Денсаулық

Ақ халатты абзал жандар әні

Әйтеке би аудандық аурухананың бас дәрігері қызметінде жүргенімде дәрігерлерге күнделікті қызметтегі кемшіліктерді қадап айтқаныммен, олардың  аудан халқының денсаулығын сақтаудағы жұмыстарының күнделікті тіршіліктен  әлдеқайда биік екенін түсінетінмін. Уақытпен санаспай, түн ұйқыларын төрт бөліп, аудан көлеміндегі қай елді мекенге бару керек болса да, үн-түнсіз жолға шығып кететін. Барған жерлерінде дәрігерлік көмекті өз мамандық дәрежесінде көрсетіп, ертеңгілік жұмыстарын жалғастыра беретін. Солардың тынымсыз еңбектерін қалай халыққа паш етсем деп жүретінмін.

Бірде осы өңірде бірге қызмет атқарған, бүгінгі күнде ағайын болып кеткен іні-дос  Жанғабыл Қабақбаевқа хабарласып, өзі талай куә болған ақ халатты абзал жандардың еңбегін халыққа жария ететіндей өлең керек екенін айттым. Ол көп ұзамай тілегімді орындады. Өлеңнің сөзі  ұнады, себебі онда әр дәрігердің еңбегі сараланып, ауданның барлық елді мекендері  қамтылған.

Бізге бірдей күндізің де, түнің де,

Жаралғанбыз өмір үшін жүруге.

Ақ желеңді абзал жанның тері бар,

Дүние есігін ашқан сәбидің де үнінде.

Қашық емес Ұлғайсыным, Талдығым,

Мына шетте Жабасағым, Аққұмым.

Күретамыр — теміржолым тағы бар,

Біз қамтимыз ауылдардың барлығын,—

деген жолдар бәріміздің жүрегімізге жақын еді.

Содан бұл өлеңді аудан көлемінде айтылатын «Ақ  халатты абзал жандар  маршы» етіп  дәрігерлердің  айтуына лайықтап, музыкасын шығаруға көмектесуін  өтіндім. Содан бір айдың ішінде профессор Қайырғали Қожанбаевтың әуенімен  Әйтеке би ауданы медицина қызметкерлерінің маршы дүниеге келді. Сол күннен бастап осы ән аудан медицина қызметкерлерінің бас қосу мерекелерінде тұрақты айтылатын болды.

Жақсылық ҚАСЫМОВ,

«Құрмет» орденінің иегері, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button