Күйдіргі — қауіпті ауру

Күйдіргі (түйнеме) — дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталатын зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру. Күйдіргі терілік, ішектік, өкпелік және сепсистік формада өтуі мүмкін. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік танытып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады. Күйдіргіні адамға жұқтырушы — үй жануарлары (ірі қара, қой, ешкі, түйе, шошқа). Адамға аурудың жұғуы көбінесе жанасу арқылы (малды сою кезінде немесе терісін өңдеуде) және бактерияның спораларымен ластанған тағамдар мен ауызсуын ішіп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін.Ал ауру адамнан адамға жұқпайды.
Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Адамда ауру 90-95%-ға дейін терілік формада болады. Дер кезінде емделмеген немесе кеш емделген терілік түрде өлім 20%-ға дейін жетеді. Ішектік формада ауру ауыр уланумен, геморрагиялық энтероколитпен көрініс береді. Өкпелік түрінде ауыр геморрагиялық плевропневмония дамиды. Өкпелік-ішектік формаларында өлім 80-100%-ға дейін жетеді.Аурудың бастапқы кезеңі байқалса, дереу науқас міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады.
Күйдіргі спорасы топырақта жүздеген жылға дейін өмір сүреді. Сол себепті сібір жарасымен зақымданған малды арнайы тәртіппен өртеп,оны көмген мал қорымдары арнайы белгімен қадағаланады.
Біздің облысымыз бойынша түйнеменің 132 көмілген ошағы бар. Барлық қауіпті мал қорымдары қоршалып, белгілері жаңартылып, картаға енгізілген. Күйдіргі ауруының соңғы жағдайы 2004 жылы Мұғалжар ауданы Ембі қаласының Көксу учаскесінде орын алды. Онда бір ірі қара мал ауырып, оны сойып бөлшектеу кезінде жеті адам ауырған. Дер кезінде алдын алу мен емдеу шараларының арқасында жеті науқас түгел жазылды.
2019 жылы Әйтеке би ауданына қарасты Қарашатау елді мекенінде 5 ірі қара мал ауырды. Зерттеу нәтижесі түйнемеге оң нәтиже беріп, ауырған малдар Қарашатау елді мекені маңындағы түйнемеден өлген көне мал қорымы маңына арнайы тәртіппен өртеліп көмілді. Сол жылы жаппай Әйтеке би ауданына қарасты елді мекендер жіті тексеріліп, барлық малдар вакцинацияланды.
Күйдіргінің алдын алу шаралары — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет.
Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығына жүргізген жөн. Сонымен қатар осы аурудың жұқтырушы көзі ретінде үй жануарларын да бақылауда ұстау қажет. Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау дерттің кең етек жаюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар күйдіргіге шалдығатыны туралы үнемі айтылып отыруы тиіс.
Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол берілмеу керек. Себебі мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережелерін сақтауы тиіс.
Бақытбек ТАУБАЕВ,
Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының
дәрігер-бактериологі.



