Әдебиет

Рубаяттар

Мерей

Өлеңдері газеттерде 1960 жылдарда жариялана бастаған Бекес Сәуірбаевтың есімін облыстық басылымның тұрақты оқырмандары жақсы біледі. Бертінде бір топ жырлары «Жазушы» баспасынан шыққан «Шұғыла» жинағында (1977), одан басқа да бірқатар ұжымдық кітаптарда жарияланған ұстаз ақынның 2015 жылы «Жусанның иісі» деп аталатын жеке жыр жинағы жарық көрді. Ақын Амантай Өтегеновтің аудармасымен бірқатар өлеңдері орыс тіліне аударылып, жарияланды. Ақтөбе педагогикалық училищесін, Орал педагогикалық институтын бітіріп, зейнеткерлікке шыққанға дейін Байғанин ауданының Көкбұлақ ауылында мұғалім, мектеп директоры болып абыройлы қызмет атқарған қалам иесінің жырлары ауыл тынысы мен туған өлкенің тіршілігін шынайы бейнелеумен жүрек жылытады. Соңғы жылдары Б.Сәуірбаев рубаяттар, сонеттер жазуға бірыңғай көңіл бөліп, осы тұрғыда біраз жетістіктерге жетті.

Осы тамыз айында ұстаз қаламгер 85 жасқа толып отыр. Сол атаулы күнге орай байырғы оқырмандарымызға авторымыздың қаламынан туған бір топ рубаяттарын ұсынып отырмыз.

Кел демек бар, кет демек жоқ… бұл сөзге,

Қарасаңыз еш нәрсе де жетпейді.

Өмір бірақ мінезімен кілт өзге,

Қонағына: «болдың, енді кет», — дейді.

*   *   *

Сыйлаймын зердесі мен зеректігін,

Қайырының басқалардан еректігін.

Бірақ өмір оған да көрсетер ме,

Жақсылықты үнемдеу керектігін.

*   *   *

Әрине, бәріне де көнер пенде,

Қалады тілегінің көбі ертеңге.

Болмай қалса, қасыңда келе жатыр,

Еңсесін көтере алмай көлеңкең де.

*   *   *

Өмір — күрес, адамзат ұқты мұны,

Күресеміз құдайдың құтты күні.

Еске алып отырғаным қазір де оны —

Емес пе өмірдің бұл мықтылығы.

*   *   *

«Белгілі ел мен жұртқа аты-жөнім,

Жүрмін, міне, байлыққа батып өзім», —

Деп жүрген патшаға да өмір өзі.

Көрсетеді тағдырдың қатыгезін.

*   *   *

Ойымды жібермей тым әрі өсіріп,

Байқасам, тойымыздың бәрі есірік.

Қанағаты кеткен соң қарамайды,

Қай жерде қалғанына мәре сызық.

*   *   *

 

Осы шақта отырмын шүкірлікпен,

Өткен шағым құр қалмай күпірліктен.

Келер шақтың бетінен көрмей тұрмын,

Қай жерге қойыларын үтір, нүктем.

*   *   *

Аспан нұрлы. Жер шұрайлы… Жарасым —

Жүздерінен қарап тұрсаң табасың.

Бірақ кейде пайда болып қалың бұлт,

Бөліп кетер екеуінің арасын.

*   *   *

Тірлік деген — тұңғиық түбі тартқан пендені,

Біреу кетіп әлдеқашан, біреу күдер үзбеген.

Бірақ соның екеуі де үміті боп сенгені,

Өз дегенін қашанда аласұрып іздеген.

*   *   *

 

Топырағынан жаралып бар адамы,

Белгілі дүниеге тарағаны.

Бірақ демің бітерде көрінеді,

Жердің берген қолының алағаны.

*   *   *

 

Өмірден тартпай азап, тақсірет сен,

Шын бақыттың не екенін түсінбейсің.

Ал бірақ жақсы келіп, жақсы кетсең,

Сол бақыттың қадірін түсірмейсің.

*   *   *

 

Мынау жұмыр жерде туып, Жерде өскен,

Бір-біріне қанды қылыш сермескен.

Адамдарға қарап тұрып Көк-Аспан,

Бақылайды ішкі сырын берместен.

*   *   *

 

Аспан айтса, «төбең көкке жетсін» деп,

Жер айтады «аяғыңды нық бас» деп.

Ойымда жоқ айтқандарын көпсінбек,

Тұрғаннан соң көңіліммен жұптас кеп.

*   *   *

 

Шындық айтар: «адамға мен сенемін»,

Айта алмайтын адамға да сондаймын.

Білгің келсе, мұның мәніс, себебін,

Сол арқылы шыншылдықты сомдаймын.

*   *   *

 

Тіршілікте бұл пендеге жоқ тыным,

Жағаласып талайлармен өтті күн.

Дегенменен дәлелдеп мен жатпаймын

Жақсылардың, жақсы адамның көптігін.

*   *   *

 

Маңайымда жүз жасаған жоқ мендей

Жұрт қайтеді ұзақ және көп көрмей.

Ал өзіме сол жүз жылым… желаяқ

Жүз метрді он секундта өткендей.

*   *   *

 

Өмірде жылайсың да, күлесің де,

Бәрі де жазулы тұр үлесіңде.

Жүресің екеуін де көріп алып,

Тірліктің тәттілігін білесің де.

*   *   *

 

Болып жүрміз басқаларды сынағыш,

Көрінгендей жақсылықтан тым алыс.

Кей адамның көңіл шіркін астында

Байқасаңыз, ағып жатыр жылы ағыс.

*   *   *

 

Адамға тән армандап, басыңа бақыт іздейсің.

Ең қайғылы күніңді ұмытылмас бұл дейсің.

Ал неліктен өмірде басыңнан сол өткерген

Ең бақытты күніңді анық айта білмейсің.

*   *   *

 

Түңілгендей түр беріп сөзімізге,

Жақсы жағын ілмей кеп көзімізге.

Пендешілік дегендей, кейде өмірді,

Ренжітіп аламыз өзіміз де.

*   *   *

 

Тағдырынан талқы көріп, жаны құр,

Жүргендер де қайтеді енді, әлі жүр.

Не көрсе де, қиып тастап кете алмай,

«Сүйем, дейді, бұл өмірді бәрібір…».

*   *   *

 

Келсе алдыңа, құнын кеш деп, атаңның…

Керегі жоқ маған мұндай мақалдың.

Ұры менен кісі өлтірген адамды

Кешірме деп Пайғамбардан хат алдым.

*   *   *

 

«Жұлдыздарын жарығына қарық қып

Тұрған Аймын» дедім (көңіл жарықтық).

Жұлдыздарым — өмірім ғой ол менің,

Тұтылғаным — уақытша өлгенім.

*   *   *

 

Ақын болу міндет емес деп біреу,

Өлең сөзге білдірмейді көп тілеу.

Шынында да, осындайлар өмірде

Ақындарға қарағанда ептілеу.

*   *   *

 

Ұйқыңды бұзбайыншы, епті жігіт,

Түңілмейтін өзіңнен еттім үміт.

Шын ақындық іздейді азаматты

Деген сөзді басыңа кеттім іліп.

*   *   *

 

Жуастарды ешқандай жүндемеймін,

Құлақтаймын асауды күнде деймін.

Білмеймін не бәлесі бар екенін,

Сумақайдың алдында үндемеймін.

*   *   *

 

Жаныңнан бұрынғы орным табылмай кеп,

Ей, жастық, тіл тигіздім тәңірге «әй» деп.

Қаншама өзің жаққа қарағанмен,

Арамызда… мәңгілік қабырға-әйнек.

*   *   *

 

Еленген, елге сыйлы, ел еркесі,

Десек те түсер кейде ер еңсесі.

Жәй кезде көрінбейтін өсек иттің

Болады көлбеңдеген көлеңкесі.

*   *   *

 

Кезінде көргенім аз, айла мүшкіл,

Байқамай шапқа түртіп, тайдан ұштым.

Ал қазір… мен де жоқпын, асау да жоқ,

Тулатып шаң қылатын майдан үстін.

Бекес СӘУІРБАЕВ,

Көкбұлақ ауылы,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button