Денсаулық

«Жеке карантин» талаптарын сақта!

«Жақыныңа жанашыр бол!»

Облыста індетке шалдыққандардың саны артып барады. Соңғы тәулікте тізімге 12 адам қосылған. Оның ішінде 9 адам Ақтөбе қаласынан болса, 3 адам Хромтау ауданынан тіркелген. Науқастардың ішінде сегіз адам тұмау белгілерімен дәрігерге қаралған кезде коронавирус жұқтырғаны анықталған. Қазіргі таңда пациенттер инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Жалпы облыста 528 адам осы індетке шалдыққан. Сондықтан тұрғындар сақтық шараларын қатаң ұстанғаны дұрыс. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов адамдардың жеке карантинге көңіл бөлу керектігін ескертті. Бұл туралы министр өзінің фейсбук парақшасында жариялады.

«Құрметті достар!

Мен министр ретінде ғана емес, ең алдымен коронавирус эпидемиясының қауіп-қатерін жақсы түсінетін және азаматтардың денсаулығы үшін ерекше алаңдап жүрген адам ретінде сіздерге өтініш жасамақпын.

Дәл қазір жауапкершілікті мойнымызға алып, әрқайсымыз «жеке карантин» ережелерін мұқият үйренер және оны өмір салтына айналдырар кез келді. Ал індетті жұқтырып алмау үшін қарапайым ғана мынадай шараларды сақтасаңыздар болғаны:

  1. Жұмыста, көлікте, көшеде, дүкенде және т.б. жерлерде мүмкіндігінше арақашықтықты сақтаңыз;
  2. Егер мүмкіндік болса кеңседе емес, үйде отырып жұмыс істеуге тырысыңыз. Туыс, достармен онлайн, бейнеқоңырау және өзге де жаңа технологиялардың көмегімен байланыс орнатыңыз;
  3. Қоғамдық орындарда бетперде киіп жүріңіз;
  4. Қолды кем дегенде 20 секунд сабынмен жиі жуып, санитайзермен сүртіңіз;
  5. Өзіңіздің және отбасы мүшелерінің температурасын жиі өлшеп тұрыңыз.

Айта кету керек, дәл осы шаралар наурыз, сәуір және мамыр айларында төтенше жағдай кезіндегі карантинде көп көмектесті.

Қазір әлемнің кейбір елдерінде және Қазақстанда да коронавирус инфекциясының екінші толқыны жүріп жатыр. Елімізде екінші толқын мамыр айының соңында карантин талаптарын жеңілдеткеннен кейін басталды. Өкінішке қарай, COVID-19 жұқтырғандар саны бірден артты…

Қазір инфекцияның таралуын шектеуге бағытталған шаралар мен жеңілдетілген карантин арасындағы ортақ теңдікті тауып, оны қалыпты өмір салтына айналдыру қажет. Коронавирус бізді әлі тағы да әбігерге салары анық. Сондықтан, бұл шараларға мән беріп, мұқият қарауға мәжбүрміз. Алдағы уақытта жағдайы ауыр науқастар саны артуы мүмкін. Алайда, біз жедел жәрдемге кезек күткен пациенттер мен адам өмірін құтқарып үлгере алмай жатқан дәрігерлерді көргіміз келмейді.

Қазір оқушылар мен студенттер демалыста. Өкінішке қарай, кез келген бала, шәкірт немесе студент инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін. Олар достарымен кездесемін деп жүріп, індетті жұқтырып алса, үйдегі егде жастағы ата-ана, жасы үлкен туыстарына үлкен қауіп төндіреді. Оның зардабы да ауыр болмақ.

5 маусымда ДДСҰ халықтың түрлі топтарына арналған бетпердеге қатысты жаңа ұсыным жасады. COVID-19 таралуының алдын алу үшін міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты (кем дегенде 1 метр) сақтау керек. Медицина қызметкерлеріне, респираторлық ауру симптомдары бар адамдарға, халықтың осал тобына кіретін адамдарға, сондай-ақ 1 метр арақашықтықты сақтауға мүмкіндік болмаған кезде бетперде кию ұсынылады. Сонымен қатар  ДДСҰ COVID-19 жеңіл симптомдары бар адамдарға медициналық бетперде киюге (және медициналық көмекке жүгінуге) кеңес береді. ДДСҰ пандемия жоқ деп мәлімдеді деген пікір қате, әңгіме симптомсыз пациенттер COVID-19 аз жұқтыратыны және жалпы оның басқа адамдарға берілмейтіндігі туралы. Бұл тұрғыда, бетпердені тек індеттің симптомдары байқалған адамдарға, қосымша аурулары бар қарттарға және 1 метр арақашықтықты сақтау мүмкін болмаған кезде ғана киюге кеңес береді. Барлығының бетперде киюі міндетті емес.

Сонымен, Сіз «жеке карантин» ережелеріне немқұрайды қарамай, жауапкершілік танытсаңыз, отбасыңыздың, туыс, достарыңыз бен әріптестеріңіздің, қала мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз. Біз бірге күрессек қана бұрынғы өмір сүру салтымызға, жұмысқа тезірек ораламыз, туған-туыс, жақындарымызбен қауышып, еркін жүріп-тұруға мүмкіндік туады, қайта саяхатқа шығамыз.

Ол үшін әрқайсысыңыздан «жеке карантин» талаптарын қатаң сақтауды сұраймын! Өз басыңыздың және жақындарыңыздың амандығы үшін жеке қауіпсіздікке аса мән беріңіз. Ауырмаңыздар!»

Министр тұрғындарға осылай ескерту жасады.

Айта кетейік, Елжан Біртановтың өзі де індетке шалдыққанын мәлімдеген болатын.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button