Мереке

Мирас МҰҚАШ: Ақтөбеге үлкен жауапкершілік арқалап келдім  

Биыл «Aqtóbe» телеарнасының іргесінің қаланғанына 60 жыл толды. Облыстың жарты ғасырдан астам тыныс-тіршілігіне куә болып келе жатқан «Aqtóbe» бүгінде дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған арна. Дәстүрлі қазақы бейнесін жоғалтпай, жаңа цифрландыру дәуірінің де талаптары үдесінен шыға отырып, көрерменіне сапалы да мазмұнды контент ұсынып отырған арна тынымсыз даму үстінде: өз тарихына үңіліп, ертеңгі күнге батыл жоспар қойып отыр.

Қазақ телевизиясының қара шаңырағы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіретін жергілікті арнаның директоры Мирас Мұқашпен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді:

— Телеарнаның іргесі қаланғанына 60 жыл толуына орай сіздің ұжым  бірнеше жобаны қолға алғанын көріп отырмыз. Соның бірі – «Таспадағы тарих». Мұрағаттағы материалдар — арнаның қазынасы, облыс тарихының шежіресі,  құнды дүниелер екендігіне шүбә жоқ. Мұрағаттағы материалдар қай уақыттан басталады? 1960 жылдардағы материалдар бар ма? Қандай қызықты бағдарламалар бар таспада?

— Телеарнаның 60 жылдыған орай 18 имидждік жоба дайындап отырмыз. Соның бірі —  «Таспадағы тарих» хабары. Мұрағаттағы ең ескі хабарлар — 1979 жылға тиесілі. Телеарнада сақталған кинопроектор арқылы ескі ленталарды айналдырып, камераға түсіріп алдық. Көрерменнің өзі куә болып отыр. Алғашқы таспалар біздің арнаның тілшілері Шалқар ауданына іссапарға барғанда түсірілген: «Шалқар суының» шығарылуы, шалқарлық балалардың Аралға лагерьге барғаны туралы хабарларды көрсеттік. Мұндай хабарлар облыстың барлық ауданында түсірілген. Оларды рет-ретімен әр сенбі сайын эфирге шығарамыз.

18 имидждік жобаның ішінде «Алпыс асуы» деген хабарымыз да бар. Онда осы арнада жұмыс істеген ардагерлеріміз көрсетіледі.  Мерейтой қарсаңында 13 жоба жарыққа шығады. Оның 8-і тұрақты түрде көрсетіледі. 5 жобамыз — арнайы мерекелік хабарлар, олар екі тілде жарыққа шығады.

—  Коронавирус дертінің белең алуына байланысты әлемдік пандемия, елімізде жарияланған төтенше жағдай,  өңірдегі карантин кезінде көптеген ұйымдарда қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшкені белгілі. Бірақ телеарна қызметкерлері үшін жұмыс керісінше әдеттегіден көбірек болған сыңайлы. Себебі жедел ақпарат тарату мұндай кезде екі есе маңызды. Сіздің ұжым бұл қиын кезді қалай өткізді?

— Пандемия кезінде бізде демалыс, мереке күндеріне қарамастан, «Індет пен міндет», «Ақпараттық сағат» хабарлары тікелей эфирде көрсетілді. Оны журналистеріміз Есет Қаниев пен Гүлдана Қаленқызы жүргізді. Үлкен жауапкершілікпен екі ай бойына үздіксіз жұмыс істеді. Екі хабарды қосқанда 120 бағдарлама эфирден өтті. Бұл 120 сағат тікелей эфирде еңбек еттік деген сөз. Оның артында шығармашылық топ пен техникалық қызметкерлердің орасан еңбегі жатыр. Бұл еңбек ел тарапынан еленді. Есет Қаниев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Оны облыс әкімі Оңдасын Оразалин тапсырды. Бұл — біздің арнамыздың ортақ абыройы.

Сіз жергілікті арнаға басшы болып келгелі біраз уақыт болды. Әр басшы өз жоспарымен, өз идеяларымен, өз мақсаттарымен келетіні аян. Сіз Ақтөбеге келе жатқанда осы телеарнада не өзгертсем, қандай идеяларды, қандай жобаларды жүзеге асырсам деп келдіңіз?

— Иә, мен Ақтөбеге үлкен жауапкершілік арқалап келдім. 60 жылдық тарихы бар, журналистердің ұстаханасына айналған үлкен арнаны басқару зор жауапкершілік.  Бар мақсат-мұратым —  осы арнаны көркейтсем, менен бұрын жұмыс істеген Раукен Сағызбайұлы, Ернұр Көшерханұлы сынды арнаның дамуына ерекше үлес қосқан азаматтардың ісін жалғастырсам, солар көтерген биіктен түсірмей, одан әрі дамыта түссем деген ниетпен келдім.

Өзім көп жыл бойы жаңалықтар қызметінде жұмыс істегем. Сондықтан жаңалықтар форматын, апталық сараптамалық бағдарламаның форматын өзгертсем деген ой болды. Бұл өзгерістерді көрермен бүгінде көріп отырған болар. Жаңалықтар қызметінің ішінен «Ағайынның айтары бар» деген айдар аштық. Ол айдарда шалғай ауылдардағы ағайын ауылдың тыныс-тіршілігіне қатысты өз телефонына шағын видео түсіріп бізге жолдайды.  Бұл ауылмен байланысты одан әрі нығайтады. Қарапайым еңбек адамдарын көбірек көрсетуге күш салып жатырмыз. Апталық сараптамалық бағдарламамызда, «Журналистік зерттеу» бағдарламамызда тұрғындарды толғандыратын мәселелерді көтермекпіз. Оған қоса «Алло, мен Ақтөбеге келдім» деген телесериал түсірілімін бастауды жоспарлап отырмыз.

— Сіздің ұзақ жылдар республикалық арналарда жұмыс істегеніңізді білеміз. Оған қоса жазушылығыңыз да бар.  Өзіңіз туралы газет оқырманына ақпарат бере кетсеңіз?

—  Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Әкем журналист, анам филолог, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Екеуі де Қазақ Ұлттық университетінде оқыған, мен де ата-анамның жолын қуып, сонда білім алдым. Әкем Қазақстан Жазушылар, Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы. Біз бала кезде үйде ойыншықтан гөрі кітап көп болатын. Әкем кітап, газет оқып жатса, анам дәптер тексеріп отыратын. Сол екеуінің ортасында өскен біз де кітапқұмар болып өстік. Мен ініме түнгі 3-4-ке дейін «Батырлар жырын» дауыстап оқып беруші едім…

«Қазақстан» ұлттық арнасында, «Хабар» агенттігінде, «7 арнада», Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде жұмыс істедім. Журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныма 15 жылдай уақыт болды.

Журналистикада есіміңіз көпке белгілі. Әдебиет әлеміне де бөтен емессіз. Шығармашылығыңыз туралы айтсаңыз? Не жазып жүрсіз? Не жаза алмай жүрсіз? Кітап шығару ойыңызда бар ма?

— Мен өзімді толыққанды жазушымын деп есептемеймін. Әлі де іздену, оқу үстіндемін. Ұдайы әкеммен ақылдасып отырамын, әкем маған үнемі білімді арттырып, «багажды» толтырып отыру қажеттігін айтады. Қазір оқуға көбірек ден қойып жүрмін. 2012 жылы Журналистер одағына, 2019 жылы Жазушылар одағына мүшелікке өттім. «Ақ шағала» деген кітабым бар. Қазір де ойда жүрген біраз дүние бар. Кітап шығару да ойымда бар. Мемлекеттік қызметте жүргенімде әдебиеттегі мемлекеттік қызметшінің портретін жасағым келді. Жазғандарымды жинақтап жатырмын.

— Жолдасыңыз да журналист қой?

— Иа, жолдасым екеуміз Қазақ Ұлттық университетінде бірге оқыдық. Оның да мамандығы журналист. Үш баламыз бар. Жолдасым бала тәрбиесімен үйде отыр. Жолдасымның бар уақытын бала тәрбиесіне арнағанына қатты қуанамын, себебі менің уақытымның көбі жұмыста өтеді, ал бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті қажет ететіні аян.  Сол үшін жолдасыма алғысымды білдіремін. Алдағы журналистер күнімен де газет арқылы құттықтағым келеді.

— Басқа әріптестерге де тілегіңіз?

— Ақтөбеде керемет журналистік, әдеби орта қалыптасқан. Раукен Сағызбайұлы ағамыз осы телеарнада талай мықты кадрларды тәрбиелеген. Қазір шетелде, республикалық деңгейде жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз баршылық. Мереке қарсаңында олардан құттықтаулар, сұхбаттар алдық, барлығы да ризашылығын білдіріп жатыр. Бұйырса, мереке қарсаңында көрсетеміз.

Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы ағаларымыз бір төбе. Бұл кісілермен бір қалада тұратыным, бір салада жұмыс істейтінім үшін қатты қуанамын. Нұр-Сұлтан, Алматыдағы жас қаламгерлер: «Мейірхан, Ертай, Бауыржан ағаларды көрдің бе?», — деп қызыға сұрайды. Көргенде қандай! Бұл ағаларымыз республикалық деңгейде газет-журнал жасай алатын потенциалы бар азаматтар. Бүгінгі мереке күні әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Қазақ журналистикасы жасай берсін, өркендей берсін. Өзімнің қазақ журналистикасының бір өкілі екенімді мәртебе тұтамын. Ұлт мұраты үшін жасап жатқан еңбегіміз баянды болсын дегім келеді.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button