ДенсаулықМереке

Індетпен күресіп жүр

Облыста індет жұқтырғандардың саны артып барады. Соңғы кезде коронавирустың ауыр түріне шалдыққандардың қатары көбейген. Дәрігерлер бар күшін салып індетпен күресіп жатыр. Тіпті наурыз айынан бері үйіне бармай жұмыс жасап жүргендер бар. Коронавирус жұқтырған алғашқы науқас тіркелгеннен бастап, тынымсыз еңбек етіп жүрген жоғары санаттағы дәрігердің бірі Күлжаһан Айбосынова. Тәжірибелі маман коронавирустың аса қауіпті екенін, тұрғындардың салғырттық танытуына болмайтынын айтады.

Күлжаһан Нұрмағамбетқызының облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс жасағанына 41 жылдан асыпты. Шалқар ауданы Қарашоқат ауылындағы мектепті бітіріп, Ақтөбе медицина институтына оқуға түседі. Оқу орнын аяқтағаннан кейін жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа орналасады. Содан бері бір жерде тапжылмай еңбек етіп келеді. Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы ілгеріде  қалалық аурухана, кейін балалар ауруханасы болды. 1999  жылдан бастап ересектер мен балаларды емдейтін облыстық аурухана болып қайта құрылды. Ал Күлжаһан Нұрмағамбетқызы осы емдеу мекемесінде 37 жыл бөлім меңгерушісі болды. Қазір зейнет жасында болса да ауруларды емдеп, еңбектен қол үзген жоқ. Облыста індет жұқтырған алғашқы науқас тіркелген кезде білікті дәрігер алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеді. 22 наурыздан бастап індетпен күресіп жатқан дәрігерлер аурухана ішінде оқшауланды. Облыстың бас инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Мейрамбек Құрманғазин және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге қолдау көрсетті. Олардың ауру жұқтырып, таратпауы үшін қала сыртындағы демалыс кешеніне орналастыруға ықпал жасады. Мамандар барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтады. Жұмыстан шыққан бойдан демалыс орнына келеді. Үйлеріне бармайды. Қазір дәрігерлер Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жаңа жатақханасында жатыр. Дәрігерлер үшін бұл жерде барлық жағдай жасалған. Уақытында ас беріледі. Жаттығу залдары бар.

Аса қауіпті аурумен күресіп жатқанымызды ескеріп, біздің жағдайымызды жасап жатыр. Өкініштісі, ауру тыйылмай тұр. Халық арасында да әр түрлі пікір бар. Тіпті коронавирустың бар екеніне күмән келтіретіндерді көріп жүрміз. Осы індетпен бетпе-бет келіп, күресіп жүрген маман ретінде айтарым, ауру бар және өте қауіпті. Белгілері қарапайым тұмауға ұқсайды. Індет жұқтырған адамның кейде тамағы қышып, басы ауырып, іші өтуі мүмкін. Бірнеше күннен кейін құрғақ жөтел пайда болуы ықтимал. Дене қызуы әр адамда әр түрлі болады. Бірінде 37 градус болса, енді бірінде 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Ауру жоғары тыныс жолдары арқылы жұғады. Бірден белгісі байқалмауы мүмкін. Кейде он төртінші күні ауру сезімі басталады. Қазір аурудың симптомсыз түрі көбейіп жатыр. Мәселен, адам организмінде коронавирустың бары анықталады. Иммунитет күшті болғандықтан адам ауырмайды. Бірақ ол індетті тасымалдайды. Сондықтан бұндай науқастар оқшауланады. Ауру қант диабеті, созылмалы бронхит секілді ауруы бар адамдарға өте қауіпті.

 Науқас адамдармен жұмыс жасағандықтан біз күн сайын сынама тапсырамыз. Еңбек жолым жұқпалы аурулармен күреске арналғандықтан сақтық шараларына қатты мән беремін. Аурудан қорықсақ, індетті жеңе алмаймыз, — дейді инфекционист.

Қырық жылдан астам уақыт жұқпалы ауруларды емдеп жүрген дәрігер коронавирустың аса қауіпті індет екенін айтады. Вирус бірден өкпені зақымдайды. Сондықтан тұмау белгілері байқалған жағдайда дәрігерге қаралу керек немесе жедел жәрдем шақыртқан дұрыс.

Қазір тұмау күшейіп тұр. Бұл коронавируспен де байланысты болуы мүмкін. Оның үстіне адамдар ыстықтап отырып, бірден салқын жерге барады. Кондиционердің астында жатуы мүмкін. Осындай кезде суық тиеді. Ал қазіргі жағдайда тұмаудан сақтанып жүру керек. Ауру белгісі байқалса, дәрігерге қаралған дұрыс, — дейді Күлжаһан Айбосынова.

Адамдар қоғамдық көлікке мінгенде, азық-түлік дүкендеріне, яғни халық көп шоғырланатын жерге барғанда медициналық бетперде киіп жүруі керек.

«Ауру жоқ» деген түсінік болмауы керек. Қазір бұл індетпен әлем күресіп жатыр. Тағы бір қорқыныштысы, вирус тез бейімделгіш екен. Сондықтан азаматтар барынша сақтанып жүруі керек. Медициналық бетперде мұрын мен ауызды түгел жауып тұруы тиіс. Біреулері иекке түсіріп қояды. Бұл дұрыс емес, — дейді дәрігер.

Инфекционист азаматтарды сақ болуға, барлық санитарлық талаптарды сақтап жүруге шақырды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button