Абай — 175

Абай өлеңдерінің жинағы табылды

Қостанайда 1939 жылы латын қарпінде жарық көрген Абай өлеңдерінің жинағы табылды.

Кітапты ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қызметкері Мырзабек Тұйғанов жұмыс орнына әкеліп, әріптестеріне таныстырған.

— Құнды еңбек маған нағашы атамның інісі, марқұм Серемет Асылбекұлынан мұра болып қалған. Ол кісі кітапты көп оқитын және сирек шығарылатын шығармаларды жиі жинайтын еді. Жас кезімде ауылға бір барғанымда нағашым осы латын қарпінде жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағын сыйға тартқан болатын. Сол уақыттан бері кітап менің үйімде сақталып келді. Биыл Ұлы Абайдың туғанына 175 жылдығы тойлануда. Сондықтан кітапты үйде сақтағанша, онымен арнайы тіл мамандары танысып, зерттесін деген ниетпен таныстырып отырмын, — дейді кітап иесі М.Тұйғанов.

Кітаптың алғы сөзін Сәбит Мұқанов жазған. Құнды еңбекке ұлы ақынның өлеңдерімен қатар «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт» поэмалары енген.

Абай өлеңдері топтастырылған кітап негізі екі том болып жарыққа шыққан. Табылған еңбек — соның бірінші томы. Екінші томы 1940 жылы Мұхтар Әуезовтің алғы сөзімен жарық көрген екен. Кітаптың сыртқы мұқабасы тозған, алғашқы бетіндегі алғы сөздерден бірнеше бет және соңындағы түсініктемелерден бірнеше бет жоғалған. Ал қалған өлеңдер мен поэмалары толық сақталған, — дейді Қостанай академиясы коммуникация бөлімінің басшысы Құрбанәлі Ермұратов.

Мырзабек Тұйғанов кітапты ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының мұражайына табыстаған.

Айта кету керек, академия мұражайында Мұхтар Әуезовтің домбырасы, Шырақбек Қабылбаевтың жеке бұйымдары мен қолжазбалары сақталған.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button