Денсаулық

«Құпия пациент» медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырады

Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетілуі үшін медицина мамандарының біліктілігі жоғары болуы тиіс. Осы ретте облыс аймағындағы  медициналық ұйымдар жұмысы  белгілі бір уақыт аралығында құпия пациенттер арқылы тексеріледі. Жоба бойынша  медициналық ұйымдардың қызметкерлері оқытылады.

Филиал қызметкерлері тұрақты түрде каскадты әдіспен медицина қызметкерлерін оқытуда. Осылайша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі азаматтардың мәртебесін анықтайтын, сақтандырылған мәртебесін берудің, медициналық қызметтерді қашықтан алудың және тағы басқа  алгоритмдерді жасады. Сонымен бірге, медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне  «Saqtandyry» ақпараттық жүйесін, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің, яғни ТМККК және МӘМС медициналық қызметтер пакеттерінің түрлері оқытылды. Қызметкерлер осы бағыттағы жұмыстарды білуі тиіс. Мәселен, облыстағы  35 алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының әрқайсысында, арнайы МӘМС-ке байланысты туындаған сұрақтарға толық ақпарат беру үшін бекітілген 5 жауапты қызметкер бар. Олардың барлығы оқытылды. Олар өз алған білімдерін өз ұжымындағы қызметкерлерге айтады, яғни оқытады. «Құпия пациент» жобасының нәтижелері бойынша бес қызметкердің  жұмысы күшейтіледі, – дейді медициналық сақтандыру қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев.

«Құпия пациент» арқылы тексеру барысында ТМККК және МӘМС шеңберінде медицина қызметкерлерінің қызмет көрсету саласындағы білімі мен дағдылары бағаланады. Белгілі бір сценарийлерге сәйкес құпия пациенттер медициналық мекемелерге қоңырау шалу арқылы жүргізіледі. Тексеру аяқталғаннан кейін арнайы бланкілер толтырылады, онда барлық ескертулер мен бағалар енгізіледі. Батырбек Нұрғалиевтің айтуынша, «Құпия пациент» жобасы бойынша тексерістің нәтижесі медицина қызметкерлерін жазалау мен жұмыстан шығаруға негіз болмауы тиіс.

Жалпы биылғы жылға облыстағы 63 медициналық ұйым  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалымен келісімшарт жасады. Оның ішінде 35 мемлекеттік медициналық ұйым, 28 жекеменшік ұйым бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button