Ауыл

Ауданда егінге орақ түсті

Науқан

Қобда ауданының диқандары алқаптардан өнімін жинауға кірісті.

Қобданың Бегалы ауылдық округіне қарасты «Қазақстанның 30 жылдығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі — егіс алқабын жылдан жылға арттырып келе жатқан ірі шаруашылықтардың бірі. Биыл 1300 гектар жерге өнім еккен серіктестік техникаларын да біртіндеп жаңартуды қолға алған. Бидай, арпа, тары, қара бидай, майлы дақылдар мен жем-шөбін жинауға кіріскен шаруашылық биыл жауын-шашынның жақсы түскенін айтады.

Серіктестіктің жинаған алғашқы өнімдерін көрген аудан әкімі Болат Құлов

«Қазақстанның 30 жылдығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры Абат Қаржауыповқа егінді шашау шығармай, уақтылы жинап алып, алдымен аудан халқын қамтамасыз ету қажеттілігі туралы түсіндіріп, әкімдік тарапынан жан-жақты көмек беруге дайын екендігін жеткізді.

Айта кетейік, қысқы мал азығын дайындау бойынша жұмыстар Сарыбұлақ,  И.Білтабанов атындағы  ауылдық округтерде де қарқын алған. Жергілікті шаруашылықтар бір рулон шөптің бағасын 4000 теңгеден асырмай, үйлерге жеткізуді бастап кеткен. Аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне  баға тұрақтылығын сақтауды қатаң бақылауға алуларын тапсырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button