Жаңалықтар

Игі істер бастамасы

С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұжымы арасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауы тыңдалып, мазмұны жан-жақты түсіндірілді.

Президент өз Жолдауында еліміздің экономикасы мен әлеуметтік жағдайын тұрақтандыру бағытында  нақты тапсырмалар берді. Ең бастысы — пандемияға қарсы күрес, мемлекетіміздің денсаулық саласын дамытып, нығайтуға ерекше ден қойылды.

Кітапхана директоры Бақтылы Қошабаева: «Мемлекет басшысының халыққа арнаған кезекті Жолдауы ең басты бағыттарды айқындады. Халық Жолдауды жыл сайын үлкен үмітпен күтетіні анық. Биылғы Жолдаудағы қуантарлық басты мәселелердің бірі — Президент еліміздің денсаулық саласын дамытып, жандандыруда елді мекендерде медициналық пункттердің көптеп салынатынын сөз етті. Сонымен қатар барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың дәстүрлі тәсіліне тезірек қайта оралу жайында айтқан сөздері де көңілге қуаныш ұялатты», — деді.

Ал кітапханадағы құжаттарды жинақтау, өңдеу және каталогтар ұйымдастыру бөлімінің кітапханашысы Зоя Маханова Жолдауда нақты мәселелер қозғалғанын, әсіресе, карантинде еліміздегі кіші және орта бизнес өкілдері қиын кезеңдерді бастан өткергендерін, оларға барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Шарада өлкетану бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Снабаева Жолдаудың маңыздылығына тоқтала келе, оны халық арасында насихаттауда мәдениет қызметкерлерінің міндеті зор екенін жеткізді.

Жолдауда айтылған жемқорлыққа қарсы күрестің күшейтілуі, еліміздегі денсаулық саласын жандандыру, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлауға тосқауыл қою секілді өзекті мәселелер жиын барысында жан-жақты талқыланды.

           Марал ЖАЛҒАСҚЫЗЫ,

С.Бәйішев атындағы облыстық

әмбебап-ғылыми кітапханасының қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button