Денсаулық

Малдың саулығы — адамның саулығы

Маманның кеңесі

Бруцеллез — Brucella деген жалпы атаумен біріктірілген бактериялар қоздыратын, созылмалы өтетін адам және жануарлар ауруы. Ол әдетте алты топқа бөлінеді. Оларға ортақ қасиет — сезімталдығы. Сұйық ортада 60 градуста 30 минутта, 80-85 градуста 5 минут ішінде, ал қайнатқанда бірден өледі. Тікелей түскен күн сәулесі әсерінен төрт-бес сағатта жойылады. Сондай-ақ ол топырақтағы тіршілігін 100 күн, судағы тіршілігін 114 күн сақтай алады. Аурудың қоздырушысы азық-түлікте ұзақ уақыт сақталады. Ол төменгі температураға өте төзімді болады. Қатырылған етте 5 ай, сүт өнімдерінде 1,5 айға дейін тіршілік ете береді.

Адамдардың бруцеллез ауруына шалдығуының негізгі себепкер көзі қой, ешкі, сиректеу болса да мүйізді ірі қара, түйе, шошқа, тағы басқа жануарлар болып табылатынын ескерген жөн.

Көбінесе ауру малмен жанасқанда, олардың өнімдерін, шикізаттарын пайдаланғанда немесе алиментарлық жолмен жұғады. Мысалы, ластанған сүтте он күннен аса, ішкі ұлпаларда, сүйекте, бұлшық ет пен лимфа бездерінде бір айдан аса, жүнде үш ай сақталады.

Жануарлардың бруцеллез ауруының алдын алу үшін бақылау, зерттеу жұмыстары уақытында жүргізілуін қадағалап отыру қажет. Негізінде бруцеллез ауруына бейім малдарды сатып алғанда немесе басқа жолмен келгенде (мәселен, мерейтойға аталған, сыйлыққа берген, т.б) олардан отыз күн бойы оқшаулап ұстаған дұрыс. Қазіргі кезде аталған аурудың кең таралуының ең негізгі себептерінің бірі де осы болып тұр.

Жоғарыдағыдай себептермен мал әкелінген жағдайда оның иелері жергілікті жердегі мал дәрігеріне жолығып, ескертуді назардан тыс қалдырып жатады. Осындай салғырттық салдарынан Үкіметіміз бекіткен ветеринарлық-санитарлық талаптар өз дәрежесінде орындалмай, керісінше бұзылып жатады.

Округке бекітілген бір мал дәрігері өздігінен сол аймақтағы тіркелген ауыл шаруашылығы малдарының қозғалысын толығынан қадағалай алмайды. Ауылға сырттан келген, сыртқа шығатын мал үнемі бақылаудан тыс қалмауы тиіс. Бұған ауыл әкімінен бастап, учаскелік полиция қызметкері, мал дәрігері, сондай-ақ ауылдың әрбір тұрғыны мүдделі болып, жанашырлық танытқанда ғана іс ілгері басады. Сонда ғана біз өзіміздің маңдай терімізбен тауып, өсіріп жатқан малымыздың жұқпалы аурулардан аман болуын қамтамасыз ете аламыз.

Мал өнімдеріне, әсіресе, сүт, айран, сары май, қаймақ, сүзбе, басқа да ағарған түрлеріне сұраныс көбейіп, күнделікті тіршілігімізде ауыл тағамдарына көбірек көңіл бөліп отырған тұсымызда осының бәрі біз ескеретін жайттар.

Малдың саулығы — адамның саулығы. Осыны ұмытпайық.

 Мәлік ӘБИЕВ,

«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринарлық

институты» ЖШС Ақтөбе

филиалының меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button