Басты жаңалықтар

«КОММУНИЗМ ЖОЛЫНЫҢ» ҚАДІРЛІСІ

Ертеңгі ұрпақ – өрімталдай әсемім,

Ерлейді әлі егеменді жас елін.

Ұмытпайды Әкімжанын халқының

Қапизаның Тәшенін.

Есенбай ақын.

Газеттің бір саны мен екіншісін шығару арасында тіршілігі қара қазандай қайнап жататын редакция өмірінде сол ауқымдағы шаруалардың бар-жоғын реттеп, бір арнаға салып отыратын адамдар болады. Арғы жағындағы қызмет жөнін айтпағанда, 1975-1985 жылдар аралығында облыстық «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары болған Әкімжан Оралбаев нақ сондай жан еді.

Оның өзіндік қалыптасқан жұмыс стилі бар болатын. Сырт көзге сабырлы көрінетін ол айрықша асығып-аптықпайтын да, басшымын деп айналасындағыларды ретсіз қуырып-жиырмайтын, бірақ газеттің әр санының сапалы шығуына өзінше бағыт көрсетіп, сол төңіректе жұмысты жіті ұйымдастыра білетін. Бір таң қаларлығы – оның жұмыс үстелінің үсті тап-таза болып тұратын. Біздер, жас журналистер, оған кейде таң қалатынбыз. Себебі көңілімізде нағыз жұмыс істейтін адамның алды қағазға толып, бірін алып, бірін салып жатуы керек дегендей ой тұрады-ау деймін. Сөйтсек, ол кісі қандай да шаруаны тап-тұйнақтай етіп бітіріп, артқа іс қалдырмауға дағдыланған екен. Оның алдына барған мақала редакторлық қатаң сараптаудан өтіп, түзетілген, артық-кемі ретке келтірілген қалпында секретариатқа қарай жіберіледі. Тіпті, жарамсыз болып жатса, себебі айтылып, авторына қайтарылады. Соның бәрі жеделдікпен атқарылатын.

Бір ұжымда қанаттасып еңбек етіп жүрген соң, әріптестеріңнің, әсіресе, алдыңғы буынның өмір деректеріне қызығатының бар. Сондай ретпен оны да білудің реті туды.

Әкімжан Әлиұлы 1938 жылы, яғни соғыстың алдында, турасын айтсақ, елдегі қуғын-сүргіннің қорқынышы басылмаған алмағайып тұста Шалқар қаласында дүниеге келген екен. Сондағы №1 мектепте білім алып, 1956 жылы бітіріп шығады. Екі жылдай әуелі аудандық баспаханада, сосын аудандық газетте қызмет атқарады. Осылайша, журналистика ауылына жақындатар бірер қадамды осында жасайды. 1958-1963 жылдар аралығында Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімінде оқиды.

Әбекеңнің қандай студент болғанын біз ол туралы жазылған естеліктерден білдік. Бірігіп оқып көрелікші.

Туған ағасы Жолжанның айтуынша: «Әкімжанның бір қасиеті, басқа студенттердей қылтың-сылтыңы жоқ, темекі шекпейді, арақ-шарапқа әуес емес, сабақтан шығып үйге келеді де, кітап, дәптерлерін оқып отырады».

Курстасы, белгілі қаламгер Қоғабай Сәрсекеев: «Әкімжан өте таза еді, мөлдір еді, ешкімді жамандамайтын, оған бәрі жақсы еді. Алматыға бір ізбен келіп, бір ізбен кетті», – деп тебіренеді.

Балалар жазушысы Құрманбай Толыбаев: «Құдай берген мінезі шығар, жастығына қарамастан қазақи қалпынан танбастан өзін өте байсалды ұстайтын. Ақсия күліп, желіксіз сабырлы сөйлейтін де, барлық шынын бүкпесіз ақтарып, ағынан жарылатын», – деп жазыпты.

Бір ерекшелігі, Әбекеңнің бірге оқыған курстастарының ішінде танымал емесі жоқ. Өзіміздің қадірлі ағамыз Идош Асқардан бастап, Есенбай Дүйсенбаев, Рымғали Нұрғалиев, Қарауылбек Қазиев, Нұриден Муфтахов, Әміржан Қалиев, Болат Бодаубаев … осылай жалғаса берер еді.

Университетті бітіргеннен кейінгі Әкімжан ағаның еңбек жолы өлкелік «Батыс Қазақстан» газетінен басталды. Ол басылым 1965 жылдан «Коммунизм жолы» деп аталды.

Сол тұстағы жас журналистің келбетін тағы да естеліктер арқылы елестетіп көрелікші. Тоқсаннан өте дүниеден өткен абыз ақсақал Смағұл Мұқашев кезінде: «Газеттің күнделікті күйбеңі шабысын бұзып, қасаң етіп кетпесе, түбінде Әкімжан жазушы болады», – деп айтқан екен.

Бала кезден бірге өскен құрдасы Марат Мырзағұлов: «Ол – жауапты хатшының орынбасары. Макетті шебер сызады. Запаста жатқан мақалаларды кезектен тыс салып жіберіп, қаламақыны бұрынырақ алуымызға себепші болғанын неге айтпасқа…», – деп жазыпты.

Редактордың орынбасары атқаратын жұмыс сырт көзге көрінбеуі де мүмкін. Бірақ оның өзі атқаратын адамына байланысты екен. Әбекеңнің сыртта жүрген, аудандардағы қаламының желі бар дейтін жастарды үйіріле тартып тұратын мінезі болушы еді. Кейде арнайы тапсырма беріп жататын. Сондағысы ұшар қанатқа қолдау екен ғой. Кейін облыстық газеттің редакторы деңгейіне дейін көтерілген Әмір Оралбай ол кісінің осындай шарапатын көрген жігіттердің бірі еді.

Жақсы мақала, ойлы орамдар көрсе, жанып түсетін. Ол кезде жарық көрген газет сандарына апталық шолу жасалады. Жақсы дүниелер мақталады, нашары сыналады. Әншейінде сөзі жарасып, әзілдесіп жүретін жігіттер мұндайда аяушылық танытпайды. Мүлт кеткен тұсыңды қағып түседі.

Бір осындай отырыста сөз алған Әкімжан аға жас әріптесі Ертайдың бір мақаласын мақтай жөнелді. Жай мақтап қана қойған жоқ, әуелетіп жіберді. Аптасына газеттің бес саны жарық көреді, бұл мақталып жатқан мақала қашан жарық көрді екен деп ойлана бастадық. Көңілімізге күдік кіретін себебі ондай мақаланы әлі оқымаған сияқтымыз. Шынында да солай болып шықты, Әбекең редактордың орынбасары ретінде қолынан өткен, бірақ газетке әлі жарияланбаған дүниенің жақсылығына қуанып, алдын ала жар салып жатыр екен ғой…

…Әлі есімізде, 1985 жылдың тамыз айының басында сол кездегі науқаншылдық ретімен қазіргі Шәмші ауылына қолмен шөп шабуға бардық. «Коммунизм жолының» журналистерін редактордың орынбасары Әкімжан ағамыз бастап апарды.

Күн ыстық. Қаруымыз – негізінен қол орақ, бірер шалғы бар. Бәріміз де ауылда өстік дегенімізбен, шалғыдан гөрі қол орақты қолайлы көретінімізді байқатып алдық. Шалғыны бірінші болып Әбекең қолға алды. Ол бізге басшылықтың ретін жұмыс істеуімен көрсетті. Оның ізінде жас құрақ бау-бау болып түсіп жатты.

Содан көп ұзамай көлденең жабысқан әлдебір дерттен операцияға түсті. Қайратты жүрек қауіпті сәттен аман алып шыққанымен, одан кейінгі тайталасқа төтеп бере алмады.

Сөйтіп, мектеп бітірген соң он сегіз жасында Шалқар аудандық баспаханасында еңбек жолын бастаған, журналистік жоғары білім алғаннан кейін жиырма екі жыл облыстық газетте қызмет еткен Әкімжан аға қаламгерлік қуаты бабында, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті тасқындап тұрған шағында өмірден озып жүре берді.

Жақсыны жұрт жадынан шығармайды ғой, бірақ ол кісінің жары Қапиза апа оны қатты іздеді. Перзенттерінің алды енді студент атанып, өмірдің қызығына бойлай берген кезде алып таудай азаматының ай-күннің аманында көз алдынан ғайып болғанын ол көпке дейін түсіне де алмай жүрді. Өйткені Әбекеңнің армандары көп еді. Сол армандар орындалатындай, екеуі бірігіп қадірлі қарттық дейтін кезеңге қол ұстасып жететіндей көрінетін. Мәдиха, Үміт, Гүлнәрдің қыр басына шыққан қырмызы шақтарын қызықтап отырамыз ғой дейтін.

Қазір Диас Әкімжанов дейтін бір қара бала қадірлі ағаның есімін елге жалғастырып алып келеді.

Бір қызығы, біздің көбіміз Әкімжан ағамыздың Тәшен деген аты бар екенін мүлдем кеш білдік. Әуелгіден әдемі есімге үйреніп қалған басымыз көпке дейін бұл атауды қабылдай алмай жүрдік. Сөйтсек, бала кезден бірге өскен достарының бәрі, аға-жеңгелеріне дейін Тәшен деп атайды екен. Ауылдастары, көнекөздер әлі күнге дейін «Тәшеннің үй іші аман ба?» деп есен-саулық сұрасып жатады.

Өмірден өтер күні жақындап қалған кезде ме екен, Әбекең «Туған жер» деп аталатын жүрек тебірентерлік бір туынды жазды.

«Көңілде ба, еді бір аңсау, жүр еді сары сағыныш. Жылы оранып жатқан еді жүрегімде. Елітіп, еліктіріп, елжіретіп жаныма тиіп тұратын тылсым күшің. Өңімде ойымда, ұйқымда түсімде саған оралмаған күнім бар ма, күнім?» – деп басталатын сол жазбалары.

«Өмірімнің бастауы, о, атамекен. Міне, енді бүкіл ойымның шешімін де таптым. Мынау өркеш-өркеш құмдар болса, мен сенің бір төбең, талың болса – бір бұтағың, қамысың болса – бір құрағың, көлің болса, бір тамшың екенмін». Сол эссе осылай аяқталатын. Сол туындысы көп қаламдасының ойын оятты, көңілін қозғады.

…Қыр басындағы оның мәңгілік мекеніне барған адам қолына «Коммунизм жолы» газетін ұстап, ойлы көзбен қарап отырған ескерткіштегі бейнеге еріксіз назар аударар еді.

Ол – Әкімжан Оралбаев! Көзі тірісінде өз өмірінің мағыналы бөлігіндей сезінетін «Коммунизм жолы» қазір «Ақтөбеге» айналды. Бірақ бәрібір бұл газеттегілер, Есенбай ақын айтқандай, «Ұмытпайды Әкімжанын халқының!».

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button