Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде 431 миллион теңгенің қағаз өнімі өндірілді

Қарапайым заттар экономикасы

Мәліметтерге сүйенсек, әлемде жылына 400 миллион тонна қағаз қолданылады.  Қазір әлем бойынша қағазға деген сұраныс артқан. Соңғы екі-үш жылдықта елімізде қағаз бен қағаз өнімдері өндірісінің көлемі 60 миллиард теңгеге жуықтапты.

Бүгінде облыста «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын дамыту шеңберінде қағаз өндірісі ерекше басымдыққа ие. Биыл аймақта қаңтар-маусым айлары аралығында қағаз өнімдерін өндіру көлемі 431,1 миллион теңгені құрапты.  

Жобалар және несие қаражаты

 

Облыста «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша өңірлік жобалау кеңсесі жалпы сомасы 25,8 млрд теңге болатын 178 жоба негізінде жұмыс жүргізуде. Оның ішінде 17,3 млрд теңгелік несие сомасына 161 жоба мақұлданыпты. Биыл соның 78-і жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге мақұлданды. Оның ішінде көктемгі егіс жұмыстары бағытында 9 жоба 631 млн теңгеге қаржыландырылған.

Қазіргі таңда жалпы несие сомасы 2 млрд теңгені құрайтын 12 жоба қаржы институттарының қарауына жіберіліпті. Сондай-ақ несие сомасы 6,5 млрд теңге болатын тағы бес жоба пысықталу сатысында тұр. Яғни несиені құрылымдау, қаржылық модельді есептеу, өтімді кепіл іздеу сияқты мәселелер жан-жақты қарастырылып жатыр.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілі Дидар Боранқұловтың айтуынша,  мақұлданған жобалардың ішінде аграрлық-өнеркәсіптік кешенді дамытудағы жобалардың үлесі жоғары. Яғни 134 жоба 10,9 млрд теңге несие сомасы бойынша қаржыландырылған. Тамақ өнеркәсібі — 6 (1,5 млрд теңге), құрылыс индустриясы —  8 (1,0 млрд теңге), білім беру — 5 (1,4 млрд теңге), сондай-ақ жиһаз өндірісі саласында (98,0 млн теңге) және қағаз өндірісінде (285,0 млн теңге) екі жобадан, жеңіл және химиялық өнеркәсіп, көкөніс сақтау және денсаулық сақтау саласы бойынша бір-бір жобадан мақұлданған.

 

Қағаз өндірісі: су мен энергияның үлесі

 

«Қазақпарт» ВВС таратқан мәліметтерді келтірген. «Компьютерлер, смартфондар мен электронды кітап дәуірінде газеттер мен кітаптардың дәурені өтті деп ойласаңыз — қателесесіз. Себебі қағаз өндірісі гүлденіп жатыр», — деп жазған ВВС. Мақала авторының айтуынша, бүгінде әлемде жылына 400 миллион тонна қағаз қолданылады. «Ақша, картон қорапшалар, түбіртек, тамақ пісіруге арналған қағаз, жұмыртқа қағазы, құттықтау ашықхаттары және тағы да басқа ұсақ-түйексіз өмірді елестету мүмкін болмай кетті. Біз қолма-қол ақшасыз қоғамға қарай аяқ басқанымызбен, қағазсыз қоғамды елестету мүмкін емес», — делінген.

Бүкіл әлем бойынша қағазға деген сұраныс артқан. «Бүгінгі күні біз бірреттік пластмассадан бас тартып жатқандықтан, оның орнын алмастыруға негізгі «үміткер» қағаз болып отыр.

Соңғы жылдары көп сала өкілдері қағаз пакеттерге көшті. Дегенмен шын мәнінде қағаз қаншалықты тұрақты? Оның қоршаған ортаға қандай әсері бар?» — дейді автор. Оның сөзінше, қағаз өндірудің әр сатысы суды қажет етеді. «Өндіріс саласы суды өте көп мөлшерде қажет етеді. Бір ғана А4 қағазын дайындау үшін 2-13 литр су қажет. Қағаз өндірісі бойынша бірінші орында Қытай тұр. Онда жылына қағаз өндіруге үш триллион литр су кеткен» делінген мақалада.

Қағаз өндірісі көп энергияны да қажет ететін болып шықты. «Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әлемдік қағаз өндірісі жылына 6,4 экзаджоуль (ЭДж) энергияны тұтынады. Бұл — 87 триллион кесе шай қайнатуға жететін энергия. Сонымен қатар әлемдік қағаз өндірісі үшін жылына 100 миллион гектар орман кесіледі», — деп жазады ВВС.

Бүгінде қағаз қалдық ретінде емес, тек тауар ретінде қарастырылады. Дегенмен оның экологияға әсерін де ескеру керек.

Жаңылайдың жобасы

 

Ақтөбедедегі көпбалалы ана Жаңылай Ыбыраева қағаз майлықтарын өндіріп жатыр. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кәсіпкердің startup жобасын өңірлік кәсіпкерлер палатасы сүйемелдеген.

Жаңылай мұндай идеяны жүзеге асыру туралы ой былтыр туындағанын айтады. Ол жергілікті кәсіпкерлер палатасы арқылы бизнес бастаушыларға ерекше қолдаудың болатынын білген.

Бүгінде «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес бастаушыларға жеке кәсіпкерлігін ашу, бизнес-жоспар әзірлеу мен  қаржыландыруға қолдау танытады. Бұл орайда Жаңылай Ыбыраеваға мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген жолмен несие берілген. Ол үшін кәсіпкер қажетті құжаттарды жинап, несие талаптарын орындауға тырысқан. Нәтижесінде «Нұрбанк» АҚ жергілікті филиалында Жаңылайдың жобасы бойынша несие рәсімделген.

Кәсіпкерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға 5 миллион теңге несие қаражаты  60 ай мерзімге субсидия алу мүмкіндігімен берілді. Яғни клиентке несиенің жылдық үстемеақысының 9 пайызын мемлекет қаржы институты арқылы субсидиялайтын болса, 6 пайызын клиент өзі төлейді. Бір айта кетерлігі, клиент жеңілдік мерзімін алған жоқ, бірден төлем жасай бастады, — дейді «Нұрбанк» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Айнұр Медетова.

Биыл жыл басында «Ибраева» жеке кәсіпкерлігі Қырғызстаннан қағаз өндірісі үшін тапсырыс берілген жабдыққа қол жеткізді. Ақпан айының соңында желі іске қосылды. Кәсіпкер карантинге қарамастан, қағаз майлықтарын өндіру үшін істі бастап кеткен.

Қазіргі күні мен декреттік демалыста жүрмін. Төрт балам бар. Балаларымның болашағы үшін өз ісімді бастауға шешім қабылдадым. Бүгінгі күнге дейін өндірісті бір күн болса да тоқтатқан жоқпын. Өнім өткізуде де кедергі жоқ, — дейді Жаңылай Ыбыраева.

Жаңылайдың айтуынша, оның шығарған өнімдеріне қоғамдық тамақтану орындары мен стоматология кабинеттері өкілдерінен, сол сияқты жеке тапсырыстар оның туыстары мен көршілерінен, таныстарынан көптеп түсетін көрінеді. Кәсіпкер өз бизнесі жайында @Qagaz_kz іnstagram парақшасында жариялаған, сол арқылы тапсырыс та қабылдайды.

Әзірге отбасымызбен жұмыс жасаймыз. Болашақта кәсібімді кеңейту, өнім түрлерін көбейту жоспарымда бар. Атап айтқанда, орама майлықтар мен дәретхана қағазын шығаруды ойластырып жүрмін. Ең бастысы — өз алдыңа жеке өндірістік ғимарат сатып алсақ, қосымша жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі туар еді, — дейді Жаңылай Ыбыраева.

Бүгінгі таңда цехта  күн сайын 600 бума қағаз майлығының Qagaz.kz брендтік қаптамасымен екі түрі шығарылады. Әзірге оның шығарған өнімдері сауда желілерінің сөресіне қойылған жоқ. Бұл орайда палата мамандары осы мәселені оңтайлы шешу жағын қарастырып жатыр.

Бұл — стартап жобасы. Сондықтан шағын өндіріс саналады. Яғни нарық конъюнктурасында қатты өзгерістер болған жағдайда қайта бейіндеу мүмкіндігі болжанады, — дейді Дидар Боранқұлов.

 

Қай өңір көш бастайды?

 

Былтыр елімізде жыл басынан бастап қыркүйекке дейін 47,6 миллиард теңгенің қағаз бен қағаз өнімдері өндірілген. Бұл туралы Energyprom.kz зерттеушілері мәлімдеген. Өнеркәсіп өндірісінің индексі былтырғы осындай кезеңге қарағанда 103,3 пайыз болыпты. Қағаз өнімі Алматы облысында ең көп өндірілген. Көрсеткіш — 14,9 миллиард теңге. Бір жылда 27,8 пайызға артқан. Сол сияқты Шымкентте қағаз бен қағаз өнімдері бір жылда 30 пайызға көп өндірілген. Дәл мұндай көрсеткіштер республиканың өзге өңірлерінде болған жоқ. Белгілі болғандай, елімізде қағаз бен қағаз өнімдерінің ішінде ең көп өндірілетіні — қорап, жәшік және сөмке. Былтыр қаңтар-қыркүйек айларында осындай 69,3 мың тонна өнім өндірілді, өнеркәсіп өндірісі индексі — 100,9 пайыз.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары  қағаз бен картон өндіру көлемі айтарлықтай артқан. Сол сияқты дәретхана қағазы өндірісі мен қол сүртетін қағаз, косметикалық қағаз майлықтар шығару көлемінде де көрсеткіштер жоғары.

 

Қағаз майлықтар немесе импорттағы оң динамика

 

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Ақтөбе өңірінде «Қазқағаз» ЖШС өндіруші компаниясы бар. Аталған компания қағаз майлықтарын шығарады және қағаз өнімдеріне ішкі сұранысты қамтамасыз ететін бірқатар жобаларды іске асырады.

Биыл қаңтар-маусым айларында Ақтөбе облысы бойынша қағаз өнімдерін өндіру көлемі 431,1 миллион теңгені құрады. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 108 пайызды құрайды. Биыл маусым айында өнім көлемі 69 миллион теңгеге жетті. Яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,3 пайызды құрады, — дейді палата өкілі Дидар Боранқұлов.

Облыста қағаз өнімдерінің импортын талдауда қағаз майлықтары бойынша құндық та, заттай мәнде оң динамика көрсетілген. Жалпы, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша импорт көлемі 1359 мың АҚШ долларын, ал 2018 жылы

1253 мың АҚШ долларын құраған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button