Абай — 175

Ырғызда «Библио-такси» жобасы жүзеге асырылды

Биыл «Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында оқырмандарға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы ұсынылған болатын. Осыған орай Ырғыз аудандық орталықтандырылған кітапханасында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Кітапхана әдіскері Арайлым Нұрмаханованың айтуынша, биыл ауданда кітапхананың ұйымдастыруымен «Библио-такси» жобасы қолға алынған.

— Аталған жоба аясында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының әндері мен жырларына шеру жасалып, жолаушы оқырмандарымыз ақынның әуендері мен жырларын тауып, орындап  берді. Осылайша дұрыс жауап берген оқырмандар межелі бағытына тегін жеткізу қызметіне ие болды. Бұл жобаны кітапханамыздың кітапханашылары Айбану Мұхамбетқали және Жаңылсын Тұрар жүргізді, — дейді А.Нұрмаханова.

Ал Ырғыз аудандық балалар кітапханасы «Кітап — менің әлемім»  жобасы аясында ұлы ақынның төрт мезгілге арналған өлеңдерін насихаттау мақсатында «Абай — табиғат жыршысы» атты сурет сабағын өткізді.  Жоба жетекшісі — кітапханашы Ақнұр Тілеуқабыл. Сондай-ақ осы жоба аясында аудан оқырмандары ақынның  төрт мезгілге арнаған жырларын  жатқа оқыды.

Бүгінгі күні аудандағы барлық кітапханаларда «Абайдың ақындық кітапханасы»  атты тұрақты  кітап көрмелері  жасақталып, оқырмандарға ұсынылуда.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Марат Мырзалының айтуынша, бүгінгі күні ауданда шектеу шараларына байланысты «Библио-такси» жобасы тоқтап тұр.  Алдағы уақытта бұл жоба жалғасатын болады.

Биыл Үкіметтің қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып бекітілді. Бұл — ұлы ойшылға көрсетілген лайықты құрмет. Осы орайда ауданымызда Абай есімімен аталған көшені орталық көшелердің біріне ауыстыру мәселесі оң шешімін табады деп сенеміз. Сондай-ақ алдағы уақытта аудан орталығында ұлы ақынға арнап еңселі ескерткіш қойылып, Абай Құнанбайұлының біздің өлкемізге қатысы туралы дерек жазылған тақта орнатылса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл қомақты қаржыны қажет ететін шаруа екені белгілі. Дегенмен Абай есімін ұлықтау — ортақ парызымыз, — дейді М.Мырзалы.

Д.ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button