Жаңалықтар

Сапа және мониторинг

Адалдық алаңы

Жақында «Ақтөбе адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері облыстық денсаулық сақтау және білім басқармаларымен бірлесіп, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарда тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша мониторинг жүргізді.

Осыған байланысты адалдық алаңы өкілдері облыстық перинаталдық орталықта, Қарғалы қалалық ауруханасында, облыстық медициналық жедел жәрдем ауруханасында және облыстық балалар клиникалық ауруханасында болды.

Медицина мекемелеріндегі мониторинг жұмыстары барысында кемшіліктер байқалған жоқ. Азық-түліктердің сақталу мерзімі талапқа сай және барлығы тоңазытқыштарда сақталуда. Мұндағы барлық азық-түліктер мемлекеттік сатып алулар арқылы жүзеге асады. Мердігер бекітілген келісімшартқа байланысты жыл бойына сұранысқа сай азық-түлік өнімдерін  ауруханаларға жеткізіп береді. Мекеме басшыларының айтуынша, қазір мемлекеттік сатып алулар бойынша ешбір мердігер компаниялармен арада қиындықтар туындап жатқан жоқ. Жұмыс жүйелі түрде атқарылып жатыр.

Жұмыс тобы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан Ақтөбе қаласындағы №33 мектепке де барды. Мектептің бірінші ғимараты 1936 жылы, ал екіншісі 1963 жылы салынған. Оқу ордасының сыйымдылығы  — 960 орындық. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер мекеме — «KND Construction» компаниясы. Келісімшарт қаражаты — 168,6 млн теңге. Төленген қаражат — 89,7 млн теңге. Күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталып, 5 қазан күні тапсырылады деп жоспарлануда. Бірақ мектеп директорының айтуынша, жұмысшылардың аздығына және жұмыстың көптігіне байланысты мердігер компания айтылған уақытта жөндеу жұмыстарын тапсырып үлгермейді. «Ақтөбе — адалдық алаңы» өкілдері бұл мәселені өз бақылауына алды.

Айта кету керек, жыл басынан бастап «Адалдық алаңының» сараптама тобының мүшелері денсаулық сақтау, білім саласы, «Сапалы жол» жобасы аясында, сондай-ақ азық-түлік өнімдері және т.б. салаларда 70-тен астам мониторинг жұмыстарын жүргізді.

 Зульфия НАБИУЛИНА,

 «Ақтөбе адалдық алаңы»

жобалық кеңсесінің баспасөз хатшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button