Жаңалықтар

Атакәсіпке адалдық

Оқыдық, пікір айтамыз

Жақында  «Ақтөбе» газетінде ҚР Журналистер одағының мүшесі Әділкерей Әуелбаевтың «Атакәсіпті алға жылжыту – басты бағыт» атты мақаласы жарық көрді.

Алғашында бұл мақалаға аса мән бермей «е, атакәсібіміз мал ғой, мал шаруашылығын қазаққа түсіндірудің не қажеті бар?» деген ой келгені рас. Осы ретте марқұм Үкітай Байжомартов айтқан бір әңгіме есіме түсіп, езу тартқаным және бар.

Ол әңгіменің мәнісі былай еді. «Бірде Ойылға республикадан мал шаруашылығына байланысты теориялық еңбектер жазған, диссертация қорғаған бір ғалым азамат келеді.  Аудан жұртшылығымен жиналыс өткізіледі. Жиын соңында келген өкіл «мал шаруашылығына қатысты сұрақтарыңыз болса қойыңыздар,  жауап беруге дайынмын» дейді. Ешкім үндемейді, өкіл сөзін қайталайды. Сол кезде бір ақсақал: «Шырағым, сұрақ қой деп қоймадың ғой, олай болса менде үш сұрақ бар. Біріншісі,  осы түйе, сиыр, қой бәрі де далада жайыла ма?» – дейді.

– Әрине, далада, мұндай да сұрақ болады екен, – дейді өкіл.

«Осы аталған үш малдың да жейтін шөбі бірдей ме?» дейді ақсақал. «Әрине, бірдей, бәрі де даланың шөбі емес пе?» деп жауап қатады өкіл. «Онда айтыңызшы, – дейді – ақсақал, неге үшеуінің боғы үш түрлі, түйенікі – кесек, сиырдыкі – жапа, қойдыкі құмалақ».

Бұл сөздер өмір бойы малмен айналысқан, бұл кәсіпке әбден кәнігі болған дала адамының танымы, білігі. Сондықтан мұндай сұраққа жауап табу оңай емес. Әрине, өкіл де жауап бере алмай қызарақтап қалғаны кәдік.

Сұрақ қоюшы ақсақал елге танымал емші, атақты сынықшы, халық құрметтеп әулие санайтын  Сүлеймен ата екен.

Салған жерде осындай ой келгенмен мақаланы оқи келе оның мәнісі бөлек,  мағынасы терең екеніне көз жеткіздім. Мақала авторы елімізде соңғы жылдары ауыл шаруашылығын дамытуға  байланысты жүргізіліп отырған кешенді жұмыстарға талдау жасаған. Біраз жылдардан бері Ақтөбе облысында өнеркәсіп пен өндірісті қарыштап дамыту алдыңғы кезекке қойылып, ауыл шаруашылығы тасада қалыңқырап келгендігін ашық жазған. Енді қазір осы олқылықтардың орнын толтыру көзделіп отырғандығын, 2025 жылға дейін облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасы қабылданғанын, осы бағдарлама бойынша алдағы жылдары жалпы құны 200 миллиард теңге құрайтын 200 жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтқан.

Бұл, әрине, үлкен жобалар. Жасыратыны жоқ, ел азаматтарының қай-қайсысы да ауыл шаруашылығының ендігі уақыттарда қарқынды дамуына күмәнмен қарайтын еді. Мақала авторының осы саланы талдап жазған зерттеу мақаласы бұл күмәнді ойларды сейілтті деуге болады.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалиннің ауыл шаруашылығын дамытуды ғылыми әдіс-тәсілдер негізінде жүргізуді, яғни бұл салаға инновациялық тәсілдерді енгізу, жаңа технологияларды қолдану, мал тұқымын асылдандыруды және оның негізінде өңірді өзіндік құнын,  бағасын сәйкестендіріп азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді күн тәртібіне қойып отырғанын жазған автордың ойлары оралымды, пікірлері деректі. Оның, әсіресе облыс әкімі айтты деген «Даланы мыңғырған малға, қаланы еңбекқор жанға толтырамын» деген тезисі ойға ой қосады, ой қосқанда Махамбеттің сөздерін еске түсіреді.

«Еділдің бойы ен тоғай,

Ел қондырсам деп едім!

Жағалай жатқан сол елге,

Мал толтырсам деп едім!» – демей ме Махамбет. Бұл – ерлердің сөзі, ерлердің ісі. Мақала авторы Әділкерей Әуелбаев осыны айтқысы келгені байқалады.

Сонымен бірге ол төрт түлік малды айта отырып, ендігі кезекте көшпенді өмір салтын ұстанған халқымыздың салты, дәстүрі, олардың малдың  жайылым жағдайына байланысты көшіп-қонуы, жалпы Ұлы далаға қатынасы туралы ойларын пайымдайды. Көшпенділер өркениетінің  қалыптасуы туралы айтады. Осы өркениет негізінде қазақтың ұлттық өнері дамығандығы, ал атакәсіп арқылы тілдік қоры қалыптасқандығы да автор назарынан тыс қалмаған.

Мақаланың тақырыбы «Атакәсіпті алға жылжыту – басты бағыт» аталғанымен Әділкерей Әуелбаев ұлт руханиятын да қамтыған. Материалдық құндылық пен рухани құндылық құстың қос қанатындай, екеуі бірге қанат қаққанда ғана алға, өркениетке даму болмақ деген ойды жұртшылықтың есіне сала кеткен. Ең бастысы, ел басшыларының халықтың әлеуетін көтеруге, елді көркейтуге арналған бағдарламаларын қолдайық, жоспарлы істеріне атсалысайық деген ұстанымы мақала авторының азаматтық ұстанымын танытады.

Газет бетінде осындай проблемалық мәселенің көтерілуі көңілге қонған соң қолыма қалам алдым. Мен бұл саланың маманы емеспін деп қол қусырып отыру саналы адамдарға жараспас. Елдің болашағы әркімді де ойлантуы тиіс. Оның үстіне атакәсібіміз – мал шаруашылығы Ұлы дала перзенттерінің қай-қайсының да жүрегіне жақын, генетикалық кодында жазылып қалғандай әсер береді.

Абат ПАНГЕРЕЕВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің профессоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button