Абай — 175

Абай мен Пушкин өлеңдері жатқа оқылды

Ақтөбе қаласындағы А.С.Пушкин атындағы мәдениет және демалыс саябағында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай әлеміндегі ұлылар үндестігі» атты жыр кеші өтті. 

Шараны бастаған Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова қалалық кітапхана жүйесі бойынша жыл басынан бері 60-тан астам көпшілік шара өткізіліп, 2140 адам қамтылғанын, Абай күнінде қаламыздағы Абай даңғылы бойындағы гүлзарда «Әлем таныған Абай» сұхбаты ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Ал философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақынның мерейтойы жылында «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан», «Абай — рухани реформатор» атты мақалалар жазғанын, Абай мұрасының мәңгілік екенін, оны жас ұрпаққа мейлінше дәріптеу керектігін баса айтты.

Ақынның бізге жеткен 8 мың өлең жолы, 45 қарасөзі, қырыққа жуық әні, 3 күйі, 3 поэмасы бар. Қазіргі уақытта хакім Абайдың тағылымдарын құрметтеп, өлеңдерін жатқа оқып, әндерін тамаша орындайтын жастар көбейіп келе жатыр.

Бұған дәлел — жыр кешіне айналған осы шара. Қала мектептерінің оқушылары бірінен соң бірі ортаға шығып, Абайдың, Пушкиннің өлеңдерін жатқа айтты. Атап айтсақ, №11 мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Виктор Тимофеев Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңін толық жаттап алып, мүдірместен оқып берді. Ал №63 орта мектептің 6-сынып оқушысы Ақжан Ахметжанқызы ақынның «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін, №28 орта мектептің 4-сынып оқушысы Асан Мұхамедияр Пушкиннің «Руслан и Людмила» поэмасынан «У Лукоморья дуб зеленый» үзіндісін жатқа айтты.

Сондай-ақ бұл кеште «Ақтөбе вокалды аспаптық ансамблі» тобы ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындады. Қалалық Мәдениет үйінің әншісі Дастан Қабылов домбырада «Сегіз аяқ» әнін шырқағанда жұртшылық ұйып тыңдады.

Шара барысында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Айбек Көпенов, кәсіпкер, Табылды Досымов атындағы қоғамдық қордың құрылтайшысы Бижан Қалмағамбетов, қоғам белсендісі Алмас Жантекенов сөз сөйлеп, белсенді қатысушыларды естелік сыйлықтармен марапаттады.

Қазақ және орыс әдебиетінің алып тұлғалары Абай және Пушкин шығармашылығын насихаттап, жастардың сөз өнеріне құштарлығын оятуды мақсат еткен шараны Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен №1 Абай атындағы қалалық кітапхана мен №2 Пушкин атындағы қалалық кітапхана ұйымдастырды.

Саябақтағы Пушкин ескерткіші маңында үстел үстіне жайылған кітап көрмесі мен қойылған көрнекіліктер тақырыпты аша түсті.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button