Басты жаңалықтарЭкономика

«Қазмұнайгаз»: жұмысшылардың жалақы көлемі сақталуда

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңірге жұмыс сапарымен келген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаевпен кездесті. Кездесу барысында акционерлік қоғамға қарасты Ақтөбе өңіріндегі «Қазақойл-Ақтөбе», «Қазақтүрікмұнай», «Өріктау Оперейтинг» ЖШС-ларының атқарған жұмыстары жөнінде айтылды. 

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ірі жұмыс берушілер қатарына жатады, облыста шамамен 900 адам аталған компанияның ең жақсы еңбек шарттарымен қамтамасыз етілген, әрі олардың орташа жалақы көлемі де жоғары», — деді Оңдасын Оразалин.

Алик Айдарбаев өз кезегінде індет кезінде Ақтөбе облысында жұмыс орындарының  қысқартылмағанын айтып өтті.

  • Жалақы көлемі сақталды. Компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне үлкен көңіл бөледі. Алдағы уақытта бірлесе отырып, табысты жұмыс істейміз деп сенемін, — деп атап өтті басқарма төрағасы.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС 2007 жылдан бастап Байғанин ауданы Жарқамыс елді мекені тұрғындарын көгілдір отынмен ақысыз түрде қамтамасыз етіп келеді. Ұлттық компания — еліміздің мұнай-газ саласындағы мемлекеттің мүддесін білдіретін, көмірсутектерді барлау, өндіру, қайта өңдеу және тасымалдау бойынша ірі қазақстандық оператор.

Бұдан соң «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев пен облыс басшысы Оңдасын Оразалин «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Лақтыбай», «Қаратөбе», «Қожасай «Gas Processing Company» мұнай-газ конденсат кен орындарының жұмыстарын қарады.

«Қаратөбе» кен орнында вахталық қалашық бой көтермек. Басшылық тараптар құрылыстың алғашқы іргетасын қалауды бастап берді. 100 орынға арналған жатақхана  заман талабына сай салынады. Кешенде медпункт, тынығатын орын, жабық спортзал, т.б. қажетті ғимараттар болады. Құрылысы 2020 жылдың қараша айында аяқталады деп күтіліп отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button