Жаңалықтар

Стандартты 80 жылыжай салынады

Ақтөбеде бірден 80 жылыжай пайда болады. Бұл берекелі істі «Бұтақ» өндірістік кооперативі қолға алып отыр.

Аталған кооператив сонау тоқсаныншы жылдары пайда болған-ды.  Ұжымшарлар мен кеңшарлар таратылып, жекешелендіру реформасы аясында экономикаға бейімді жаңа шаруашылық субьектілері құрылған болатын. 1994 жылы Пригодный кеңшарының бөлімшесі Акшат селосында қайта құру басталған кезде ұжымшар мүшелері өз пайларын біріктіріп,  «Ақшат» өндірістік кооперативін құрған болатын. Алғашқы кезде кооператив құрамында 330 адам болған. Кейін оның атауын «Бұтақ» деп өзгерткен.  Оның басы-қасында жүрген кооператив басшысы Берген Ғаббасовтың айтуынша, бүгінде кооператив құрамында 69 адам бар. Кооператив мүшелері көп жылдан бергі тәжірибесімен бөлісуге әзір.

—  Қатысушылар жиналысының шешімі бойынша қаулы қабылданып, кооперативтің 40 мүшесі бірауыздан жаңа жобаны жүзеге асыру үшін барлығы 427 гектар жердің 32 гектар аумағын бөліп қойдық. Бұл жерге 80 стандартты жылыжай салынатын болады. Біздің ең басты мақсатымыз — жермен жұмыс істеймін деген ынталы азаматтарға қолжетімді бағада кәсіппен айналысуына мүмкіндік беру, — дейді  Берген Ғаббасов.

Жоба аясында бір адамға 40 сотық жер жалға беріледі. Осы жердің 10 сотық аумағына картоп, сәбіз, жуа секілді көкөністерін ексе, 10 сотық аумағына жылыжай салынады, қалған 20 сотық жеріне алма ағашы егіледі.

—  Жерді кооперативтен жалға алушы кооперативтің жалпы жиналысында белгіленген мерзімде барынша пайдаланады. Жалға алушы өндірістік кооператив құрамына кіруі тиіс. Тиісінше, жарна төлейді. Ал біздің тарапымыздан бастапқы кезде кәсіпкерлерге жылыжай салу, алма ағаштары көшеттерімен қамтамасыз ету сынды көмек көрсетілсе, жылыжай жұмыстарын реттеуге, алма ағаштары күтіміне қатысты ұдайы кеңес берілетін болады, — дейді бағбан.

Бүгінде кооператив осы жоба аясында салынған алғашқы жоба — алғашқы жылыжайын салып, өнім алып та үлгерді. Кооперативтің бір  мүшесі Руслан Мырзагелдиев сәуірде жұмысты бастап, мамыр айында қияр  егіп, шілде айында өнім алды. Бір айта кететін тұс — Руслан өнімнен табыс тапқанша жерді жалға алу құнын төлеген жоқ.

— Біз кәсіпкер өнім алғанша, сол өнімнен табыс тапқанша жалдау құнынан босатамыз, яғни кәсіпкер оны өз қалтасынан емес, өнімнен түскен пайдадан төлейді. Бұл кәсіпкер үшін үлкен көмек. Руслан шілде айынан бастап қиярын сатылымға шығарып, күніге 100-150 мың теңгенің өнімін сатты. Қиярдың бір келісі 250 теңгеден сатылды, бұл нарықтағы бағадан арзан. Жарты жыл ішінде жоба пайдалы екендігін көрсетті. Яғни жоба тек кәсіпкерге ғана табыс табуға көмек көрсетіп қана қоймайды, тұрғындарды арзан және жергілікті жаңа піскен өніммен қамтамасыз ету үшін де тиімді. Бүгінде Русланның жылыжайында қызанақтар,  кәді, асқабақ, қырыққабаттың бірнеше сорты өсіп жатыр. Оған қоса алма ағаштары да отырғызылды, — дейді ол.

Бұл жылыжайлар кемінде 4-5 ай өнім береді екен. Ал барлық жұмысы автоматтандырылған 4,5-ші буынды инновациялық жылыжайларда кемінде 6 ай өнім береді.  Екеуіндегі айырмашылық — 1-2 ай ғана.

— Бізде жылыжайлар қарапайым әдіспен  жұмыс істейді, яғни терезелерді қолмен ашып-жабу керек, барлық жұмыс қолмен жасалады. Инновациялық жылыжайлар салу үшін қомақты қаражат керек, оны көпшіліктің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан көпшіліктің қолжетімді болуы жағына мән бердік, — дейді Б.Ғаббасов.

Оның айтуынша, жылыжай салу үшін, жұмысты бастап кету үшін 2-3 миллион теңге қаражат болса жеткілікті. Осы қаражатқа жылыжай да, көкөністі сақтау үшін шаруашылық құрылыс пен жұмысшыларға арналған орын да салуға болады. Сумен, электр энергиясымен қамту мәселесі шешілген, газбен жабдықтау жұмыстары бір-екі жылдықта жүргзілетін болады.

Кооператив мүшелері жылыжайды күтіп-баптау, суару, артық бұтақтарды кесу секілді жұмыстарға қатысты үнемі кеңес беріп, қадағалап отырады. Кәсіпкерге екі жоба ұсынылып отыр, бірі осы — тез өнім беретін жылыжай болса, екіншісі, ұзақ мерзімдісі —  алма өсіру жобасы.

«Бұтақ» өндірістік кооперативі алма ағаштарын өсірумен 2014 жылдан бері айналысып келе жатыр. Қазіргі таңда 42 мың алма ағашынан тұратын үлкен орман бағы бар. Өнім жыл сайын Ақтөбенің нарығында сатылып жүр. Берген Ғаббасовтың айтуынша, Ақтөбенің жері алма өсіруге өте қолайлы.

— Бүгінде біздің алма бағында ранетка, антоновка,  брат чудного, уральское наливное, спартак сынды 17 түрлі жергілікті сортты алма ағаштары бар. Алма ағаштары 3-4 жылда жемісін бере бастайды және олар көпжылдық өсімдік. Алма ағашынан жақсы пайда табуға болады. 20 гектар жерге 200 алма ағашын ексе, бір ағаштан кемінде 50-60 келі өнім алуға болады. Алма ағашынан, жылыжайдан жылына кемінде 9-10 миллион табыс табуға болады.  Біздің болжамды экономикалық есебіміз осындай. Қазіргі уақытта оны іс жүзінде дәлелдеп те отырмыз. Біздің орман бағында өскен алма Ақтөбенің базарларында, сауда желілерінде сатылымға шығарылып жүр, — дейді Берген Ғаббасов.

Бағбанның айтуынша, болашақта бұл жер жылыжай аумағымен қоса үлкен орман бағына айналады. Себебі мұнда бірыңғай алма ағаштары ғана емес, басқа да ағаштар кәдімгі ормандағыдай бойына, деңгейіне қарай отырғызылатын болады.

— Оны орман бағы (лесосад) дейміз. Мұнда ағаштар күтіміне, бойына қарай егіледі. Мәселен, бір қатарға күннен қорғап, көлеңкесін түсіріп тұратын қайың, қарағай, емен секілді биік ағаштар, екінші қатарға алма, мойыл ағаштары, одан кейін шие, қарақат, итмұрын сынды бұталар, одан кейінгі деңгейде құлпынай, таңқурай секілді жидектер егіледі. Осылайша олар бір-бірімен жарық, су және қоректік заттар үшін аз «бәсекелеседі».  Ағаштардың арасында 22 метрдей ашық алаңқай болады. Ол жерлерге араларға арналған бал өсімдіктерін егеміз, себебі біздің өзіміздің омарталарымыз бар.

Ойылдың ормандарында да ағаштар дәл осындай ретпен өсіп жатыр. Бұйырса, біздің де осындай орманымыз болады. Мақсат — биалуантүрліліктің болуы. Ағаштармен бірге, әрине, тары, бидай, арпа сынды  астық тұқымдасына жататын біржылдық шөптесін өсімдіктер де егіледі. Орман толық қалыптасып болғанша жылыжай жұмысын реттейміз, — дейді бағбан.

Болашақта орман алқабы болатын жер Ақжар-2 елді мекені аумағында орналасқан. Қалаға жақын. Қазіргі уақытта жылыжай салу үшін 40 адам өтініш берген. Бүгінде олар құжаттар әзірлеп жатыр. 1-2 аптаның ішінде жерді бөлу, жер актілерін алу, тіркеу жұмыстары толық аяқталса, жұмыс басталады.

—  Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы 40 адамның 20-сы төмен пайызбен несие алып, кәсіптерін бастауға ниеттеніп отыр. Біз бағдарламаға қатысуға қажетті барлық құжаттарды әзірлеуге көмектесеміз. Оған қоса тағы екі адам «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы мемлекеттік бағдарлама бойынша өздерінің стартап жобалары үшін 550 мың теңге көлемінде грантқа  ие болып отыр. Олар құлпынай өсіргісі келеді, осы мақсатта құлпынай өсіруге тағы қосымша 60 сотық жер бөліп отырмыз, — дейді Б.Ғаббасов.

Бағбанның айтуынша, бүгінде жылыжай салу — аса қажетті және тез табыс түсіретін кәсіптің көзі. Себебі қазіргі уақытта ауа райы құбылмалы болып отыр. Яғни сырттағы ауа райына тәуелді болмайтын жылыжайдың болуы кәсіпкер үшін де, тұтынушы үшін де тиімді.

— Жылыжай салу оңай, ақша болса тез-ақ салуға болады. Мәселе — өнім алуда. Біз сол өнімді алуға көмектесеміз. Тәжірибесіз, білімсіз адам жермен жұмыс істей алмауы мүмкін, біздің тәжірибелі мамандар бастан-аяқ қолдау көрсететін болады, — дейді Б.Ғаббасов.

Кооперативте су мәселесі де толығымен шешімін тапқан. Жұмыс істеймін деген адам су тапшылығынан қорықпауына болады. Кооператив базасында арнайы бұрғылау көліктері бар. Екі жылдың ішінде 36-82 метрге дейін қазып, 8 жерден су шығарып, құдық қойған.

— Жоғарыда айтқанымдай, жұмысты бастап кету үшін кемінде 2-3 миллион теңгедей қаражат болуы керек. Бұл табысты кәсіп бастау үшін аса көп қаражат емес. Осы қаржыны айналдырып әкетуге болады.   Қазіргі уақытта маман тапшылығы күрделі мәселе болып отыр. Расын айту керек, көктемде келіп, күзде кететін өзбек ағайындарымыз бар. Ең маңыздысы — олар нағыз маман, өз ісінің білгірі. Қазір біз олардан көп нәрсе үйреніп жатырмыз, өзім де өсімдік шаруашылығына қатысты солардан көп нәрсе үйрендім, — дейді бағбан.

Өндірістік кооперативтің бұл жобасына өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да қызығушылық танытып отыр. Палатаның «Егістен сөреге дейін» деп аталатын жобасы аясында  жылыжайда өсірілген өнімді тікелей сауда сөрелеріне шығаруға мүмкіндік болар еді. Жақында өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасының менторы Гүлнар Сейтжаппарова «Бұтақ» өндірістік кооперативі басшылығымен кездесіп, «Егістен сөреге дейін» жобасы аясында қолдау көрсету мақсатында келіссөздер жүргізілген.

… Берген Ғаббасов Донецкідегі политехникалық институтында, Санкт-Петербургтегі мемлекеттік экономикалық институтта білім алған. Кейін 10 жылдай шахтада жұмыс істеген.

—  Мен жердің астында да, үстінде де жұмыс істеп көрдім. Біздің жеріміздің асты да, үсті де толған кен, тұнып тұрған байлық.  «Терін төксе жеріне, жер тілеуін береді» деген мақал тура айтылған. «Жері байдың — елі бай» дейді. Ең алдымен жерімізді байытуымыз керек, сонда еліміз де бай болады. Біздің ең бірінші мақсат та сол — кемінде 80 отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қазір жастар тарапынан жермен жұмыс істеуге қызығушылық аз. Ал шынында жер терін төккен адамнан жемісін аямайды,  — дейді бағбан.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button