Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі жеңілдетілді

Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасуын жеңілдетуге, ашықтықты қамтамасыз етуге, конкурстық үрдістерді қысқартуға бағытталған.

Осы ретте Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларына да тиісті өзгерістер енгізілді. Атап айтсақ, енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға өткізілетін конкурстар 3 сатыдан 2 сатыға қысқартылды. Ендігі уақытта мемлекеттік органның қызметшілері үшін ішкі конкурс және мемлекеттік қызметшілер мен азаматтар үшін жалпы конкурс өткізіледі.

Сондай-ақ бос лауазымдарға арналған конкурсқа қатысу кезінде кандидаттардың тапсыратын құжаттар саны екі есеге азайды, яғни бұдан былай 8 құжаттың (еңбегін растайтын құжат, денсаулығы туралы медициналық анықтама, жеке куәлік, психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдардан анықтама) орнына тек өтініш, 3*4 үлгідегі түрлі түсті фотосы бар қызметтік тізім және диплом тапсырады.

Бұл ретте азаматтардың заңнаманы білуіне арналған тестілеуден өткені туралы сертификаты мен жеке қасиеттерін бағалаудың қорытындысы мемлекеттік органдарда «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріледі.

Кандидаттармен әңгімелесу техникалық бейнежазба құралдарымен белгіленеді, сондай-ақ кандидаттармен әңгімелесу қажет болған жағдайда қашықтан бейнебайланыс арқылы өткізілуі мүмкін.

Егер кандидат конкурстық комиссияның оң шешіміне сәйкес лауазымға ұсынылса, онда тиісті құжаттарды мемлекеттік органның кадр қызметіне 10 жұмыс күні ішінде толық тапсыруға міндетті. Сонымен қатар қағида талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік қызметтен шығарылған азаматтарға (теріс себептермен немесе олардың қызметін бағалау, сынақ мерзімінің не аттестаттау қорытындыларының нәтижелері бойынша қызметтен шығарылғандарды қоспағанда) қызметін тоқтатқан күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тестілеусіз жалпы конкурсқа қатысу мүмкіндігі беріледі.

Г.Мусашева,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button