірі де бірегейі — біздің жерлесіміз Жиенғали Тілепбергенұлы екенін ұмытпауға тиіспіз.

«Құдайберген Жұбановты бауырындай көрген»

Жиенғалидың білім қууына нағашысы Абдолла қолдау жасаса, өз тарапынан Жиенғали да Құдайберген Жұбановтың ғылым жолына шырақ алып түсуіне ықпал еткен. Бұл пікірді алғаш көрнекті тілші-ғалым, жұбановтанушы  Ісмет Кеңесбаев айтқан. «Прогрессивные взгляды на жизнь Ж.Тлепбергенова до некоторой степени оказали влияние на Худайбергена. Возможно по его совету Х.К.Жубанов в 1914 году поехал  учиться в город Оренбург в медресе «Хусайния», — дейді ол.

Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Құдайберген Жұбанов пен Ж.Тілепбергенұлының жарастықты достығы, ағалы-інілі сыйластығы жайында филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сыздықова да: «Қ.Жұбановты журналистікке баулыған, бір жағынан, өмірге ілесіп, оның көкейкесті мәселелеріне үн қосу қажеттігін туғызған жаңа заман болса, екінші жағынан, жанында үлгі-өнеге алатын Жиенғали Тілепбергенұлы сияқты қалам иесі болды», — деп, өз пікірін қалдырыпты. Ол Құдайберген Жұбановтың он алты жасында Абдолла Беркінов туралы «Өнегелі мұғалім» деген мақаласын Жиенғалимен бірігіп жазып, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 2 ақпан күнгі №103 санына жариялағанын алға тартады. Мақаланың соңына Құдайберген және Жиенғали деп қол қойған. Кейін де ағалы-інілідей болған қос талапкер «Қ-Ж» деген бүркеншек атпен бірлесіп қалам тербеген.

ХХ ғасырдың 20-жылдарында Жиенғали мен Құдайберген сауатсыздықты жою ісіне тізе қосып, бірге араласқан. Бұл жылдары олар халық ағарту майданында мектеп жағдайын жақсарту, мектеп үйлерін салып, мектептерді оқу құралдарымен қамтамасыз ету мәселелерін көтереді.

Бұл туралы жерлестері Хайрулла Меңдібаев өзінің естелігінде: «Жиенғали Тілепбергенұлы екеуінің (Жиенғали да уездік оқу бөлімінде инспектор болып қызмет атқаратын) 4 айлық курс ашып, ана тілі, ана тілін оқыту методикасы жөніндегі мұғалімдерге ақыл-кеңес бергендерін, Темір-Орқаш болысының Тепсең, Шилі, Қопа секілді ауылдарында тұңғыш мектептер ұйымдастырғандарын, ал осы жылдың жазында уездің барлық советтерінде сауатсыздарды оқытатын мектептер ашуды ұйғарып отырғандарын айтты» — деп, Қ.Жұбановтың әңгімесін еске алады.

Осы тұста екеуі бірлесе отырып, ойын-сауық кештерін де ұйымдастырады. Құдайберген «Кек» атты пьеса жазып, бір саудагердің үлкен сарайында ойын қояды. Пьесадағы қыз-келіншектердің рөлін орындайтын оқыған қыздар болмағандықтан, өздері бөлісіп алған. Байдың бәйбішесін — Жиенғали, ал сұлу тоқалын Әбдіхалық Өмірбаев деген жігіт ойнайды.

Жиенғалидың Құдайбергеннің әкесі Қуанның қайтыс болғанын естірткен: «Бауырым, замандасым — Құдайберген,

Бәлені көзіменен әркім көрген.

Осындай үлгі сөзбен естіртеді,

Біреудің жанашыры болса өлген…

Алланың үкімі солай болғаннан соң,

Айырылдың басшыңыздан соңына ерген.

Көз салып төңірекке қарасаңыз,

Адасып қалған аз ба кемеңгерден» — деп келетін, «Сәлем хат» үлгісіндегі өлеңі сақталған.

«Кедейдегі» із

Жиенғали Тілепбергенов журналистік жолын 1925 жылғы қазан айында Ақтөбеде шығатын «Кедей» газетіне редактордың орынбасары болып тағайындалуынан бастап, өмірінің соңына дейін осы салада қызмет атқарған.

1925 жылы кезекті демалысы аяқталғаннан кейін Ақтөбеде шығатын «Кедей» газетіне қызметке ауысады, кейінірек газеттің редакторы болып тағайындалады. 1937 жылғы  21 ақпанда берген анықтамада «Ж.Тілепбергенұлы Ақтөбе округтік «Кедей» газетінде 1926-1928 жылдарда жауапты редактор болып қызмет істеді», — делінген. Бірақ анықтамада Жиенғалидың «Кедей» газетінде істеген жылдары жаңсақ көрсетілген. Себебі «Кедей» газетінің 1925 жылғы 2 қазан күнгі 64-санынан бастап Жиенғали уақытша редактор деп көрсетілген. Және газеттің 1926 жылғы 31 тамыздағы 101-санында Ж.Тілепбергенұлының есімі соңғы рет кездеседі. Жалпы «Кедей» газеті — Жиенғали Тілепбергенұлы шығармашылығындағы үлкен белес. Сонымен бірге газет — Кенжеғали Абдуллин, Құдайберген Жұбанов, Абдолла Құлбеков, т.б. танымал қаламгерлердің шығармашылық ордасы, қаламдарына қуат берген басылым, кәсіби тәрбие мектебі. Архивтердегі сарғайып, көнере бастаған «Кедей» газетінің тігінділерін парақтағанда, Жиенғалидың газетке келуімен «Кедейдің» бетінде «Оқшауша» деген айдар пайда болғанын көреміз. Бұған ең алдымен Жиенғалидың өзі тікелей араласып, басқа да авторларды кеңінен тартып отырған.

Жиенғалидың қазір «әңгіме» аталып жүрген «Қойшығұл қуанышы» шығармасына газетке шыққанда осындай айдар қойылды. «Патент» («Кедей», 24 мамыр 1926 жыл), «Бексіл» («Кедей», 13 қыркүйек 1926 жыл) атты шығармалары да «Оқшауша» айдарымен жарияланды. Жиенғали енгізген жаңа айдар басқа авторлар тарапынан қолдау тапқан.

Филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменше: «Сол тұстағы баспасөзде «оқшауша», «оқшау сөз», «оқшау», «оқшаулау», «шашауша»  және т.б. деп айдар қойылған жарияланымдардың тарихи мәні әлі толық ашылмаған. Баспасөз тарихындағы оқшау сөздің өзіндік мәні – әдебиет пен публицистика жанрларын, қаламгерлік шеберлікті, сөз өнерінің жұртшылықпен байланысын жетілдіруінде. Оқшау сөзді ұлттық баспасөзімізге ғана тән дербес жанр деп танимыз. Ең алдымен бүгінгі фельетондарымыз, қала берді очерктеріміз бен репортаждарымыз, сатираның поэзиялық және прозалық жанрларының біразы осы оқшаулардың аясынан шыққан. Қазақ журналистикасындағы оқшау сөздің жанрлық биігіне көтерілуіне Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Аманғали Сегізбаев, Жиенғали Тілепбергенұлы, Ахмет Елшібеков, Қадыр Тайшықов сынды сатириктер елеулі үлес қосқан. Соған сәйкес Жиенғали Тілепбергенұлын «Кедей» газетіндегі «оқшау сөз» айдарының, кейін фельетонға ұласқан жаңа жанрдың тууына тікелей атсалысқан қаламгер деп білеміз», — дейді.

Жиенғалидың «Кедей» газетіндегі шығармаларының бір ерекшелігі — олардың танымдық сипаты. Қаламгер өз шығармалары арқылы оқырманның түсінуіне жеңіл соқпайтын саяси және экономикалық терминдерді ұғындыруға тырысты. Мысалы, «Жарлы мен байдың арасын айыруға болады» («Кедей», 24 мамыр 1926 жыл) деген мақаласында сол кездегі тап күресінің мән-мағынасын кеңінен ашады, өмірде қалыптаса бастаған кейбір жаңа ұғымдар мен түсініктер жөнінде баяндайды.

Қазірдің өзінде «патент», «вексель» деген терминдердің мағынасын екінің бірі егжей-тегжейлі ашып бере алмайды. «Патент» сөзі латын тілінен аударғанда «ашық, анық» деген мағынаны білдіргенімен, нақты өмірде төрт түрлі мәнде қолданылады. Патент — біріншіден, жаңалық ашқан адамға берілетін куәлік; екіншіден, ол — саудамен немесе кәсіпшілікпен айналысуға құқық беретін құжат; үшіншіден, дипломатиялық істердегі патент — консулдың өз үкіметінен өкілеттік алатын құжаты; төртіншіден, шетелге шығатын кемелердің санитарлық жағдайын білдіретін анықтама. Мұның ішінен газет оқырманына керегі — оның екінші мағынасы, яғни саудамен немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік беретін жағы. Жиенғали «Патент» («Кедей», 24 мамыр 1926 жыл) атты оқшау сөзінде осыған назар аударып, бұл сөздің танымдық мәні мен өмірдегі қолданысын ашып көрсеткен.

«Перизат – Рамазан»

Жиенғали Тілепбергенұлы шығармаларының дені шағын проза жанрында жазылған десек те, оның қазақ драматургиясының қалыптасуы тұсында алғашқылардың бірі болып драмалық туындылар жазғанын әсте атаусыз қалдыруға болмайды. Драматургиялық шығармаларынан да оның төселген қаламгерлік шеберлігі танылады. Өйткені жазушы көркем әңгімелерінің өзінде кейіпкер  мінезін  диалогтар арқылы ашу әдісін ертерек қолдана бастаған. Оның үстіне ұстаздық, журналистік қызметте жүрген кездерінде де ел арасында сахналық шығармалардың көптеп қойылуына, оған жастардың белсенді түрде қатысуына ықпал еткен. Яғни драматургияға ол үлкен дайындықпен келген.

Көзі тірісінде «Тілші», «Перизат — Рамазан» пьесалары араб әліпбиімен Қызылорда қаласында жеке кітапша болып жарық көрген. Сондай-ақ 1923 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне жарияланған бір фельетонның ізімен Жиенғали мен Құдайбергеннің «Кек» деген пьеса жазып, жұртшылыққа  көрсеткені, әйелдер рөлін жігіттер шығарып, байдың бәйбішесін сахнада Жиенғалидың ойнағанын жоғарыда жаздық. Жиенғалидың қаламынан «Перизат — Рамазан», «Тілші», «Күнжан — кедей қызы», «Еңбек ата», «Сүйіскендер», «Ораза», т.б. пьесалар туған. Соның ішінде «Перизат — Рамазан» пьесасына зерттеушілер ерекше тоқталады. Мысалы, белгілі ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев кезінде: «Перизат – Рамазан» сияқты ертерек кезде жазылған шығармаларға біздің театрларымыз творчестволық өмір беру мәселесіне назар аудармай келеді. Егер жақсы коллективтің, шебер режиссердің қолына түсіп, кем-кетігі сыналса, біздің өткен өміріміздің мейлінше мәнді жақтарын көрсетіп, эстетикалық ләззатқа молықтыратын талай драматургиялық шығармалар бар. Солардың бірі — осы «Перизат – Рамазан», — деп, орынды ұсыныс айтқан. Оның осы пікірі ескеріліп, 1995 жылы Ақтөбедегі қазақ театрында «Перизат – Рамазан» көпшілікке ұсынылды. Ақтөбе театрының актерлері жерлес жазушы, драматург Ж.Тілепбергенұлының пьесасын қайтадан жаңғыртып, тірілтті. Жазушының 100 жылдық мерейтойына тарту етілді. Перизат рөлін — Майра Ілиясова, Жарылғаптың рөлін  Орал Байсеңгір ойнады.

Жалпы алғанда, Жиенғали Тілепбергенұлы — әр жанрда өзіне тән қолтаңбасын қалдырған жазушы. Бүгінгі білімді ұрпақ оның шығармаларынан уақыт табын, замана келбетін тани алады. Ж.Тілепбергенұлының шығармалары бізге сол арқылы құнды.

 Жазып алған Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button