Спорт

Ақтөбеде ат спортынан Қазақстан чемпионаты басталды!

Әдетте ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтеді десе, оңтүстік облыстарға қарай елеңдейтінбіз. Ал биыл қарулы да шыдамды, епті де жігерлі жастар Ақтөбеде бас қосты. Атап айтқанда, бүгін ипподромда 1989-1994 жылдары туған жастар арасында ұлттық сайыстардан (көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу) Қазақстан чемпионаты жалауын көтереді. Чемпионат сағат 11.00-де салтанатты түрде ашылып, көкпар сайысынан жарыс басталады. Ұлттық спорттың жас шеберлері ертең аударыспақтан, 15 қазанда теңге ілуден, 16 қазанда қыз қуудан бәсекеге түседі. Ал 17 қазанда бәйге жарысы өтеді. Жарыс күн сайын сағат 9.00-де басталады.

13-17 қыркүйек аралығында жастар арасында өтетін чемпионат ұлттық спорттың 4 түрінен өтеді, — дейді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Ақтөбе филиалының атқарушы директоры, чемпионаттың бас төрешісі Аманғос Дербісалин. — Біріншілікке Қазақстанның барлық облыстарынан 16 команда келеді деп күтілуде. Оған 300-ге жуық жас спортшы қатысады. Чемпионат Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бекіткен ережесі бойынша өтеді.

Мұндай ауқымды жарыстар басқа облыстарда өтіп жүргенін білеміз. Ал Қазақстан чемпионатының Ақтөбеде бірінші рет ұйымдастырылуының себептері де бар.

Мұның себебін Аманғос Дербісалин қашан да спорт түрлеріне көңіл бөлініп келе жатқанынан, әсіресе, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Ақтөбе филиалының президенті болып табылатын облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың оң көзбен қарауының арқасы деп түсіндірді. Әсіресе, Ақтөбе жерінде тұңғыш рет кең көлемде болатын көкпар сайысы жерлестерімізді қатты қызықтыратыны анық. Еліміз бойынша ұлттық спорт түрлері жүйелі дамып келеді. Бұл жерде ақтөбеліктер арасында кең тарай бастағанына қуанамыз. Атап айтқанда, 2009 жылы ақпанда жас саятшылар арасындағы «Бүркітші-2009»деп аталған Қазақстан чемпионатының Ақтөбеде өтуі де ұлттық спорттың дамуына қозғау салды деп ойлаймыз. Ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуы да көп септігін тигізді. Соның нәтижесінде балалар мен жастар арасында тұшымды жетістіктерге қол жеткізген спортшылар қатары көріне бастады. Республикалық жарыстардың қай-қайсысында да ақтөбеліктер жүлдеден олжа салып жүр. Әсіресе, біздің жігіттер бәйгеден, көкпардан өздерін көрсетіп келеді.

Мәселен, көкпардан жастар арасындағы жарыста еліміз бойынша 7-орын алып, өзімізді көрсете білдік. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Себебі бәйгеден басқа ұлттық спорт түрлері біздің облыста кенже қалғаны рас.

Осы чемпионатта облыс құрама командасының негізін қаладағы №10 балалар мен жасөспірімдердің ат спорты түрлері мектебінің шәкірттері қорғайтын болады. Айтпақшы, биылғы жылы осы ат спорты түрлері мектебінің құрылғанына 5 жыл толып отыр. Алайда бұл мектептің дербес базасы жоқ болғандықтан, қиындықтардың туындайтыны белгілі.

Әзірге базаны жалдап алып отырмыз, — дейді спорт мектебінің директоры Жомарт Маймақов. — Бірақ соған қарамастан жастардың ұлттық спортқа деген құлшынысы мықты, мектепке келуге ниетті балалар саны жыл сайын артып келеді.

Қазіргі кезде мектепте ат спортының ұлттық және классикалық 2 түрі бойынша сабақ жүргізіледі. Мектепте 120-дай бала 18 атпен жаттығып, шеберліктерін шыңдауда. Бәйге, аударыспақ, қыз қуу, теңге алу секілді спорт түрлері бойынша 7 жаттықтырушы еңбек етеді. Жаттықтырушылардың еңбектері жемісін беруде. Мәселен, осы мектептің түлегі Нұрлан Додай аударыспақтан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс медальдің иегері атанды. Ал Мейрамбек Әлиев аударыспақтан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс медальға қол жеткізді. Қазір Мейрамбек осы мектепте жаттықтырушылық қызметпен айналысуда. Екеуі де Қазақстан құрама командасының мүшелері болып табылады.

Жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты халыққа қызық болары хақ.  Өйткені ақтөбеліктер мұндай спорттың бірнеше түрінен тұратын жарысты көрген емес. Айта кету керек, чемпионатпен қатар жарыстың соңғы күнінде Ақтөбе облысы бойынша биылғы ат жарысы маусымының жабылуы өтеді. Осыған орай 20 шақырымға аламан, 15 шақырымға тоқ бәйге, 7 шақырымға жорға жарыс, 5 шақырымға ұшқыр жарыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар бірінші рет тай жарысы өткізіледі. Облыс бойынша ат жарысы бәйгесінің жабылуында Ақтөбе қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынады.

Жалпы соңғы жылдары бәйге спортында ақтөбеліктердің мерейі үстем болып жүр. Біздің сәйгүліктер республика ішінде ғана емес, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделер алып жүр. Өткен жылы Марат Көшеровтің аты елімізде өткен жарыстарда оза шапты. Ресейде өткен жарыста бірінші келді. Тек Ақтөбе емес, жалпы Қазақстанның аттары шет елдерге таныла бастады. Францияда, Англияда болған жарыстарға қатысып жүр. Жақында ғана Францияда өткен үлкен жарыста Қазақстанның арғымағы 4-орын алды.

Таяуда Ресей Президентінің кубогы үшін үлкен жарыс өтеді. Бұл ТМД елдері арасындағы ең үлкен жарыс болып саналады. Сол жарысқа Қазақстанның атынан Ақтөбенің аттары қатысатын болды. Ол жарысқа тек рейтингі жоғары аттар ғана жіберіледі және әр елден бір-бір ат қана қатыстырылады. Бәйге 2400 метр қашықтықта өтеді. Қазақстанның сәйгүлігі бұған дейін алдыңғы жылы жүлдегер болған еді. Ол Алматының аты болатын. Марат Көшеровтің аты қазір Қазақстан бойынша рейтингі ең жоғары ат болып отыр.

Облыста ат спортын дамыту үшін алдымен жақсы спорт мектебі базасын жасау керек, — дейді Аманғос Дербісалин. — Егер база жақсарса, ат санын көбейтуге мүмкіндік туар еді. Соған орай спортпен айналысатын балалар мен жастар саны да артар еді. Сондай-ақ ұлттық спорттың бұқаралық дамуы үшін жұмыс істеуіміз керек. Алдымен ауылдарда дамыту қажеттігіне баса назар аударуымыз қажет. Жақында Ойылда көкпардан жарыс өтті. Бұрын Шалқарда әкім болған Жеткерген Оралмағамбетов ат спортын қолға алып еді.

Түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлде алып жүрген аттардың иелері мен атбегілерін де атап өткен жөн. Аламан бәйге, тоқ бәйге аттарын баптауда Жұмаш Ізбасаров жемісті еңбек етуде. Ж. Ізбасаровтың аты кезінде Қазақстан Президентінің кубогын жеңіп алды. Марат Көшеров, Жәнібек Әнішев, Сағымбай Байтүлік, Айдар Саудабаев, Сұлтан Мамытов деген жігіттердің аттары әр кез бабында жүреді. Ал балалар мен жасөспірімдерге дәріс беруде Абат Аймағамбетов деген жаттықтырушының еңбегі зор.

Осы чемпионатта облыс намысын қорғайтын спортшылардың негізі қалалықтар атанғанымен, бәрі де ауылдан көшіп келгендер екен. Ауылда талантты жастар көп. Бірақ ұлттық спорт түрлері әлі күнге кенже қалып отыр. Сондықтан аудан әкімдері мән беріп, спортымызды көтерсе, талай мықтылар шығатыны анық дейді мамандар.

Өз жерімізде өтіп жатқан чемпионатта ақтөбеліктер қандай деңгейден шығар екен дейміз ғой алаңдап. Әзірге көкпардан Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының спортшылары мықтылықтарын дәлелдеп келеді. Өйткені оңтүстік облыстарда ат спорты дәстүрі бұзылмаған. Бұл облыстарда қандай той болсын, қалада да, ауылда да көкпарсыз өтпейді. Сондықтан олардың шеберлігі бізден көп жоғары. Аударыспақтан Қарағанды, Қостанай, қыз қуудан Ақмола облыстары оқ бойы озық келеді екен. Бірақ «Бап шаба ма, бақ шаба ма» деген де бар ғой. Бәрін жарыстың нәтижесі көрсетеді.

Ұлттық спорт түрлері спортшыға да, атқа да байланысты. Мысалы, әр сайыстың атының мінезі әртүрлі келеді. Бір ғана көкпардың өзінде аттар екі-үш түрлі бағытта бапталады. Бірі серкені алып кетуге жаттықтырылса, бірі ала қашуға икемді, орынан жұлып кетуге, серкені орнынан жұлып алуға бейім аттар болады. Әбден жаттыққан аттар адамның қозғалысына қарап, еңкейіп алу керектігін түсініп, ыңғайлана бастайды. Ат үйрету оңай емес. Әбден үйретілген аттар саудада 10-15 мың долларға дейін баратын көрінеді. Соңғы жарыстарда көрінгендей, қазір көкпарды орнынан алып кету жағынан біздің аттар озып тұр.

Чемпионатта көкпар сайысы 80х200 метр алаңда өтеді. 20 минуттан екі бөлімнен тұрады. Екі жақта орналасқан екі қазандыққа көкпарды кім көбірек салса, сол жеңіске жетеді. Жарысқа бес-бес адамнан екі команда шығады. Бірін-бірі ала алмаған жағдайда екі команданың капитаны күш сынасады.

Сонымен бүгін ат спорты түрлерінен жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Мұндай үлкен доданың Ақтөбе жерінде өтуі жастарымызға серпіліс береді деп ойлаймыз.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button