Абай — 175Басты жаңалықтар

Абай — рухани реформатор

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

10 тамызда ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Бұдан ширек ғасыр уақыт бұрын Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде өткізілген еді. Бұл торқалы той — сол тамаша дəстүрдің жалғасы.

Биылғы мерейтойға орай бірқатар іс-шара жоспарланған болатын. Бірақ əлемді жайлаған індетке байланысты соның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Əрине, сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мəңгілік.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет 10 тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді (бірақ жұмыс күні болып қала береді). Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мəселе мерейтойда емес, тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тəлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету — оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз.

Біз ұлы ойшылдың өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Əсіресе, қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамыту аса маңызды. Мен бұл жөнінде «Абай жəне ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда кеңінен айттым.

Биылғы жыл халықаралық «Абай жылына» айналды. Әлемнің көптеген елдері оның шығармашылығына назар аударуда. Қазақстанның бастамасымен жəне ЮНЕСКО-ның қолдауымен ұлы ақынымыздың 175 жылдық мерейтойы жаһандық деңгейде аталып өтуде.

Ақынның баға жетпес мұрасын ұғындыру жəне дəріптеу — азаматтық парызымыз. Өйткені Абай — əлемдік деңгейдегі кемеңгер тұлға. Абайтанудың тұғырнамалық негізі де осы болуға тиіс.

Қазір ақынның еңбектерін халықаралық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты жəне мақсатты жұмыстар қолға алынуда. Оның шығармалары əлемнің он тіліне аударылып, баспаға əзірленді. Бұл кітаптар жүзден астам елдің кітапханалары мен мəдени орталықтарына жіберіледі. Бірқатар шетелдік аудармашыларға, Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеушілер мен насихаттаушыларға менің Жарлығыммен мемлекеттік награда берілді.

Абай рухын ұлықтау шаралары жалғасуда. Шетелдегі елшіліктеріміздің жанынан Абай орталықтары ашыла бастады. Ақынның шығармашылығын жүйелі зерттеу үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан Абай академиясы құрылды.

Біз бəсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық.

Келесі жылы Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бірақ кезінде ұлы ойшылды қатты толғандырған кейбір келеңсіздіктер қоғамда əлі де кездеседі. Өкінішке қарай, Абай айтқан «бес дұшпаннан» толық арылып болған жоқпыз.

Азаматтарымыздың арасында жалқаулық пен сөзуарлық жиі кездесетіні қынжылтады. Бұлар бұрынғыша тойқұмарлықтан тартынбай, күнделікті тынымсыз тірлікті дəріптеудің орнына, əрбір қоғамдық оқиғадан саяси астар іздейді де отырады.

Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты əлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді.

Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл əлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады.

Екінші, тəрбие мəселесі. Сондықтан өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт берген жөн. Ақынның «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өсиетін əрдайым санаға сіңіру қажет.

Үшінші, жаңа кəсіп игеру. Ақын əр қазақ өз ісінің шебері болса деп армандады. Əсіресе, бəсекелестікке толы алмағайып заманда мұның мəні зор. Абай: «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды», — дейді. Біз еңбекке, жаңа өнер игеруге деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертуге тиіспіз. Байлықтың да, бақыттың да кілті — өзің сүйген кəсіпте.

Төртінші, ынтымақ мəселесі. Абай əрдайым қоғамның береке-бірлігін арттыруға ден қойды. Ол: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бəрі бос», — деп, елді татулыққа шақырды.

Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сəтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мəміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені — жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр.

Абай өнегесінің құны дəуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті əрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген жəне қара сөз болып төгілген оралымды ойлары əлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.

Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет.

Мемлекет тəуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға жəне жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отыр.

Ұлы данышпан елдік мүддені əрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тəжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну əрдайым маңызды болмақ.

Абай — біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына жəне Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мəрте көз жеткіземіз.

Ұлы данышпан ұлттың рухани-мəдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында.

Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мəңгілік рухани тірек болып қала бермек.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Абай сөзі — қазақтың бойтұмары», — деген болатын. Бұл тұжырым бізді ақын əлеміне терең бойлауға, жаңаша ойлауға міндеттейді.

Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады.

Алдағы уақытта гуманитарлық пəндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мəселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық жəне саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын əзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты əрі терең зерттелуге тиіс.

Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде əлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дəріптеуге міндеттіміз.

Түптеп келгенде, əрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!

Басқа жаңалықтар

Back to top button