АуылБасты жаңалықтар

Амангелдіден адам кетпейді

Өткен ғасырдың соңғы онжылдығы еліміздің барлық ауылдары үшін сынақ болды. Кеңес Одағы ыдырап, кеңшарлар тарап, ауылдағы ағайынның күйі кете бастаған тұста жұрт жаппай «екі қолға бір күрек» іздеп, қалаға ағылды. Бас-аяғы 5-6 жылдың ішінде сол кездегі тұрмысқа шыдай алмаған біраз отбасы көшіп кетті. Өйткені азын-аулақ малдары болғанымен құнсыз еді. Басқа істер кәсіп жоқ. Кәсіп ашқанымен, оның тауарын тұтынатын жан тағы жоқ. Жалақысыз отбасындағы жағдайдың түзелмейтінін білген жұмыссыздар жан-жаққа кетті. Ауылдың жастары еншісін екі сөмкесіне салып алып, өндірісі бар өңірлерге кетуден басқа амалы қалмаған еді. Сол жылдарда ауылда адам саны күрт азайып, мектепте бала саны кеміді. Соның зардабын әлі күнге тартып жүрген ауылдар жетерлік. Он жылдық мектеп түгілі, негізгі мектепті сақтап қалу — күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан проблема.

Газетіміздің өткен сандарында тұрғындарынан айырылып, түгелдей көшіп, ақыры жабылып тынған ауылдар туралы жазғанбыз. Енді сол кезеңнен сүрінбей, өзінің бұрынғы тұтас бірлігін, мамыражай тірлігін сақтап қалған ауылдарды білеміз бе? Ажары кірген ауылдар облыста аз емес. Өрісінде малы, күнкөрістегі кәсібі көбейіп, қызу тірлігімен көзге түсіп, құрылыстың арқасында «жарасын жазып» алған шалғайдағы мекендердің бірін айтпақпыз.

Жаңарған «Жаңақадам»  

Ойыл ауданындағы Көптоғай селолық округіне қарасты Амангелді елді мекені кезінде көппен бірге «гүрілдеген» ауылдардың бірі еді. Алғашқы атауы Жаңақадам болғанымен, колхоздастыру кезінде аты өзгерген Амангелді ауылының жері, табиғаты нағыз шаруашылыққа қолайлы деп танылған. Орталыққа қажетті мал азығы, ет, жүн жоспары, негізінен, осы ауылдың өрісінен дайындалатын.

Елге түскен салмақ бұл ауылды да айналып өтпеді. Село орталығынан — 12, аудан орталығынан 18 шақырым жерде орналасқан шағын ауылдың шаруасы шашырап қалды. Ауыл шетіндегі қаптаған ауыр техникалардан бір үзілмейтін машина-трактор стансасынан қазір дым қалған жоқ. Қыстақтары көп жыл қараусыз қалып, жайлауға шығатын мал да азайды. 30 шақты отбасы үйлерін тастап, көшіп кетті. Не теміржолы жоқ, не ұзын жолдың бойындағы ауыл емес, 3-4 шақырым қалғанда көрінетін қыр астындағы шағын ауылдың басына тұрмыстың ауыр кезеңдері түскен жоқ деп айта алмаймыз.

Бірақ қазір сол ауыл аудандағы ауылдардың ең келбеттісі де, көшбасшысы болып алды. Кезекті іссапарымен ауылдарды көп аралайтын аудан басшыларының көзі осы ауылға көбірек тоқталады.

Жұрттың назарын аударған ауыл несімен ажарлы?

Ауылға алғаш келген адам мұндағы жаңашылдықты бірден байқайды.  Шатырлары әр түспен жабылған әдемі үйлер, қақпалар мен екі үй сайын кездесетін жеңіл көліктер бұл ауылда көзге көрінбейтін өзгеше бір тіршіліктің барын білдіреді. Жо-оқ. Ауылда өңкей байлар тұрмайды. Тіпті «мынау бай, кезінде әкесінен мынадай мал қалған» деп ешкімді көрсете алмайсың. Өзге ауылдардың бәрінде бар ауқатты адам бұл жақта жоқ екен. Бірақ жыл сайын үйлері жаңаланып,  2-3 үй салынады. Құмның етегінде отырған қарапайым ауылдың қарабайыр тірлігі тек малымен ғана байланысты болса, өзгелерден қай жері артық? Сыртқы көрінісіне қарап, бұл ауылда кілең күйлі адамдар тұрады десе қателеседі. Ауласында екі сиырынан басқа ештеңесі жоқ, бірақ іші-сырты еріксіз көз тартатын үйлер қалай пайда болды? Барлығы қазіргі заманға сай еуропалық құрылыс бұйымдарымен жасалған. Ауылдың ішкі дүниесіне, өміріне үңілген адам ғана несімен ажары кіріп отырғанын көре алады. Тұрғындары тұрақты, бірлігі бекем, ұйымшылдығы жоғары ауыл қазір көптің аузында.

Кәсіптің жаңа көзін тауып, табысын еселеп отырған ауылдың негізгі қоры — төрт түлігі. Өрісінде 1305 сиыр, 3440 қой-ешкі, 400-ге тарта жылқысы бар. Салыстырмалы түрде бұл көп пе, аз ба? Әр үйге шақсақ, орта есеппен 10 сиыр, 4 жылқыдан келеді. Ұсақ жандығы өз алдына. Бірақ сол малдың төлінен басқа ауылда қандай табыс болуы мүмкін? Ауылда 11 шаруа қожалығы бар. Жоғарыда айтылғандай, бірнеше адамды жұмыспен қамтитындай іргелі шаруа қожалықтары жоқ. Бірақ ешкім әкімдіктен жұмыс сұрамайды. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырған арнайы мамандығы, дипломы бар жастар болмаса, басқасы үкіметтің мардымсыз жалақысына салпақтап жүргісі келмейді. Сонда олар қандай іспен айналысады?

Ермек Қашқынбаев: 

— 15 жылдан бері үй салумен айналысып келемін. Жылына 1 500 000 теңге табамын. Құрылыс деген қызығынан қиындығы көп, шексіз нәрсе. Оның түбіне жетпейсің. Жасай берсең, келесі бір үлгісі шыға береді. Әр жақтың үй салуы да әртүрлі. Басқа жаққа барсаң жатпайсың. Жұмысыңды тездетіп бітіріп, ақшаңды алып кетуің керек. Келесі құрылыс күтіп тұр. Бірақ сапалы жасау керек. Қазір бір қуанарлығы, ешкім еңбегіңді жемейді. Алдап кету, бермей қою көп кездеспейді. Бұл да бір құрылысшыларға деген сый-құрмет болса керек. Онда да саясат бар. Егер бір ауылда тұрып, жұмысшыларыңа ақша бермей, сараңдық танытсаң, басқа құрылысшы табуың қиын. Ешкім келмейді. Бірақ біз де қожайынның жағдайына қараймыз. Олар да ақшаны егіп жатқан жоқ қой. Кейде жоспарымызда жоқ жұмыстарын жасап беріп, риза қыламыз. Кейбір мырзалар ісімізге риза болып, үстемеақы қосып жатады. Жас кезіңде, күш-қайратың барда ақша тауып, үй салып, мал жинап ал, көлік мін. Бұл — саған берілген мүмкіндік. Қасымда көмекші екі балам бар. Олар да құрылыстың қыр-сырын меңгеріп алды. Әзірге нәпақамызды осымен тауып жүрміз.

Табыстың қайнар көзі — құрылыста

Сонымен, кәсіптің көзі — құрылыс. Оның ар жағында қайнаған еңбек жатыр. Әрбір туған бала көзін ашқаннан қолына күрек, қалақ ұстап өседі. Бос жүрген адам көрмейсің. Егер қолыңда қаражатың болып, үй салдырғың келсе, алыстан өзбек ағайындарды іздеудің қажеті жоқ. Ауылдың жастары шетінен құрылысшы. Бұл кәсіптің ауылға дендеп сіңгеніне 20 жылдан асты. 1997 жылы сол ауылдың орта жастағы тұрғынына кеңшар орталығындағы ауқатты бір адам қаладан үй салуға көмектесуін сұрайды. Бұрын әскерде құрылыс бригадасында болған, кейін «Тұрғын үй-91» науқанында шеберлігімен көзге түскен оны қалаға алып кетіп, бір айдан кейін әкеліп тастайды. Қолына 30 мың теңге ұстатады. Ол кезде теңгенің құнды уақыты. Біраз ақша. Содан кейін екінші адам алып кетеді. Жаңағы құрылысшы жыл сайын жаз шыға қалаға кетіп табыспен оралады. Сөйтіп, бала-шағасын асырайды. Кейін ауылдың тұрмысы жақсарып, аудан орталығына, көрші облыстарға бара береді. Қасына ауылдың шебер деген екі-үш адамын ертеді. Сөйтіп, олар бір-бірінен үйреніп, тағы да жастар еріп көбейгесін, бөліне бастайды. Құрылыс бригадасы осылай құрыла береді. Қазір ауылда қала-далада жүретін он шақты құрылыс бригадасы бар. Әрқайсысында 4-5 адамнан. Олар тапсырыс алып, үй, қора, сарай, дүкен секілді кез келген нысандарды тұрғызады. Бір-бірінен естіп, ағайын-туыс, таныс арқылы көрші облыстарға барып, айлап жатып істейді. Сапалы жасайтындықтан сұраныс көп. Жазғы каникулда інілерін, ержеткен, қолы бос балаларын ерте кетеді. Әрі жұмыс күші, әрі табыс. Бір үйден бірнеше адам жасаса, табыс та бір «қазанға» түседі. Басында кеңшардан басқа жерде жұмыс істеп көрмеген амангелділіктер жеке адамға жалданып жұмыс істеуге тосырқады. Қазір мұны ешкім де елемейді. Қайта табыс тауып, жұмыс істеген адамның қадірі бір саты жоғары тұрады ол жақта.

Жан-жаққа шығып, сырттағы өзгерісті көріп келген әрбір бала ауылға жаңалық ала келеді. Сол тауып келген ақшасының бір бөлігін жинап, міндетті түрде үйлерін жаңалауға кіріседі. Бір жазда 2 миллион теңгеге дейін табатындар бар. Ал, жоқ дегенде, ауылдың бос жүрген жастары құрылыстағы ағаларына ілесіп, 10-15 күнде 100 мың теңге алып келеді үйіне. Мұндай табыстар, қомақты қаражат баланың маңдай термен ақша табуға деген ынтасын арттырады. Сөйтіп, ауылдың әр баласы сырттан ақша әкеледі. Ақша болғасын тұрмыс та жақсарып, қораңдағы азын-аулақ малың өсе береді. Ауылішілік ұсақ-түйек «шабашкалар» да бір тоқтамайды. Өздерінің мүмкіндіктеріне қарай малға, шөпке келісе береді. Олар әкімнен күзетшілік, от жағушы жұмыстарын сұрай бермейді. Дені сау адамға мұндай жұмыстар қол емес. Сол күзетшіліктің 12 айғы жалақысын бір жазда артығымен шығарып тастайды. «Жаздың бір күні қыстың он күніне азық болатынын» түсінген жастардың есебі мықты. Қыс бойы жейтін соғымын жазда он-ақ күнде тауып алады. Сол малға жем-шөпті жазғы құрылыс жұмысының есебінен дайындайды. Қара күзге дейін, құрылыс тоқтағанша, жұмыс жасайды, ал қыста демалады.

23 жастағы Арман Үйелбаев — сондай жастардың бірі. Ерте есейген ол мектеп бітіре салысымен құрылысшы ағаларына ілесіп, қандай жұмыс болса да жасай берді. Тәжірибе жинады. Қазір өзімен қатарлас жігіттермен бірге үйлер салып, ішіне еурожөндеу  жасайды.

Жұмыс деген ауылдың ішінде де жетіп жатыр. Екі аптада 150 мың теңгеге дейін табамыз. Кейде ештеңе болмай қалады. Ондайда үйдің шаруасын жасаймын. Қазір әр ауылда қаптаған құрылыс жүріп жатыр. Әрі кетсе, бір апта ғана бос жатасың. Одан кейін бір жерден жұмыс шығып тұрады. Барасың. Көресің, бағасына келісіп жасайсың. Қасыма өзімнің достарымды ертіп кетемін. Артылған ақшамызға, үйімізді жаңалауға тырысамыз. Жиһаз аламын. Кейде мал алып қоямыз. Ауылдың жігіттерінің бәрі бірдей мал тапқыш, — дейді ол. Арман сияқты әке-шешеге масыл болғысы келмейтін, өз маңдай терімен көлік мініп, іні-қарындастарын оқытып жүрген жастар көп. Еңбекке ерте араласқан құрылысшы жастар Өркен Халидулин, Аршат Егізбаев, Әділет Жолдығалиев, Владимир Хитрук, Руслан Артықбаев, Алтынбек Төлепберген, Нұрбек Орынбасаров, Нұрдәулет Ақбергенов, Асылбек Қалниязовтардың істеріне ағалар риза болып, інілер сүйсінеді.

Иә, ешкімнің қатардан қалғысы келмейді. Қай салада болсын бәсекелестік керек дейтін болсақ, құрылысшы жастардың арасындағы бәсекелестіктің нәтижесі — үйінің, ауласының жаңаруы мен ауылының көркеюі.

Міне, осындай себептермен бұл ауылда мектепке бала саны жетпей қалу, иесіз үйлер деген атымен жоқ. Бәрі де еңселі үйлер салуға тырысады.

Асардың күшімен жаңа мешіт салынды. Көптің ойынша, сол мешіт салынғалы ауылға береке кіріпті. Ауыл жастары қайырымдылық жасаудан жалыққан емес. Мешіт имамы Жамаладдин Дүйсеновтің айтуынша, ауыл жастарында бірлік бар. Ораза айт кезінде әр жылғылар ауызашар береді. Енді осындай кәделерді өткізу үшін мешіттің жанынан асхана салынбақ. Ауылдан шыққан кәсіпкер Қуаныш Қыстаубаев аудан орталығында тұрса да, туған жерге көмегін аямайды. Мешіт жұмысының жандануына үлес қосып жүрген азамат. Қайырымдылық шараларынан қалыс қалған емес. Ауылдағы көмекке мұқтаж жандарға ұдайы қол ұшын береді.

Жыл сайын Наурыз тойын дүркіретіп өткізетін де осы ауыл. Жастары көп. Кең көлемде тойланады. Өзге ауылдардан қонақтар көп келеді. Ат шаптырып, тай жарыстырып, ұлттық ойындардың бәрі ұйымдастырылады. Мейірім Әбдірзақов, Ермек Қалниязов, Ерген Алдоңғаров, Рүстем Қыстаубаев, Берік Сәнгереев секілді жігіттер бірауыздан жұмылып, ауылда өтетін іс-шаралардың басында жүреді.

Ауылдан адам көшпейді

Амангелді ауылында 763 адам тұрады. Бұл 2012 жылғы санақ бойынша. Қазір одан көбейгені анық. 14 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылған. 11 отбасы мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады. 105 түтін бар. Бірде-бір иесіз тұрған үй таба алмайсың. Көшіп келушілер, қоныстанушылар көп болғандықтан үйлердің бағасы 3 млн теңгеге дейін барады. Жаңа үйлермен қатар соңғы бес жылда әлеуметтік нысандар да жаңарды. Бес жыл бұрын 100 орындық екі қабатты мектеп салынды. Фельдшерлік амбулатория да жаңа үлгімен салынған. Ауылдағы мәдениет ошағы күрделі жөндеуден өтті. Мектепте 60 адам жұмыс жасайды. Оның 32-сі ұстаздар болса, 28-і — кіші қызметкерлер. Мұғалімдердің 65 пайызы — жас мамандар. Өткен жылы 149 оқушы болса, биылғы оқу жылы 159 оқушымен басталғалы отыр. 1-сыныпқа 19 бала бармақ.

Мектеп директоры Жайлау Сүндетовтің айтуынша, 42 оқушы оқу озаты болса, 47 оқушы екпінді. Алақандай ауылда оқып, білім сайысында Гүлназ Қалиева республикалық олимпиаданың жүлдесін алды. Оның соңын қуып келе жатқан оқушы Рамазан Таңатов болашағынан үміт күттіреді. Әр салада, әр ауыл, аудан-қалаларда қызмет етіп, мектептің мақтанышына айналған түлектер бұл ауылда көп.

Амангелді ауылының даму перспективасы өте жоғары. Екі жыл бұрын ауызсу келді. Әкімшілік тарапынан жасалатын біраз жұмыстар бар. Көшелерді жарықтандырып, саябақтарды көбейтіп, спорт алаңын салуды қолға алып отырмыз. Ең бастысы — балабақша керек. Жастары белсенді, қозғалысы көп ауылдың шеті де жаңадан салынған үйлермен өсіп барады. Жеке тұрғындардың қысқа дайындығы көңіл қуантады. Еңбекші ауыл отын-шөбін ертерек жинап алады, — дейді ауыл әкімі Ерлан Асылбаев.

Бұл ауылдың да күткені — көгілдір отын мен жолдың жөнделуі. Аудан орталығына тіке қатынайтын олардың айтуынша, жолдағы терең сайлар қыс-көктемде қатынасқа кедергі болады. «Тегіс жол, көпір салып берсін демейміз. Тек жазда тегістеп, қыста қарын аршып, әкімшілік тарапынан жолға жиі көңіл бөлініп тұрса», — дейді ауыл тұрғындары.

Қазіргі таңда Амангелдіде жылдағыдай қызу, қарбалас тірлік жүріп жатыр. Карантин құрылысқа кедергі бола алмайды. Ұялы байланыс желісі болмаса да, көп жерінде жақсы ұстайды. Кешкілік жастар жаңа мектептің кең залында қысы-жазы волейбол, футбол ойнайды. Әзірше бұл тоқтап тұр. Білім қуған жастар жағы болмаса, тұрмысы жайлы, жұмыс көзі көп көңілді ауылдан ешкімнің де кеткісі келмейді.

 P.S. Тамыздың екінші жексенбісі  — Құрылысшылар күні. Жеке кәсіптері болса да сәулетті үйлер салып, ауылдың ажарын кіргізуге атсалысып жүрген құрылысшылар әр ауылда бар. Жылына бір келетін мерекеде әкімшілік тарапынан көңіл бөлініп қойса, құба-құп!

Бұл — құрылысшылардың сыртқа айта бермейтін ішкі тілегі. Әйтпесе бұл мереке қарсаңында марапат алатындардың дені қайнаған еңбектің ортасында жүргендер емес, жылы, жарық кеңседе отырып, құжат сызатындар екені даусыз.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button