Денсаулық

Ойылда 40 адамның өкпесі қабынған                      

Ойылда өкпе қабынуына (пневмония) шалдыққан науқастар саны күн санап өсіп жатыр. Тұмаудан басталған тосын ауру үлкен кісілерді емхана төсегіне таңып тастады. Қазіргі таңда осы сырқатпен 40 адам түскен. Оның үстіне дәріханаларда керекті дәрілер тапшы.

Бірақ ауданның бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевтың айтуынша, ауруханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Орталық аурухананың провизорлық стационарға арналған кереует саны көбейтілген. Ауданның барлық ақ халаттылары жаппай індетпен күресіп жатыр. Дегенмен маман жетіспейді. Қазір емхана дәрігерлерінен бригада жасақталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығы бойынша пульмонолог маманынан басқа нефролог, терапевт, хирург секілді мамандардың арнайы хаттама бойынша өкпеге ем жүргізуге құқығы бар. Аурухананың мамандары өкпе дертінің асқынып кетпеуі үшін бар күшін салуда. Тұрғындардың көпшілігі емханаға барғысы келмейді. Қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінсе, бірден жедел жәрдем шақырады. Сондықтан емхана жанынан науқастарға консультация ретінде сенім телефоны ашылды. Онлайн консультация арқылы шағымына байланысты учаскелік дәрігеріне немесе жедел жәрдемге хабарласа алады.

Ауруханаға түскен науқастар ПТР, яғни  полимеразды тізбекті реакция арқылы коронавирусқа тексеріледі. Олардың көпшілігінен індет белгісі анықталып жатқан жоқ. Бірақ барлығын COVID-19 сияқты емдейміз. Себебі бұл — вирусты пневмония; өкпенің қабынуы сол вирустың әсерінен болуы әбден мүмкін. Қазір ауырып жатқан адам көп, стационарда орын тапшы. Келіп жатқандарды денсаулық жағдайына қарай қабылдаймыз. Маусымнан бастап ауыр халде түсетіндер күрт көбейді. Бұл вирус жас, кәрі, бала деп таңдамайды. Адамдар осыны түсінсе дейміз. Вирусты пневмониямен ауырып жатқандардың көбі бұрыннан созылмалы аурулары бар науқастар, қарт кісілер. Қазіргі таңда ауруханада барлығы 40 науқас осы вирусты пневмониямен емделіп жатыр. Ауруханада осы диагнозбен екі адам қайтыс болды, — дейді аудандық орталық аурухананың бас дәрігері С.Нұрбаев.

Қазіргі уақытта 425 адам коронавирус инфекциясына лабораториялық тексеруден өткен. Оның ішінде оң нәтиже бергені — 7 адам. Экспресс-тестілеуден өткен адамдар саны — 101. Провизорлық стационарда 70 кереует қойылған. Инфекциялық госпитальда 10 кереует бар. Карантиндік стационарда науқас жоқ, үй карантинінде 22 адам болса, «Тенгиз» вахтасынан келгендер — 2 адам. Олармен жақын қарым-қатынаста болғандар саны — 20 адам. Барлығының адамдармен кері байланысы қатаң бақылауға алынды.

Жоспарлы түрде операцияға, емделуге баратын науқастар, санаториялық емге баратындар экспресс-тестілеуден және полимеразды тізбекті реакция лабораториялық зерттеуден тегін өте алады. Жалпы ПТР құны — 15 мың теңге, ол 14 күнге жарамды болса, 10 мың теңге тұратын экспресс-тестілеу 7 күнге жарамды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button