БілімБасты жаңалықтар

230 жасқа облыс әкімінің атаулы стипендиясы табысталды

Кеше өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарында оқитын жігіттер мен қыздарға бір реттік атаулы стипендиялар берілді. Сондай-ақ облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес отырысы аясында жұмыс пен қолжетімді тұрғын үймен қамту мәселелері талқыланды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ғимаратында өткізілген жиында алдымен жастар арасындағы нәтижелі жұмыспен қамту жайы сөз болды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінованың айтуынша, биыл алғаш рет осы бағытта Үкімет тарапынан екі жоба қолға алынып отыр. Біріншісі «Алғашқы жұмыс орны» деп аталып, бұның аясында дипломын қолына енді алған жас мамандар бір жылға дейін мемлекеттің арнайы қамқорлығына алынады. Яғни мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналастырылады, тиісінше еңбекақымен қамтылады. Кейін жұмыс берушіге әлгі жас кадрды еңбекке баулып, өз қарамағына алып қалу жүктеледі. Ал «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы зейнет жасына жақындаған қызметкерлердің кейінгі буынға жөн сілтеп, өз мамандығының қыр-сырын меңгертуге бағытталған. 1 шілдеден бастап жүзеге асырылатын жоба, аты айтып тұрғандай, құрметті демалысқа кеткелі отырғандардың жастарды тәрбиелеп, соңынан шәкіртін қалдыруы үшін жасалған. Бұған да мемлекет тарапынан субсидия бөлініпті. Жалпы, жастардың арасындағы жұмыссыздықтың әлі де өзекті мәселе екенін айтқан басқарма басшысы:

— Облыста жастар арасындағы жұмыссыздық 3 пайызды құрап отыр. Осы мәселені шешу үшін ұйымдарды, оқу орындарының басшыларын, волонтерлерді күш біріктіруге, бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын.

Биыл Ақтөбе облысында 12 мың студент жоғары және орта арнаулы оқу орнын тәмамдайды. Соның 70 пайызын жұмыспен қамтимыз деп жоспарлап отырмыз, — деді.

Ал облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов Ақтөбеде 59 мың шағын және орта бизнес субъектісінің барын, оның 8 мыңы жастардың үлесінде екенін баян етті . Өз сөзінде ол «Жас кәсіпкер», «Еңбек» бағдарламалары бойынша жас талаптарға қолдау көрсетіліп жатқанын, сонымен қатар жыл санап қайтарымсыз гранттардың саны артып отырғанын қосты.

Жастардың баспанамен қамтылуы жөнінде сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ержан Мұздыбаев үй кезегінде өңірде 31 мыңнан астам азаматтың тіркеуде тұрғанын, оның үлес салмағы Ақтөбе қаласында көп екенін (24569 тұрғын) атап өтті. Артынша мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарға баспананы жалға алу, бөліп төлеу арқылы сатып алуға жеңілдіктердің жасалып жатқаны турасында айтылды.  Өз кезегінде «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин бастапқы жарнаны төлеу жағынан тек мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік осал топтар өкілдеріне ғана емес, жас отбасыларға да қолдау көрсетілсе деген ұсынысын ортаға салды.

Сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков оқимын деген жастарға қамқорлықтың жылма-жыл күшейтіліп жатқаны жөнінде пікірін білдірді.

Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин атаулы стипендияларды беру дәстүрге айналғанын, сол арқылы оқуда озат, талантты, сонымен бірге ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан жастарға қолдау шаралары жалғаса беретінін айтты.

— Мемлекеттік бағдарламалар, басқа да игілікті жобалардан тыс жергілікті бюджеттен атаулы стипендияларды беруді қалыптастырдық. Өйткені білімге құштар, бірақ көмекке зәру жастар аз емес. Бір жағынан, бұл өзгелерді жақсы оқуға ынталандыратыны сөзсіз. Ең басты мақсатымыз — білікті мамандардың санын молайту. Гранттар да сол үшін беріледі.

Бір қуантарлығы, бұған дейін стипендия иегерлері болған жастардың оқу үлгерімі төмендемепті, қайта даму бар. Бұл — көңіл сүйсінтерлік жағдай. Сондықтан қабілеті жоғары, дарынды, алғыр жастарды қолдауды жалғастыра береміз, — деген Оңдасын Сейілұлы өңірдегі жоғары және орта арнаулы 12 оқу орнының өкіліне атаулы стипендияны салтанатты жағдайда табыстады. Бұл — пандемияға байланысты жасалып отырған шағын рәсім. Негізінен, мұндай бір реттік көмекке ие болғандардың жалпы саны — 230. Атап айтсақ, жоғары оқу орындарының 190 студентіне 120 мың теңге, орта кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының 40 оқушысына 70 мың теңге көлемінде беріледі. Яғни марапаттауға қатыспаған 218 жастың есепшотына таяу күндері қаражат аударылатын болады. Сондай-ақ өңір басшысы шара барысында «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының белсендісі Әлішер Садыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатын табыс етті.

Атаулы стипендиямен марапатталғандардың бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің II курс студенті Исламбек Бітімбай замандастарының атынан алғысын білдіріп, үмітті ақтауға уәде берді:

— Пікірсайыс қозғалыстарының көшбасшыларының бірі ретінде жастарға жанашырлық танытқандарға ризашылығымды білдіргім келеді. Осындай әлеуметтік қолдау көрсеткен, әсіресе атқарушы билікке алғысым шексіз. Болашақта құтты мекен — Ақтөбенің өркендеуіне үлес қосып, бізге артқан сенімдеріңізді ақтаймыз.

Ресми деректерге жүгінсек, 2017 жылдан бері аталған стипендияға 850 ақтөбелік жас лайық деп танылыпты.

Жиынға атқарушы билік өкілдерінен бөлек, зиялы қауым өкілдері, оқу орындарының басшылары, белсенді жастар мен журналистер қатысты.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button