Білім

Жаңа оқу жылы: аралас тәсілге әзірлік  

Брифинг

1 қыркүйектен бастап өңірдегі 207 шағын жинақты мектептің оқушылары үшін оқу процесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Қалған 195 мектептің балалары қашықтан оқиды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен әлеуметтік желілердегі парақшаларда өткізілген тікелей эфир барысында айтылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбет және облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қатысты. 

Облыста 402 мектеп бар. Жаңа оқу жылында шамамен 158 мыңнан астам бала оқиды. 1 қыркүйек — Білім күніне байланысты шаралар онлайн режимінде өткізіледі.

Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқыту форматын жалғастыруды ұсынып отыр. Эпидемиологиялық жағдайға қарай біздің өңірде балалар аралас тәсілде білім алады. Яғни шағын жинақты мектептерде оқу процесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылады, ал сыйымдылығы көп қала мектептері мен аудан орталықтарындағы білім шаңырақтарындағы оқушылар қашықтан оқитын болады. Айта кету керек, ата-аналардың өтініштері негізінде ІІ оқу тоқсанында 1-4 сынып оқушыларын кезекші топтарды ашу арқылы (әр топта 10-15 баладан) дәстүрлі оқу форматында оқыту жоспарланып отыр. Санитарлық талаптар қатаң сақталады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Дәстүрлі форматта жалпы оқушылардың 9,7 пайызы, яғни 15 448 бала оқиды. Бұл — 207 мектептің оқушылары. Оқушылардың 90,3 пайызы, яғни 143 033 оқушы қашықтан білім алуды жалғастырады (195 мектеп). Эпидемиологиялық ахуал жақсарса, штаттық режимде оқитын сыныптар саны біртіндеп арта береді.

Ақтөбе қаласында 82 мектеп бар. Оның біреуінде ғана оқу процесі дәстүрлі түрде өткізіледі. Бұл — Белогор мектебі. Мұнда небары 27 бала бар.

Біздің облысқа 44 мыңға жуық компьютер қажет (өткен оқу жылының аяғында 4,5 мыңға жуық компьютер алынды). Қазір осы бағытта жұмыстар жасалуда. Білім және ғылым министрлігі жалпы саны 20 мыңға жуық компьютер, ноутбук, планшетпен қамтамасыз етпек. Бұл мақсатта республикалық бюджет есебінен 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Сондай-ақ облыстық бюджеттен 9 мыңнан астам компьютер алу жоспарланып отыр. Бұл құрылғылар аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына, қамқорлықтағы және ерекше қажеттіліктері бар балаларға уақытша пайдалануға беріледі, — деді Мейрамбек Шермағамбет. Оның айтуынша, оқушыларды оқулықтармен қамтуда үлкен жұмыс жасалуда. 18 баспамен келісім жасалған.

1-сыныпқа қабылданатын балдырғандардың саны шамамен 19 700 екен. Қазір ата-аналардан egov электронды порталы арқылы өтініштер қабылданып жатыр. 1-сыныпқа қабылдау мерзімі 20 тамызға дейін ұзартылды.

Бастауыш сынып балаларының ата-аналарымен сауалнама жүргізілген-ді. Ата-аналардың 60 пайызы балаларының мектепте білім алғанын қалайды. Бұлардың басым бөлігі — 1-сынып оқушыларының ата-аналары. ІІ оқу тоқсанынан бастап бастауыш сынып оқушыларын мектепте оқыту бойынша дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұның бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ, — деді Ләззат Оразбаева.

Облыста 3 апатты және 12 үш ауысымды мектеп бар.

Екі жылда бұл мектептердің мәселесін шешетін боламыз. Үш ауысымды мектептердің дені облыс орталығында орналасқан. Қазір осы мәселені шешу мақсатында Ақтөбе қаласындағы 7 мектептің маңынан қосымша құрылыстар салынып жатыр. Үш ауысымды оқу мәселесі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында да өзекті болып отыр. Аталған шағын ауданда үлкен екі мектеп салынып жатыр. Екеуі де биыл пайдалануға беріледі. Сөйтіп, №60 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесі шешіледі, — деді Мейрамбек Шермағамбет. Оның айтуынша, Батыс-2 шағын ауданында да үш ауысымды оқыту мәселесін шешу мақсатында жаңа мектептер салынып жатыр.

Ләззат Оразбаеваның айтуынша, оқу жылының аяғында 400-ден астам педагогке сұраныс болған. Бүгінде 250 сұранысқа сай педагогтер жұмысқа қабылданыпты.

Негізінен, орыс мектептеріндегі бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді (Ақтөбе қаласы). Сондай-ақ орыс мектептері үшін математика, химия, физика, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мамандары тапшы. Оқу жылы басталғанша мәселені шешетін боламыз, — деді басқарма басшысы.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданының тұрғындары хабарласып, аталған шағын ауданда интернет желісі әлсіз екенін, мұның оқу процесіне кедергі келтіретінін айтты.

— Бұл мәселені, жалпы интернет желісінің қай шағын ауданда әлсіз екендігі туралы бәрін білеміз. Осы мәселені шешу мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Жоғарыда 44 мыңға жуық компьютердің жетпейтіні айтылды. Аз қамтылған, көпбалалы отбасы балаларына, қамқорлықтағы және ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін компьютермен бірге модем қосылып берілетін болады. Барлық операторлармен жұмыс жасап жатырмыз. Үкімет тапсырмасына сәйкес операторлардың барлығы оқушылар мен педагогтер үшін интернет желісін пайдалануда жеңілдіктер жасайды. Бұл туралы нақтырақ ата-аналарға сынып жетекшілері арқылы қосымша хабарлайтын боламыз, — деді Ләззат Оразбаева.

1 қаңтарға дейін оқушылардан мектеп формасы талап етілмейді.

Аудандардағы колледждер штаттық режимде жұмыс істейді. Ал қалған колледждерде оқу процесі қашықтан ұйымдастырылатын болады. Эпидемиологиялық жағдай жақсара бастаса, алдымен І курс оқушылары дәстүрлі түрде оқуға көшетін болады. Сондай-ақ ІІ, ІІІ, ІV курс оқушылары үшін өндірістік тәжірибе дәстүрлі өткізіледі.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button