Денсаулық

Антибиотикті дәрігердің кеңесімен қолдану керек

Ақтөбеде пневмонияға шалдыққан науқастар саны азаймай отыр. Жұртшылық әлі алаңдаулы. Өз бетінше емделіп жатқандар бар.

Осы мәселеге байланысты жергілікті телеарна арқылы облыстық фтизопульмонологиялық оңалту орталығының бас дәрігері  Ерлан Тәтімов пен М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Ғазиза  Смағұлова көпшіліктің сауалына жауап берді

Облыстық туберкулезге қарсы диспансер жанынан 500 кереуеттік провизорлық стационар ашылған болатын. Емдеу мекемесінің бас дәрігері Ерлан Тәтімов көмектен тыс қалған, дәлізде жатқан науқастың жоқ екенін, қажетті дәрі-дәрмек пен мамандардың жеткілікті екенін айтты. Жан сақтау бөлімінде жасанды тыныс алу аппараты, кислород беретін аппараттар жеткілікті. Бас дәрігердің айтуынша, емдеу мекемесінде дәріге қатысты мәселе жоқ. Орталықтың жайын облыс басшысының өзі келіп көрген.

Бұл жерде эндокринолог, гастроэнтеролог секілді өзге де мамандар кеңес береді. Стационарда науқастарға көмек көрсететін жеті жүзден астам медицина қызметкері  үш ауысыммен жұмыс істейді.

Тұрғындар қалада дәрі тапшы екенін, дәрігер жазып берген дәріні табудың мүмкін еместігін айтты. Ғазиза Смағұлова қаладағы дәріханалардың жекеменшік екенін, тиісті мекемелер жеке кәсіпкердің ісіне араласа алмайтынын, сондықтан бұл мәселе мемлекеттік деңгейде шешілетін шаруа екенін жеткізді. Сондай-ақ антибиотиктерді өз бетінше қабылдамау керектігін  ескертті. Кейбір дәрілер анафилактикалық кері әсер беретінін, аллергия тудыратынын айтты. Тұрғындар тарапынан түскен сауалдардың дені дәріге қатысты болды. Сондай-ақ «пневмонияға шалдыққан науқастар айналасына қауіп төндірмей ме?» деген сұрақтар болды. Ғазиза Смағұлова адам науқастанғаннан кейін он екі күнде айналасына ауру жұқтыруы мүмкін, ал содан кейін ол қауіп төндірмейтінін айтты. Тұрғындар жеке мәселелері бойынша да хабарласты. Дәрігерлер барлық сұраққа жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button