Білім

 «Бір класс — бір мұғалім»

Жаңа оқу жылының үшінші аптасы аяқталуға жақын. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалар мен педагогтердің денсаулығын сақтау мақсатында биылғы оқу жылы да қашықтан басталған болатын. Дегенмен ата-аналардың өтініштері негізінде мектепалды даярлық, 1-4 сынып оқушылары үшін санитарлық нормалар сақталып, кезекші сыныптар ашылды.

Бүгінгі таңда облыстағы бірнеше балабақша мен мектептерде, кейбір колледждерде кезекші топтар ашылып, сабақтар дәстүрлі түрде өткізіліп жатыр. Министр тапсырмасына сәйкес әр топтағы бала саны 10-15 адамнан аспайды. Яғни «Бір класс — бір мұғалім» қағидасы қалыптасқан.

Сабақты дәстүрлі түрде оқып жатқан қаладағы бірнеше мектептің кезекші топтарының  жұмысымен танысқан едік…

 Бірінші сынып оқушылары ғана дәстүрлі түрде білім алып жатыр

Кезекші топтар ашып, сабақты дәстүрлі түрде жалғастырып жатқан білім ордасының бірі — Ақтөбе қаласындағы №20 мектеп-лицейі. Биыл 1089 оқушымен жаңа оқу жылын бастаған мектепте тек бірінші сынып оқушылары ғана сабақты дәстүрлі түрде жалғастырып жатыр. Ал қалған сыныптар онлайн түрде білім алуда.

— Биыл 1-сыныпқа 108 оқушы қабылдадық. Әрқайсысына 27 баладан келетін 4 бірінші сынып ашылды. Министр тапсырмасына сәйкес, әр сыныптың өзін екі топқа бөліп оқытып жатырмыз. Бұндай жағдайда әр топқа 13-14 баладан келеді. Мектеп барлық санитарлық нормаларға сай жұмыс жасап тұр. Әр сыныпқа арнайы оқу жоспары құрылды. Сабақ 40 минуттан өтеді. Оқушылардың қызуы мектепке кірер алдында және мектептен шығар алдында үнемі тексеріліп отырады. Мектеп-лицейдің кіреберісінде, сондай-ақ дәретханалардың барлығында санитайзерлер қойылды. Мектепке оқушылар екінші аяқкиімдерін алып келсе, бөгде келушілерге тегін бахилалар қойылған, — дейді №20 мектеп-лицейінің директоры Бағдад Урумбаева. Ол сабақтары аяқталған оқушылар өзге топтағы қатарластарымен байланыспауы үшін қосымша есіктен шығатынын айтты.

Мектеп-лицейдің  2-11 сынып оқушылары қашықтан білім алып жатыр. Олар үшін де арнайы сабақ кестесі құрылған. Әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың балалары үшін 75 компьютер мен роутерлер таратылып беріліпті. Алдағы он күндікте аталған отбасылардың балаларына мектеп формалары мен оқу құралдары сатып әперілетін болады.

 Гимназия барлық талаптарға сай жұмыс жасап тұр

Қаланың 12-шағын ауданында орналасқан №51 мектеп-гимназиясында 1- сыныпқа биыл 187 оқушы қабылданыпты. Яғни тек бірінші сыныптың өзі — жетеу. Олардың әрқайсысы екі топқа бөлініп оқытылып жатыр. Мектеп-гимназияның директоры Гүлназия Дәрібаеваның айтуынша, ата-аналардың өтініші негізінде 1-4 сыныптар аралығында оқитын 306 оқушы биылғы оқу жылын дәстүрлі түрде бастаған. Ал 2-4 сынып аралығында оқитын қалған 582 оқушы сабақты қашықтан оқып жатыр.

— 1-4 сынып оқушылары кезекші топтарға бөлініп сабақты дәстүрлі түрде оқып жатса, 5-11 сыныптарда оқитын балаларымыз биылғы оқу жылын қашықтан оқып жатыр. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар ұстаз ретінде барлық санитарлық талаптар сақталып тұрғандықтан бастауыш сыныптардың дәстүрлі түрде оқығаны дұрыс деп білемін. Мектепке келіп жүрген әрбір оқушының бірнеше медициналық маскасы мен қолын тазалап отыратын антисептикалық құралдары болуы тиіс. Ал медициналық бетпердесін үйіне қалдырып кеткен жағдайда оқушыларға беру үшін мектептің кіреберісіне арнайы маскалар қойылды. Оқушылардың барлығы мейірбикелердің бақылауында. Мектепке келген кезде және сабақ аяқталған соң қызуларын тексеріп отырады. Оқушылардың бір-бірімен көрісіп, байланыспаулары үшін мектептің әр жағында орналасқан 6 қосымша есіктері жұмыс жасап тұр, — дейді мектеп-гимназияның директоры.

Айта кетейік, оқу бағдарламаларына сәйкес барлық сыныптар 40 минуттан оқиды. Тек 1-сынып оқушылары ғана қазан айына дейін 35 минуттан оқып жатыр.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button